Дат!

Ұлт мәселесіне келгенде уақыттан ұтылуға болмайды

  • Ұлт мәселесіне келгенде уақыттан ұтылуға болмайды

    Ұлт мәселесіне келгенде уақыттан ұтылуға болмайды

Алдан СМАЙЫЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы:


– Алдан Зейноллаұлы, Тәуелсіз­ді­гі­міздің тағы бір жылы тарихқа еніп барады. Сіздің ойы­ңызша, қазақ үшін бұл жыл несімен ерекшеленеді?

– Негізі, биылғы жылдың маңызды деген оқи­ғалары бірнеше салада болды. Саяси салада «Нұр Отан» партиясының жаңа доктринасы қабылданғанын арнайы атап өтуге болады. «Неге?», – десеңіз, бұдан бұрын қабылданған док­трина 90-жылдан бергі он жылды қам­тыды. Одан бері заман өзгерді. Қазақ­стан ғаламның көптеген держа­валық мемле­кет­термен әрі саяси, әрі экономикалық, әрі рухани байла­ныс­тарды күшейтіп, жер-жаһанның белді халық­аралық ұйымдарына мүше болды. Мүше болып қана қоймай, идея беретін, серпін туғызатын деңгейге көтерілді. Бұдан бөлек, өзіміздің ішкі руха­ни әле­міміз де біршама көркейді. Еліміз индус­триал­дық-инновациялық даму жолына түсті. Біз бұрынғы «шикізат беруші мем­лекет» деген айдардан арыла бастадық. Осыған бай­ла­нысты саяси-эконо­ми­калық ұстаным­дар да өзгереді. Міне, содан «Нұр Отан» партиясының жаңа доктри­насын қабылдау қажеттілігі туын­да­ды. Онда ана тілімізге, ұлттық мәде­ниет пен өне­рі­мізге арнайы мән беріліп, Тәуел­сіздік хал­қымыздың басты құнды­лығы ретінде белгіленді.

- Ал сол доктрина сөз жүзінде емес, іс жүзінде қалай атқарылады? Халыққа осы мәселе түсініксіздеу болып тұр...

– «Нұр Отан» партиясы доктринада бел­гі­лен­ген мұрат-мақсаттарды іс жүзін­де де қолға алып жатыр. Мәселен, ұлттық өнерімізге келсек, көптен бері көрінбей кеткен айтысымыз сахнаға шықты. Таяу уақыттың ішінде екі рет респуб­­ли­калық айтыс өткізілді. Бұдан басқа, құсбегілік өнерін дамыту жұмы­сына да атсалыса бастады. Астанада өткен бүркітшілердің халықаралық фестивалі соның айқын дәлелі. Ұлттық спорттың қазақша күрес, көкпар секілді дәстүрлі сала­ла­рын жаңғырту мақсатына мемлекет тарапынан және саяси партия­ның тарапынан нақты көңіл бөлі­нуі оларды бүкілхалықтық ауқымда дамы­туға мүмкіндік береді.

- Бұдан басқа, қай салаларды атап өтер едіңіз?

– Енді бұл саяси саланың негізгі оқиғасы десек, экономикада, әрине, индус­триалдық-инновациялық бағдар­ла­маның қарқын алуын атап өтер едім. Шыны керек, осы бағдарлама арқылы біз бірте-бірте шикізат беруші елден дайын өнім шығаратын мемлекетке айналып келеміз. Бүгінде импортпен бірге Қазақстанның экпорты да ұлғайды. 2012 жылы экспорт көлемі 92,3 млрд АҚШ долларын құраса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш арта түсетіні белгілі болып отыр. Қаңтар-қыркүйек айла­рын­да өңдеуші өнеркәсіп өнімінің көлемі 4282 млрд теңгеге жетті. Ендігі кезекте дайын өнімнің түрлерін көбейтіп, «Қазақ­станда жасалған» деген тауар­лар­дың беделін барынша көтеру керек. Айта­лық, біз «Қытайда жасалған» деген жазуды көр­сек, ол тауарды қоя тұрамыз ғой. Ал Еуропа немесе АҚШ-тың өнімі болса, бағасына қара­май, ала береміз. Себебі оның сапасы жоғары. Сол сияқты Қазақстан да сапалы өнім шыға­ра­тын мемлекетке айналуы қажет.

