Дат!

Тілі қазақ, ділі қазақ суретшілердің жанын жақсы түсінетін өнертанушылардың кемдігінен біз мешеу халдеміз

  • Тілі қазақ, ділі қазақ суретшілердің жанын жақсы түсінетін өнертанушылардың кемдігінен біз мешеу халдеміз

    Тілі қазақ, ділі қазақ суретшілердің жанын жақсы түсінетін өнертанушылардың кемдігінен біз мешеу халдеміз

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, кескіндемеші, график, публицист, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:


– Аға, қазақ сізді кешегі Әбілхан Қас­теев, Орал Таңсықбаев, қала берді, Ағым­салы Дүзелханов сынды қазақ­тың қылқаламын жанына серік еткен тең­дессіз суретшілерінің жалғасы ретін­де көреді, сіздің сәйгүлік атты ар­қау еткен туындыларыңыз біраз жұрт­ты қал-қадерінше ойға қалдырғаны сөз­сіз. Әйтсе де сіз жай суретші емес, «Мә­дениетті қолдау жылы» (2000) ав­торы­сыз, сондай-ақ «Жеңіс Кәкенұлы» атты альбом-жинағыңыз шықты, ал соң­ғы шыққан «Ақ зер» атты еңбегіңіз қазақ, қазақ қана емес-ау, әлем сурет өнерінің сығып алған шырынындай дүние болды десек қателеспейміз. Аға, олай болса, алыстан сермемей, бірден ХХІ ғасырдағы сурет пен суретшілер жайына көшсек, әлемдік бейнелеу өнері қазақ картиналарын тани ма, мо­йындай ма, жалпы, біз сурет әлемі­нің санатында бармыз ба өзі?

– Қазақтың бейнелеу әлемі «социа­лист­ік реализмнің» томаға-тұйық қалпы­нан аяқ-қолы босап шығысымен көп ұза­май мың түрлі, құлпырма бояуға қанығып үлгер­ді. Құмырсқаның илеуіндей быжы­на­ған, өзгелер тұрмақ, суретшінің өзі адасып қал­атын қызықты, қияметті қан базар. Не жоқ дейсің ХХІ ғасырдың палитрасында? Кім­дер жоқ дейсіз онда? Кемеңгерлер де жүр, кемістер де… «Өнер – халықтыкі» деген ұстанымда жүргендер де, «жоқ, өнер – өнер үшін» деп өрекпігендер де иін тіреседі. Академиялық қатаң стильді сақ­тап қалғандар да, Кандинский мен Шагал­дың өзі тіріліп келсе де, бас шайқап кететін аван­гард өкілдері де баршылық. Натюр­морт­тан тартып, автомобильдің жарамсыз дөң­гелектерінен инсталляция жасағандар, болмаса пейзаждан бастап консерві қал­бырынан перформенс істегендерге дейін­гі­­лер де бір шоғыр. «Қазақ қашанғы сурет әліп­песін натюрморттан бастай беруі ке­рек» деп кейіп, қазақтың бейнелеу әлеміне «Баб­нама», ғарыштық сана-сезім ілімін ұста­ным еткендер де бар. Суретшілер жи­на­лып арт-симпозиумға шықса, тап бая­ғы­ша табиғат көріністерін тәптіштей жазып, ақ тер, көк тер болып жатса, екінші біреулер керісінше түк бітірмей, әбден көрме басталарда кенебіне бір-екі тастың нобайын түсіріп, «тап-таза су» деп жазып қоятын болды. Ол аздай, әлгі картина ұял­май жүлделі орын алатын дәрежеге жеттік қой. Әу бастағы «жақсылап салып, жазып үй­рену керек» деген аксиомадан айны­мауы­мыз керек еді, бірақ әр заманның жазылмаған заңы бар екен. Бір кезде ең көп оқитын ел едік, ендігіде балалар кітап­қа қарамайды да. Сол сияқты бір кездері май­лы бояу әдістерін 10-20 жыл тәптіштеп үй­ренетін адам баласы бұл күн­дері «еңбек­те­мей», «қаз тұрмай», «тәй-тәй баспай-ақ» «жүгіріп» кетуге құмар. Ци БАй Ши дей­тін суретші айтыпты: «Қырыққа келген­де ғана суретті түсіне бастадым, енді бір 30-40 жыл сурет салсам, тәуір суретші болуым кәдік. Ал 100 жасасам ғана нағыз суретші болар едім» деп. Суретке, жалпы, кез келген өнерге құлақкесті құл болу керек.

