Дат!

Тарихты малтабар кәсіпке айналдырғысы келгендер тарихтың қоқыр-соқырынан ғана орын табады

  • Тарихты малтабар кәсіпке айналдырғысы келгендер тарихтың қоқыр-соқырынан ғана орын табады

    Тарихты малтабар кәсіпке айналдырғысы келгендер тарихтың қоқыр-соқырынан ғана орын табады

Ханкелді ӘБЖАНОВ, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:


– Ханкелді аға, Қазақстанның ұлт­тық тарихын зерделеу жөніндегі ведомс­т­­воаралық жұмыс тобының кеңей­тілген отырысында сіз қазақ халқының тари­хын зерттеуге қатысты біраз мәселені ортаға салдыңыз. Оның бірі – өткен ғасырдың білімімен жүр­ген тарихшылар мәселесі. Ондай ғалымдар Ғылыми-зерттеу институ­тын­да әлі күнге дейін жүр дедіңіз. Сонда Қазақ­стан тарихын жаңаша зер­делеуге кедергі болып отырған солар ғой?

– Өкінішке қарай, әлеуметтік-кәсіби біліктілігі уақытпен бірге есеймеген ғалым­дар бар. Бұларды өз басым екі топқа жік­теймін. Бірінші топқа – ғылыммен айна­лы­суға қажетті қабілет атаулыны табиғат-ана бойына дарытпағандар, ал екінші топқа ғылыми-шығармашылық әлеуетке ие бола тұрып, оны шыңдауды, жетілдіруді, нығай­туды түрлі себептермен тоқтатқандар жатады. Ғылым – адам қызметінің ерекше түрі. Оның мәні белгісіз, беймәлім, бірақ өзекті проблеманы ашу, мүлде зерттелмеген немесе зерттелсе де, соңына дейін жеткі­зіл­меген мәселені ақыл-ой әрекеті арқылы тиянақтау болып табылады. Ғылымдағы кездейсоқ жан ешқашан жаңа идея туын­дат­пайды, жазғанынан іліп алар нәр тап­пайсыз. Бұлар да, кезінде ғылымға бейімі бар­лар да Қазақстан тарихын жаңаша жа­зу­­ға кедергі келтіріп отырғаны рас. Мұның сыртында, біріншіден, білімпаз зиялы туралы теріс қоғамдық пікірге жол бере­ді, екіншіден, нағыз қабілетті жасқа тиесілі штаттық кестедегі орынды босат­пай­ды. Қара көбейтушілер, «сіз болып, біз болып, алдық қой, әйтеуір» деушілер – осылар.

Бүгінде тарихты оқыту, зерттеу және насихаттау ісіндегі іркілістерді тек сыртқы фак­тормен ғана байланыстыруға бол­майды. Қазіргі тарихшылардың, яғни біздің, әлемдегі жаңғыру қарқынына ілесе алмай қалатынын мойындау қажет. Шыны керек, кәсіби-әлеуметтік тұрғыда кемел­деніп, жетілудің орнына осыдан 15-20 жыл бұрын­ғы білім қорымен жүрген әріптес­теріміз баршылық. Өкінішке қарай, оларды әлі күнге дейін Ғылыми-зерттеу инсти­ту­тында кез­дес­тіруге болады. Ежелгі және орта ғасырлық тілдерді білетін тарихшылар жоқтың қасы. Соған қарамастан тарихтың өзекті тақы­рып­тарына том-том зерттеу жаза­тындар пайда болды. Ұлттық тарих ғылымының абыройын асқақ­татқан Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаха­нов, Сапар Ибрагимов, Бек Сүлей­менов, Едіге Маса­нов, Мадияр Елеуов, Әбді Тұрсын­баев сынды тарихшылар үйін қонағы биле­меген еді. Жақсылық көрсек те, жамандық көрсек те, өзімізден болып тұр.