– Дегенмен Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Президенттің өзі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын сынға алып, біраз жоба­лар­дың шикілігін ашып берген жоқ па?

– Иә, бағдарлама аясында олқылық­тар­дың болғаны рас. Президент сынады, бұқаралық ақпарат құралдарында сол кемшіліктер талқы­лан­ды. Алайда мұның барлығын индус­триал­дық-иннова­ция­лық бағдарламаға жауапты мамандар мен атқарушы органдардың шала­ғай­лығы дей салуға болмайды. Себебі бүгінде ашылып жатқан кәсіп­орын­дардың біразы шетел­дік техника мен тех­нологияларға тәуелді. Мәселен, Қара­­ғандыда ұшақтың ықшам түрі құрас­тырылады. Оған шетелден қажетті өнім келмей қалса, кәсіпорынның жұмы­сы да тығы­рыққа тіреледі. Бұл бірінші себеп деп ойлаймын. Екіншіден, жаңа технологияны отандық маман­дар толық­қан­ды игеруі үшін белгілі уақыт қажет. Біз озық техниканы тұтастай меңгеруге тиіспіз. Оның әрбір бөлшегін көзімізді жұмып тұрып жасайтын деңгейге жетсек, байқалған біраз түйін­дер тарқатылады. Сондықтан біздің алды­мызда тұрған ендігі бір міндет – әлемдік техни­ка­ның құлағында ойнайтын кәсіби маман­дар­ды даярлау. Президент сынынан кейінгі сұхбат­тарды тыңдасаңыз, осы екі мәселеге баса назар аударылады. «Көш жүре түзеледі», - дейді ғой. Қазақстанның индустриалдық-иннова­ция­лық бағдар­ла­масы да өзінің даңғыл жолына тез арада шығады деп ойлаймын.

- Ал енді өзіңіз жанашыр болып жүрген рухани салада биыл болған қай жетіс­тік­терге тоқталасыз?

– Бұл ретте, елордадағы Астана-Опера театрын­да әлемдік классик Джузеп­пе Вердидің «Атилла» опера­сы­ның алғаш рет сахнаға шыға­рылуын ерекше мәдени оқиға дер едім. Себебі ғаламдық тұрғыда ол опералық шығар­ма­лар­дың шыңы болып саналады. Аталған туынды сонау өткен ғасырлардан бері қарай әлемнің бар­лық елдерінде қойылып келеді. Қазақ хал­қы­ның көне кезеңіне тікелей қатысты осы операны біздің ескермей келгеніміз ойлан­ды­ратын. Мен осы мәселені екі рет көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал да жолдадым. Мәдениет министрлігіне де жаздық. Өйткені бұл – біздің тарихымыз. Жай ғана тарих емес, дүниежүзі санасқан тарих. Атилла – біздің барша әлем мойын­даған әскери-саяси тұл­ға­мыз. Джузеппе Верди сияқты танымал ком­по­зитор «Атилланы» жазғанда, оның Ұлы Дала мен Еуропадағы ерліктерін ескер­ген ғой. Сол ерліктің өшпейтінін де сез­ген. Сондай ғажайып туын­ды зарық­ты­рып жүріп өз төрімізде шал­қыды. Бұл – зор қуаныш.

- Бәрінен бұрын балаларды зиян­ды ақпараттан қорғау туралы заң­ның маңызы зор деп білеміз. Онсыз болашаққа бағдар жасау да қиын. Себебі дәл қазір жас ұр­пақтың руха­ни жағынан дамуына жағ­дай жасамасақ, ертең оның эконо­ми­калық өсуі де екіталай...