– Қысқаша айтқанда, қазіргі бей­не­леу өнерінің өз «картинасы» осындай ғой? Ал енді арт-бизнес дегенді қалай түсінуімізге болады? Ән мен жырды шоу-бизнеске айналдырған заманда, бейнелеу өнерінің қан базары арт-бизнес жағымды сипатқа ие ме? Жа­л­пы, бизнес деген сауда десек, сау­да­ның опасыз да жағы бар ғой, содан түбі адамзат опық жемей ме?

– Таяу жылдары батыстың аса дақ­пыртты «Саатчи» атты сурет галереясы өртке оранды. Қызыл жалынның көмейін­де жүздеген сотық жерді алып жатқан, үлкен аңғардың ішінде сақтаулы мыңдаған картина кеткен деседі. Ал сол Чарльз Саатчи дейтін кім еді? Ол – Ирактағы соғыс­тан қашып, Англияға табан тіреген, майлы бояу иісі мұрнына бармаса да, бейнелеу әлемін ақшаның сауын сиырына «әдемі» айналдыра білген кәсіпкер. Өңкей атышулы, «жауыз» картиналарды сатып алып, қайыра сатумен аты шыққан оның жинағында көптеген баланы қинап өлтіріп, етін жеген каннибалдың үлкен портреті бо­лыпты. Әлгінің келбетін жүздеген сәбидің алақандарының табымен, бедерімен сал­дырған дейді әлгі сұм. Сыртта әлгі жазық­сыз шетінеген балалардың аналары ереуіл­детіп, «Саатчиге» қарсылық акция­сын жасап жатса да, көрмеге қызық көріп сабылушыларда есеп болмаған деседі.

Осы күндері аукционға түсетін карти­налардың нарқы да, бағасы да біз үшін түсінік­сіз. Дұрыстап қарындаш ұстай да алмай­тын­дардың шығармасы бұрынғы өткен май­талмандардан әлдеқайда қымбат болуы қалыпты жағдайға айналып бара­ды.

– Ақындарды мүшәйра, әншілерді той асырап жатыр, ал суретшілерді ше? Олар қалай күнелтіп жүр бүгінде, әл­де мемлекет тарапынан қандай да бір көмек бар ма?

– Оныңыз рас, мемлекет тарапынан бізге бөлінетін ақша теңіздің тамшысындай ғана. Біраз уақыт бұрын суретшілердің съезін­де болып келдім, сонда былтыр Сурет­шілер одағына бар-жоғы 7 миллион теңге ғана бөлініпті, 7 миллион деген не? Түкке тұрмайтын қаржы ғой, елімізде 1000-ға жуық Суретшілер одағының мү­ше­лері бар, соның әрқайсысында жетпей жат­қан проблемалар шаш етектен. Қай жыртығына жамау болады солардың? Біз бір жылы худграфты 50 түлек бітірсек, қа­зір соның ішінде қылқаламды ұстап қалға­ны мен ғана шығармын. Қалғандары түгел дер­лік суретшілікпен бала-шағасын асы­рай алмағандықтан басқа салаға кетіп қал­ды. Таяуда теледидарда миграция туралы бір хабар жүріп жатыр екен, сонда полиция майоры сөйлеп тұр, таныс адам көзіме оттай басылды. Сөйтсем, өзіміздің группа­ның старостасы. «Мәссаған, кезінде майлы бояудың шебері боламын деген жігіттер қайда кетіп қалған?» деп ішім удай ашып кетті. Мына уақыт, заман деген адамды диірмен секілді уатып, шашып жібереді екен ғой... Ал суретшілікті тастамағандар өз етінің тірілігінен және бақуатты таныс­тары бар, яғни солар арқылы картинаны сатып не болмаса «Аруарт», «Өнер», «Құ­лан­шыға» барып, келісіп, әйтеуір солар берген тиын-тебенмен өлместің күнін кешіп жатыр. Қалай болғанда да қылқала­мын тастап кетпеген менің әріптестеріме мың тағзым! Біз экономикамыз мықты деп мақтанамыз, бірақ жақында ғана бір суретші жігіт Өзбекстанға барып, сонда бізден әлдеқайда «нашар тұрады» деген өзбектердің суретшілерге жасап қойған жағдайын көріп, таңғалып келді: Ташкент­тің ортасынан зәулім галерея ашып беріпті, әрине, содан кейін олардың суретшілері ешкім­ге алақан жаймайды.