«Жұт жеті ағайынды» демекші, өткен ғасыр үдесіндегі тежеуіш ғалымдардан асып түсетін басты кедергілер мыналар: ғылым саласын реформалау тым ұзаққа созылып кетті, кадрлық, қаржылық қыс­қар­тулар талантты мамандарды бизнеске, кәсіп­кер­лікке ығысуға мәжбүрледі, ғылым­ға аға буынның қамқорлығынсыз қалған, есею мектебінен өтпеген жаңа толқын келді, ұрпа­қаралық сабақтастық, жалғастық бұзыл­ды, әлеуметтік тұрғыдан қорған­сыз­дың күнін кешкен ғалымдар кәсіби ізденіс­тен гөрі күнкөріспен көп айналысты... 2011 жылы ҚР «Ғылым туралы» Заңның қабыл­дануымен ахуал оңалайын деді. Қаржы­лан­дыру артып келеді, шетелдерге экспе­ди­­цияларға шығара бастадық, ма­­те­риал­­дық-техникалық жаб­дықтау ілге­ріледі. Әйткенмен сирек ғасыр бойы жоғалтқанымызды қалпына келтіру үшін біраз уақыт керек-ау.

– Сонда сіз айтып отырған ғалым­дар­дың өткен ғасырдың білімімен қалып қойғанына не себеп болды? Бая­ғы кеңестік заманға деген «нос­таль­гия» емес пе?

– «Тағдырдың жолы – тоқсан мың тарау» деген сөз бар емес пе. Әлеуметтік-кәсіби іркіліс пен тоқырауда әркімнің өзіндік себебі бар, әрине. Тұтастай алғанда, олардың уақытқа ілесе алмағанында субъективті фактордан гөрі объективті фактордың ықпалы басым түсіп жатыр. «Әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек?» – деген ғой ұлы Абай.

Біз жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды құруға асып-тасқаннан кіріскен жоқпыз. Тоталитарлық социализм тарихи тығы­рық­қа тірегеннен, «үлкен ағамыз» бізге қарай­ласатын мүмкіншілігінен біржолата жұрдай айырылғанынан, өзімізді-өзіміз сақтау керек болғандықтан тәуекелдің тұлпарына міндік. Сол сәттегі бар байлығымыз, қуаны­шымыз, үмітіміз азаттық еді. Азаттыққа жету қымбатқа түсті. Ал оны әркімнің және баршаның игілігіне айналдыру, бүгін әлем мойындаған қазақстандық жолды табу адам айтқысыз қиындықтармен жүзеге асқанын ұмыта қойған жоқпыз.

Жүйелік дағдарысты ауыздықтаумен арпа­лысып жүргенде ғылымды басқа­ру­дың, ұйымдастырудың, тиімділігін артты­ру­дың, адам капиталы мен факторын сақтау­дың әлемдік озық үлгісін ұстап қалуға қолы­мызды кеш сермеппіз. Тәжіри­бе, іскерлік, ресурстар, мүмкіншілік ғылы­ми әлеуетті көтеру диалектикасына, қисы­нына, заң­ды­лық­тарына сәйкес жегіл­мегенін мойын­­дауымыз керек. Мұны өтпелі кезең­дегі уыстан шығарып алған страте­гия­лық басым сала деп пайым­дай­мын. Осының бір зар­да­бы – қарымы әлжуаз, қайтарымы аз білімсіз «білім­паз­дардың» ғылымда пай­да болуы.

– Бүгінде барлығы өз халқының қаншалықты мықты болғанын жан-жақты жазып, көрсетіп жатады. Қазақ­тың да империялық тарихы бар емес пе? Біз соны неге көрсетіп жазбаймыз?

– Қазақ хандығы XV ғасырдың екінші жартысында, нақты айтсақ, 1465-1466 жылдары шаңырақ көтерді. Оған дейінгі арғы қазақтар екі империяның құрамында – бірінші рет байырғы түркілер импе­рия­сында, екінші рет Шыңғыс хан құрған импе­рияның құрамында болғаны ақиқат. Қазақ хандығы империя, яғни басқаны отарлаушы ел деңгейіне көтерілген жоқ. Бірақ ХVIII ғасырдан беріде тағы да екі империя құзы­рына қарағанымыз белгілі. Олар – патшалы Ресей империясы мен Кеңес Одағы коммунистік партиясы биле­ген империя.

Байырғы түркілер – өзіміздің қандас­та­рымыз. Сол дәуірден жеткен тастағы жазуларда бабаларымыздың өршіл рухы, елге, жерге, билік пен билеушіге құрметі, асыл армандары жібектей кестеленген, дүниенің төрт бұрышын өзіне қаратқанын төгілте сипаттаған. «Мәңгі ел» идеясы – байырғы түркілерден қалған құндылық.

Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері билеген Қазақстан жаулап алуды, соғысты аз көрмесе де, өзінің тарихи-өркениеттік негіздерінен ажырамады. Уақыт өте келе Шыңғыс ұрпақтары қазақтанып кетті. Қазақ хандығының іргесін қалағандар да, әйгілі билеушілері де – солар.

Ресей империясы мен Кеңестік импе­риядан қазаққа келген пайда, бейнелеп айтар болсақ, бір тоғыз, зияны мен зар­дабы – үйірімен үш тоғыз. Ұлттық мем­лекеттің негізі – жерді талапайға салды, тоздырды, мемлекет құраушы халық – қазақты ашар­шылықтармен, соғыстармен жоқ қылып жіберуге шақ қалды. Зиялы­ларды жойған қуғын-сүргін қоғамға үрей, қор­қы­ныш, сатқындық қана әкеліп қойған жоқ, этнос­тың өзін-өзі қорғау иммунитетін әлсіретті.

XX ғасыр басындағы көзіқарақты қазақ төл тарихын, мемлекеттілігін, әлемдік додадағы орнын іздесе, ғасыр соңына қарай ол жоқ іздемек түгіл, өзінің кім екенін біле бермейтін күйге түсті.

Қысқасы, біз қай империялық тари­хымызбен мақтана аламыз? Алғашқы екеуі иісі түркі халықтарына ортақ, соңғы екеуі көсегемізді көгертпеді. Әрі-беріден кейін империялардың бәрі дерлік ыдырап кетті ғой. Дұрысы, меніңше, өтірік мақтанбай, бекер мал шашпай, ұлттық тарихымызды боя­масыз, әсірелеусіз ақиқат биігінен жазу.

– Осы орайда өткен ғасырдың тари­хын, әсіресе тоталитарлық жүйені Тәуел­­сіздік мінберінен көрсету мәсе­ле­сі­не тоқталсаңыз... Бізге неден бастау қа­жет?

– «Құс қанатымен ұшады, құйрығымен қонады». Ал тарих ғылымының қанаты да, құйрығы да – деректер. Көне дәуірдегі Қазақстан тарихы археологиялық қазба деректер негізінде түзілуде. Орта ғасырлар мен жаңа замандағы Қазақстан тарихын зерттеудегі басты қиыншылық төл жазба деректердің тапшылығында. Сол себепті Ресей, Қытай, Иран, араб архивтеріне жүгінуге мәжбүрміз. Есесіне, кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихынан деректер ұлан-ғайыр. Бірақ тоталитарлық жүйені, Қазақстан тағдырындағы орны мен мұрасын тиянақтау қиынның қиыны болатын сияқты. Өйткені социалистік идея мен социалистік құрылыстың арасындағы алшақтық жер мен көктей. Ұлт мәселесін шешу жайлы коммунистік партияның сөзі мен ісі мүлде қабыспайды. Бәрі адам үшін деген тоталитарлық жүйе өз азаматтарына қарсы жантүршігерлік қылмыстарға барды. Пайдалы қазбаларға ең бай ел адамдарды ішсе – тамаққа, кисе киімге жарытпады. Санай берсең, қайшылықтары мен кере­ғар­лық­тарына шаш жетпейді. Капиталдың алғашқы қорлануы тұсындағы Англияда: «Адамды қой жеп жатыр. Бәріне қой кінәлі» деген екен. КСРО-да адамды, тұтас халықтарды билік жүйесі (партиялық, мемлекеттік жазалаушы т.б) таптап тастады. Жазықсыз құрбан болғандардың санын ешкім дөп басып айта алмайды. Дей тұрғанмен, қолда бар құжаттар мүлде басқаша «сөйлейді». Даладағылар да, қаладағылар да бақытты, ішкендері – алдында, ішпегендері – артында. Жүйе өзінің ізін жасыруды білген. Кеңестік Қазақстан тарихын ашу үшін алдымен кеңестік тоталитарлық жүйенің болмысын тереңінен ұғынуымыз керек деп ойлаймын.

Сосын сіз антрополог мамандардың жоқтығын алға тартып, оларды даярлау қажеттігін айттыңыз. Шынымен де, бүгінде антрополог мамандардың тапшы болуына байланысты Алтын Орданың мәдени орталығы болған Сарайшық сияқты ежелгі шаһарлар толығымен зерттелмей жатыр. Ол жерде адам қаңқалары шашылып жатыр деп естідік. Ал балалар емін-еркін ойнап, тарихи жәдігерлерді келіп-кетіп жүрген туристерге тиын-тебенге айырбастауда.

– Тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуы антрополог мамандардың бар-жоғына қатысты емес. Ол – тиісті мемлекеттік мекемелер құзырына кіретін мәселе.

– Қазақстанның жоғары оқу орын­да­рын­да антрополог мамандығы ешқашан болған емес. Кеңестер кезінде Мәскеудің септе­суі­мен мәселе шешілетін. Енді мұндай маман­дықты ашу мүмкіншілігінен де айырылып отырмыз: дәріс оқитын, машықтану сабағын жүргізетін профессор-оқытушымыз жоқ. Жастарды шетелде оқытудан басқа жол қалмады. Ондай мамандар болмаса, біз ежелгі заман кейіпкерлерінің антро­по­ло­гиялық келбетін қалай жасаймыз? Қазіргі кезде тарих саласы бойынша антро­по­лог­терді оқыту жүйесі биология немесе ме­ди­цинаның білім беру бағдар­ла­маларымен тығыз байланысты болып тұр. Бакалавр білімі бар ондай антро­полог­тер тарих факуль­теттерінің магис­тра­турасына қабыл­дан­байды. Себебі оқуға қабылдау ере­же­леріне қайшы. Соның салда­рынан тарих ғылы­мының аса маңызды саласы – Қазақ­стан­дағы антропология жойылып барады.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қаты­суымен ағымдағы жылы маусымның 5-і күні өткен алқалы жиыннан кейін іргелі жоғары оқу орындарының бірінде антро­поло­гиялық лаборатория құру қарас­ты­ры­лып жатыр. Бұған да шүкір дейміз. Үмітіміз зор.

– Сіз «Тарих» телеарнасын ашуға қатысты ұсыныс жасадыңыз. Қазір оған қатысты қандай да бір бастамалар көтеріліп жатқан жоқ па?

– Иә, ондай телеарнаны ашу қажет. Негізі, қазіргі кезде тарих білімін наси­хат­тау­ға барлық жағдай жасалған ғой. Менің­ше, жақында ашылған «Білім» мен «Мә­де­ниет» арналары үлгісінде «Тарих» теле­­арнасын да ашуға болады. Қазіргі кезде ондай арналар ТМД мемлекеттерінде де бар. Ол арқылы тарих ғылымы саласындағы иннова­ция­лар­ды, ғалымдардың зерт­теу жұмыс­тарын жан-жақты көрсетіп жатыр.

Енді «Тарих» телеарнасы жуық арада ашыла қоймас. Дегенмен қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары, оның ішінде телеарналар да ұлттық тарихты наси­хат­тауға, ұлықтауға кәдімгідей бет бұрғанын көріп отырмыз. Алғашқы қадам ретінде беделді телеарналардың бірінен арнайы «Тарих» бағдарламасын ұйымдастырған дұрыс шығар. Даңғыл жолға түсіп алған соң, оны өз алдына отау қылып шығару қиынға түспейді ғой.



Алашқа айтар датым...

Тарих – ұлт байлығы. Ұлтқа тиесілі мұнайдан, көмір-темірден айырмашылығы – ол жекешелендіруге, билік пен байлыққа жығып беруге көнбейді, міндетсінбейді. Бірақ біз оны құрметтеуіміз керек. Өйткені ол – ұлттың рухын асқақтатып, ғұмырын ұзартатын құдіреттің өзі. Демек, тарихқа қызмет ету – елге, жерге, Отанға қызмет етудің бір парасы. «Қойшы көп болса, қой арам өледі». Азаттық пен шығар­машылық еркіндік кейбір тарихшылардың басын айналдырып жібергені сондай, олар тарихқа қорасындағы қойды түстегендей көз жүгіртуді, түйе үстінен қарауды дағдыға айналдырған тәрізді. Мұндай парықсыздық пен жүгенсіздік әкелген арзан атақ түбінде өкінтеді. Тарихты ешкім алдап кеткен емес. Ал оны малтабар кәсіпке айналдырғысы келген қойшы-тарихшы тарихтың қоқыр-соқырынан ғана орын табады. Егер таба алса...





Көрілген: 2636    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 31.07.2013, 09:32

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31