– Бізде депутаттар бастамашы болған заң жобалары бар. Оларды халық қалаулылары өздері жазып ұсынады. Біреулер бұрыннан бар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жатса, кейбір заңдар бастан-аяқ жаңадан жазы­ла­ды. Негізі, Қазақ Парламентінің тарихында депутаттар қазақ тілінде жазған екі заң бар. Оның біреуі – оралмандарға қатысты көш-қон туралы заң болса, екіншісі – балалардың ден­саулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заң жобасы. Аталған жобаны өзім бар, сосын Гүлнәр Сейт­ма­ғам­бетова, Гүлмира Исенбаева сынды Пар­ла­менттің әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің депу­таттары бастамашы болып, жазып шықтық. Ол бірінші оқы­лымда мақұлданды. Мен осы заң жобасын да рухани саладағы елеулі оқиға дер едім. Өйткені мұндай заңға деген қажеттілік күн сайын артып келеді. Өзіңізге белгілі, бүгінде балалардың арасында неше түрлі жағымсыз іс-әре­кеттер пайда болды. Соның бірі – суицид, яғни өз-өзіне қол салу. Ол жағынан Қазақстан ТМД елдері ішінде алдыңғы орында тұр. Кәмелетке толмай, бала көтеріп жүргендердің де саны көбейіп жатыр. Жастар қатыгез болып барады. Мектепте бір-бірін пышақтап кету, ұрып-соғу оқиғалары қыз бала­лар­дың ара­сында да жиі орын ала бастады. Ата-анасын сыйламау, әскер­ден жалтару және тағысын тағы. Оның сыртында дәстүрлі емес сексуалдық бағдар, ел арасын­дағы тілмен айтсақ, «көгілдірлер» деген бәле шықты. «Соның барлығына қалай тосқауыл қоямыз?» деген мәселе бәрімізді толған­ды­ра­тыны рас. Осыған байланысты тиісті заң жобасы жазылды. Жобаға біз Қазақстан заңнамасының тәжірибесінде алғаш рет «балаларға арналған ақпарат» деген ұғымды енгізіп отырмыз. Бала­ларға арналған өнімнің индексін белгіледік, яғни кез келген ақпараттық өнім жас санатына қарай таңбалануы керек. Демек, кинотуынды бола ма, телебағдарлама бола ма, онда көрер­меннің жас ерекшелігі көрсетілуі шарт. Міне, осының барлығын бір заң жобасына сыйғызу оңай емес. Біз онымен төрт жыл айналыстық. Екі-үш рет толықтырдық. Жұмыс барысында ілеспе заң жобасы жасалып, басқа да заң акті­леріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда: «Әкімшілік құқық бұзушылық тура­лы Кодекске, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы, Жарнама туралы, Телерадио хабарларын тарату туралы заңдарға. Заң жобасы қабылданса, бар­лық отандық және шетелдік бұқа­ра­лық ақпарат құралдары балаларды зиянды ақпараттан қорғаудың біз қойып отырған талаптарын орындауға міндетті болады. Заң сақталмаса, тиісті шараларды қол­дану қарастырылған.

- Аталған заң қашан қабыл­да­нады деп ойлайсыз? Оны іске асыру қиынға соғатын шығар?

– Заң бірінші оқылымнан кейін Үкі­метке жіберілді. Енді барлық министр­ліктер тағы қарап шығады. Сосын Президент Әкімшілігі сүзгі­ден өткізеді. Олар­дың ескертулері болса, біз жұмыс тобында тағы да қараймыз. Алдағы қаңтар-ақпан айларында біз оны Сенатқа жібе­ретін шығармыз.

- Бұдан бірнеше ай бұрын сол кездегі қаржы министрі Болат Жә­мі­шев жылдың соңында Парла­ментке алкогольдің айна­лы­мына қатысты жаңа заң жобасын енгі­земіз деп айтқан болатын. Бірақ оның орны­на жаңа министр тағайындалып, бұл бастама тағы да ұзарып кеткенге ұқсайды. Сонда қайтадан «алкоголь мен темекі барон­дарының» пысы­қай­лығы басым болып кеткен бе? Қалай өзі?