– Әлемдік бейнелеу өнері өкілдері­нің әрқайсысының өзіндік өрнек, өзін­дік стиль, бет-бейнесі бар, сондай-ақ мәңгілік тақырыбы да болады. Ал сіз өзіңіз қай картинаңызды місе тұтасыз? Суретшілер жүз картина салса, соның бәрін алдымен өзі мойындай бермей­тінге ұқсайды ғой?

– Тұлпар. Себебі қай заманда да қазақ­т­ың серігі қой не сиыр емес, жылқы болған. Жауға шапса да, тойға барса да, қыз көруге барса да қазақ тұлпар мініп барып, бәйгеге тұлпар мініп шауып, жылқының еті мен қымы­зын ішіп, сақылдаған сары аязда қыз-қыз қайнап, малын бағып, тіршілік еткен. Ал өз туындыларымның ішіндегі кө­ңі­ліме аса бір қатты ұнайтын біріне тоқтал­сақ, ол – «Шәкәрімді жоқтау» деген картинам. Бұл суреттің сұлбасы Астанаға алғаш келген 2003 жылы басыма келді. 1932-37 жылдар аралығында 7 миллион қазақ болсақ, соның 4 миллионы аштан қырылыпты, әрине, салыстырмалы түрде айтамын. Қазақтың бастан өткерген нәу­бет­терін тізе келгенде, тіпті сонау жоң­ғармен шайқасқан сұрапыл кездердің өзі­нен асып түскен қасірет осы аштық болған. Бірінің баласын бірі жеуге барған соң, одан асқан қасірет, одан асқан тамұқ болуы мүмкін бе? Большевиктердің қолымен жасалған бұл сұрапылды біз геноцид деп өз атымен атауымыз керек. Міне, менің «Шәкәрімді жоқтау» дегенде айтқым келген, көрсеткім келген сұмдық осы еді: бір жағына қарай ауып кеткен ер-тоқымы бауырында тұрған ақ боз ат кейпінде бердім. Құйын ба, дауыл ма, әйтеуір аспаннан бір бәлекет, бір обыр төніп келеді... Жалпы, қиямет жылдарға арналған картина еді.

– Осы қай заманда, қай дәуірде өмір сүрсе де, суретшілер жанының, тағ­­дырларының бір-бірімен ұқсасты­ғы бола ма? Сіз, мысалы, өзіңізді әлем­дік қас суретшілердің қайсысына ұқ­сатар едіңіз?

– Суретшілерді ортақтастыратын бір нәрсе болса, мен айтар едім: ол еңбек­қорлығы деп. Таңды таңға ұрып, үй бетін көрмей кезіп, тіпті сау басын тауға да, тас­қа да ұрып, қалыпты адам өмірі бармайтын құрбандықтарға да барып жататын қияли халық – осы суретшілер. Алла Пугачева орын­дайтын «Миллион алқызыл раушан» әнін­де бір қас сұлуға деген сезімі жолында тіпті үй-жай, дүние-мүлікті миллион гүлге алмастырған да бір бейшара суретші емес пе еді?.. Мен оны дұрыс не бұрыс деп қара­лап, не жақтап жатқаным жоқ, тек сурет­ші болмысын айтамын. Бірақ барлық сурет­шілер бір деген шаблондық көзқарас­пен қарау да қателік. Себебі таным мен түйсік, менталитет, болмыс – бәрі адамның тегі, қаны мен ұлтына, иманына, өмір сүру салтына байланысты қалыптасады. Осы жағынан қазақ суретшілерінің батыс суретшілерімен, жалпы, қазақтың батыс жұртымен ешқашан қабысқан емес, қабыспақ та емес. Өйткені Еуропаның әлем туралы түсінігі, танымы бір бөлек те, қазақтардыкі бір басқа.

 – Бейнелеу өнерінде өзіңіз үлгі тұта­тын бір суретші бар ма, айталық, Пабло Пикассо, болмаса Леонардо да Винчи, мүмкін, біз білмейтін басқа бір сурет­ші?..

– Қылқаламының шеберлігіне тәнті болып, таңғалғаннан картинасының ал­дын­да сағаттап тапжылмай тұруға болатын майталман маэстролар бар, бірақ олардың бірде-біреуі менің кумирім емес. Бірақ менің бұл сөзімді «өзім ғана мықтымын, өзгенің бәрі бір тиын» деген тәкаппарлық деп ойлап қалмаңыздар, себебі менің ғұмыр бойы сурет салсам да, небір ғажап картиналарыммен елді тамсандырсам да, ешқашан жете алмайтынымды мойындай­тын бір ұлы суретшім болса, ол – Жаратушы Иеміз. Қыстың бір күні есімде, шыңылтыр аяз еді. Балконнан бір нәрсе алайын деп есікті ашып қалғаным сол – таңғажайыпты­ғы­на тіл жетпейтін сурет көз алдымда тұра қал­масы бар ма?!. Таң атып келе жатқан әдемі кез. Терезенің бетін басқан қырауға аяз­дың суретін салған Жаратқанның ше­бер­лігін тек көрсоқыр ғана көрмейтін шы­ғар. Ал мен болсам жүз жерден суретші болсам да, терезедегі әлгі ғажап суреттің бір шаршы сантиметрін сала алмайтыным­ды мойындадым. Құдай тағаладай шебер жоқ. Біз, жалпы, галактиканың бір шеті ғана Темірқазық екенін білеміз, ал қалған шеті қайда, о шеті мен бұ шетінің диаметрі қанша, бізге беймәлім.

 – Қазақ қашанғы өз сурет әліппесін натюрморттан бастай беруі керек? Қазақтың бейнелеу өнері үшін тың, то­сын әдіс ойлап табатын уақыт жетті ме, қалай?

– Сурет салудан әлдеқайда кеш туған кино саласы тап қазір космоста жүр. Көрермен назарына осы күнге дейін небір шедевр-жауһарларды берді. Техникалық үстемдік арқылы адамның миына кіріп болмайтын небір мүмкіндікті игерді. Ал біз, суретшілер, әлі Леонардо да Винчи ұста­ған палитрамен жұмыс істейміз. Пуш­кин айтады екен: «Ғасыр өздігінен алға жыл­жиды делік, ғалымдар, физика, меди­цина мен философия мен азаматшыл­дық жетіле және өзгере береді делік, ал поэзия болса, бір орнында қала береді, ескірмек емес, өзгермек те емес. Мақсаты – сол бая­ғы. Ендеше, ежелгі астрономия, физи­ка, ме­дицина мен философия өкілдерінің па­­йым­дары, еңбектері, ашқан жаңалық­та­ры көнеріп, күн сайын дерлік жаңғырып жата­ды. Тек нағыз ақындардың шығарма­шы­лы­ғы сол баяғы соны, мәңгі жас күйінде сақ­талып қалуда. Жарықтық, поэзияны ғана емес, тура біздің бейнелеу өнерін де айтып отыр дерсіз. Біз суретшілер де сонау түрлі-түсті бояуды палитраға құйып, ке­неп­ке міндетті түрде натюрморт салып бас­тайтын үрдістен екі елі ажыраған жоқпыз.

– Қазақ, жалпы, бейнелеу өнерінің байыбына барып түсіне алатын дәре­жеге жетті ме, яғни әлемдік суретшілер болсын, жалпы картиналарда берілген астарлы ойды ұға аламыз ба? Көпке топырақ шашқандай көрінетін де шы­ғар, бірақ, шыны керек, осы саладан сауа­тымыз аздау секілді көрінеді ма­ған, ал суретші, мына сізге ше?

– Өкінішке қарай, сіздің сөзіңізге қосылуға мәжбүрмін. Өйткені бейнелеу өнерінің өзі емес, еуропаша бейнелеу әдісі, яғни кенепке майлы бояумен ғажап көрі­ністер салу бізге небары өткен ғасыр­дың орта тұсында ғана дендеп ене бастады. Олай болса, бір ғасырға жетер-жетпес кезде халқымыз тұтас бұл өнерге кірігіп, соны түсініп кете қоймаса, ол заңды да шығар. Мүмкін, жатсынамыз ба... Біз қазақ өзі «өнер алды – қызыл тіл» деп, айтыс, жыршылықты өнердің төресі санаймыз, қандай дауды болсын, қызыл тілмен қылыштай кесіп, тіпті сол арқылы үлкен соғыстан елді аман алып қалып отырған халықпыз. Сондықтан үнсіздікті серік еткен бейнелеу өнерін өзімсіне қоймады, кірігіп кетпеді деп ренжитін жөніміз жоқ. Картинаны жақсы түсініп, құнын білетін орта бар, тек өз суретшілерімізді дәріптей­тін галереяларды көбейтіп, сол арқылы сурет өнеріне өз орнын тауып беру жағын көбірек ескерсек, жақсы болар еді. Осы тұста бізде «мына картина арқылы суретші осындай ой айтқысы келген» дейтін нәті қазақ, тілі қазақ, суретшілердің жанын жақсы түсінетін өнертанушылардың кем­дігі­нен біз мешеу халде отырмыз. Арыға бармай-ақ, өз ішімізде ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген байшыкештер жетерлік. Солармен жақсы араласатын бір өнертанушы болса ғой, шіркін, ол жай ғана бір отырыс не салтанатты кештерде әлгі адамдарға қазақтың суретшілерін, небір ғажап картиналарын айтып жеткізсе, әлдеқашан біз өрге шығып кеткен болар едік. Мысалы, Мамонтов, Третьяковтар өздері суретші емес, көпес кісілер болға­нымен, жандарында жақсы суретшілер жүргендіктен, Ресейдің ең керемет сурет­шілеріне тапсырыс беріп, болмаса солар­дың ең жақсы деген картиналарын сатып алу арқылы өздерінің галереясын ашып, тарихта олардың аты қалды. Міне, өнерді түсіну, өнерді қолдау, нағыз мәдениеттілік деп осыны айтыңыз, ал ол – өреден шыға­тын құбылыс. Ал біздің бүгінгі байшы­кеш­тер не істеп жүр, тойларында тікұшақпен қазақ­тың үстінен ақша шашып, соған жа­ры­са жүгірген өз халқын мазақ етіп, мәз болып жүр. Солар Алматы не Астанадан галереялар ашып берсе ғой, біз қалай қуанар едік, жалпы, халықты қандай мәдениет биігіне ұмтылдырар еді. Жә, галерея ашпай-ақ, жай өздері қазақ суретшілерінің жақсы суреттерін сатып алып отырсыншы, олардың төңірегіндегі жандардың да соған қызығушылықтары оянып, сурет өнеріне деген құрмет туар еді. Ал жағдай керісінше болғандығының кесірінен небір ғажап суреттер шаң басып, жоғалып кетіп жүр, ал суретшілер құсалық кешіп, қылқаламын тастап кетіп жүр. Қасірет пе, әрине, белгілі бір дәрежеде.

– Қазақтың бейнелеу өнері сөз өнерін­ен кейін тұрады деп қалдыңыз, ал сөз өнері дегенде Алаш баласы алды­мен Абайды ауызға алады. Қалай ойлай­сыз, егер Абай ақын емес, сурет­ші болғанда бейнелеу өнерінің жағ­дайы басқа болар ма еді, яғни қазақ сурет өнерінің Абайы жетпей жүрген шығар?

– Мәселе Абайда емес, себебі қазақ­тың сөз өнері о бастан мықты, Шалкиіз немесе басқа да жыраулардың кезінде-ақ тіл өз үстемдігін құрып, поэзия өз шыңына шығып қойған. Ал Абай тек реформатор. Сонысымен қазақты шыңға шығарып жіберді. Бізде бейнелеу өнері жоқтан бар бола салған жоқ, яғни түп-тамырына үңіл­сек, сонау далада үнсіз мүлгіген балбал­тастар мүсін емей немене? Немесе таңбалы тастар, одан бергіде құрақ көрпе, қалы кілемдегі небір ою-өрнектер – сурет, сурет бол­ғанда да, қазақтың ойды, сөзді таңба­мен кодтауы дерлік бір тылсым құдірет. Біз тек еуропалық бейнелеу әдісін қабылда­дық тағы, өзіміздің оған дейінгі ұлттық кодымыз жасырылған сурет өнеріміздің тілін ұмытып қалдық. Тағы да большевизм­нің кесірінен. Мысалы, ғарыш кемесінен ашық кеңістікке шығатын ғарышкерлердің арасында бір түтікше болады ғой? Сол сияқты ата-бабамыз бен бүгінгі ұрпақты жалғап тұрар «түтікше» әлгі ою-өрнектегі ұлттық код болса, біз жазатайым сол «түтік­ше» қиылып,  ашық кеңістікте адасып қалған ғарышкерлер секілдіміз. Өз тілімізді, өз өнерімізді менсінбеуіміздің сырын мен сол тамырымыздан қиылып қалғандығымыздан деп түсінемін. Бұл да сол кешегі большевизмнің «сендерде түк жоқ еді, біз адам қылдық» деу үшін, соған дейінгі қазақтың жазуын, әдебиетін, салт-дәстүр, ғасырлар бойғы ел басқару жүйесі, экономикалық қатынастарын жойып жіберуінің салдарынан. Тіпті қазақтың бүгінде өз ұлтына теріс айналып, менсін­бей­тін дәрежеге жеткені сол саясат. Ұлттың өзі іштей сұрыпталды, нағыз ұлтым деп шырылдаушылар сол жолда кетті де, орыстың саясында болса да күн көрем дейтіндер орысша сөйлеп, ұрпағын орыс мектебіне беріп, міне, әлі күнге біздің қа­зақ болуымызға мұрша бермей келе жат­қан сол ұрпақтың ұрпақтары. Қазақы музы­ка, қазақы өнерге тежеу болып, тіпті ке­дерг­і келтіруге тырасатыны жасырын емес, орыс не Еуропаны ұлықтау арқылы. Ал ғайыптан тайып солар бір ғана сәтке өз ұлтының жанын, өнерінің мәнін, мағына­сын түсінсе ғой, шіркін, қазақтың жайы керемет болып кетер еді.



Алашқа айтар датым...

– Еуропа бізден әлдеқайда бұрын қылқаламды үйреніп, ендігіде жиреніп, ойнап жүріп сурет салатын дәржеге жеткен, біз оны мойындауымыз керек. Тағы да қазақтан асқан дана жоқ: «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран» дейді. Сол айтқандай, олар басында ізденді, өлермендіктерге барды небір, ғасырлар бойы небір керемет тудырып, ендігідей кеңірдектеріне жетіп, ықылық ататын дәрежеге жетті. Тойған соң не істейді адам? Адам азады. Тойған ит тіпті тамағымен ойнайды да, шашып-төгіп, батыстықтардың бояуды шашып жіберіп, «шедевр» шығаруы сол «тойған иттің» ісі секілді нәрсе. Бірақ ол жарасады оларға, ал біздің әлі жетпей жатып, оларға еліктейтін еш жөніміз жоқ. Біздің де келуіміз мүмкін сол дәрежеге. Еліктегіш қазақ егер бір кіріссе түпнұсқадан асып түсетініне талай көз жеткізетін кезіміз болды ғой, мәселен, тіл меңгеруде. Ендеше, ертең-ақ «шимайдың» көкесін көрсететініне мен сенемін, бірақ ол дұрыс даму сатысымен жүруі шарт, әйтпесе адасамыз.



Оқшау ой

Бірде мен таң қараңғысынан көшеге шықтым. Тағы да қыс. Мен жұмысқа асығып барамын, алдымда бір балықшы кетіп барады, қармағын асынып. Неге екен, тырқ етіп күлдім әлгіге. Ойымда «байғұс, осыныкі не өмір, қазір барады да, көл бетінде қатып жатқан тоңды тесіп, күні бойы сол тесіктің түбіндегі қармақты аңдумен отырады. Не ұтады?» деген сауал тұрған. Бірақ артынан мен өзіме күлдім. Себебі балықшы да болса, оның күні менен жақсы екен, себебі ол ашық аспан астында, өз ойымен өзі, ғаламның кеңістігін бар жан-тәнімен сезініп отырады. Әрі балық аулап олжа табады. Мен ше, мен күні бойы бояу сасыған бөлмеде, өзге түгіл өзім білмейтін бір бейнені келтіре алмай қара терге түсемін. Кімнің күні артық, ендеше? Әрине, балықшының. Осыны ойлауым мұң екен, өз халіме өзім күліп, соңы күрсініске ұласты.





Көрілген: 2889    Пікірлер: 0

сенбі, 16.11.2013, 11:55

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31