– Негізі, депутаттар бұл мәселені өткен шақырылымда қолға алған бола­тын. Әлеуметтік даму комитетінде ден­саулық сақтау кодексі талқыланған кезде бәріміз алкогольдің баға­сын көтеру туралы ұсыныс жасағанбыз. Бірақ ол бастама қолдау тапқан жоқ. «Арақ қым­бат болса да, ішіледі», сапасыз шарап көбейіп, халықтың денсаулығына зиян тиеді деген секілді сылтаулар айтылды. Жеке өзім мұның сыртында мейрам және демалыс күндері арақ сатпау жөнінде депутаттық сауал жолдаған едім. Ондай тәжірибе Норвегияда бар. Бұл елде бір кездері ішімдікке әуестер көбейген. Ал әлгі шараны жүзеге асырғаннан кейін халықтың біраз бөлігі арақ, виски, коньяк сияқты күшті алкогольді ішуді қойған. Қазақстанда мейрам көп, оған демалыс күндерін қосыңыз. Соның бәрін­де біз алкогольді сатпасақ, ел арақ­тан бірте-бірте аластайды.

- Енді, осының барлығы неге іске аспай жатыр?

– Жасыратыны жоқ, ішімдік өндіріп сату арқылы қыруар пайда тауып жатқан ком­па­ния­лар бар бізде. Олардың басын­да тұрған адам­дар осал емес. Меніңше, солар бағаны көтер­меуге ықпал етіп, уақытты барынша созып жатыр. Алайда Үкімет депутаттардың ұсыны­сы­мен сана­сады, бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.

- Депутаттар арасында түсініс­пеу­ші­ліктер болып, бұл жұмысты тағы ұзартып алмаймыз ба?

– Ұзара қоймас. Өйткені Үкіметтің өзі осы мәселені қолға алып, тиісті шешімге келетінін ашық айтқан болатын.

- Жалпы, депутаттарға бір ше­шім­­ге келу қиын шығар?

– Бұл ретте, мына мәселені ерекше атап өткім келеді. Қандай да бір әлеу­мет­тік мәселе туын­дағанда пікірлердің қақ жарылып жататыны бар. Бір жағынан, пікірталастың бол­ға­ны дұрыс та шығар. Алайда ұлттық мәсе­леде бөлінуге және кеш қимылдауға болмайды. Мынаның басы ашық қой. Ұсыныстар мен баста­маларға азаматтардың бәрі бірдей ұлттық тұрғыдан қарай бермейді. Егер лауазымдылар бар, басқалар бар, ұлтына жаны ашитын болса, арақты мереке күндері сатпау, өзім талайдан көтеріп жүрген қымыз өндіруді ұлғайту сияқты ұсыныстар баяғыда-ақ қабыл­данатын еді. Реті келгенде айта кетейін, бүгінде Парламенттің талқылауына Қылмыстық кодекстің жаңа нұсқасы келіп түсті. Сол жобаға мен дәстүрлі емес сексуалды бағытқа жататын «гейлер» клубтарын жауып, бір жыныстық қаты­насқа баратын азаматтардың әрекетерін қылмыс деп тану керек деген ұсыныс бергенмін. Кеше ғана прокуратурадан адамдар келіп, мынауы­ңызды алып таста­ңыз деп шықты. «Неге?» десем, олар (гейлер – авт.) психологиялық ауруға душар болған­дардың қатарына жатады, қылмысқа тар­тыл­майды дейді. «ЖҚТБ/СПИД орта­лығының мәліметіне сәйкес, ондайлардың саны 240 мыңнан асып кеткен. Солардың барлығын «псих»  деп отырсың ба? Еуропада сол «көгілдір» болып жүргендердің ішінде лауазымды азаматтар да бар. Олар да «псих» па?» десем, әлгілер онда басқа заңдарға өзгеріс енгізу керек деп ақталады. Мен «ендеше, заңгерсіңдер ғой, айтыңдар. Біз сол заңдарға да өзгеріс енгізейік» – деймін. Жарайды демейді олар. Міне, ұлттық мәселеге бұлай қарауға болмай­ды. Олар үшін басты қатырмай, заң жобасын тезірек өткізу керек. Бітті. Ал арғы жағына үңіліп, ұлтты рухани азғын­дауға апаратын бәленің түпкі зиянын ойлап отырған жоқ. Астананың өзінде төрт гей-клуб бар екен. Оған бара­тындардың 90 пайызы – қазақтар. Соның бәрін көріп-біліп отырып, ұсы­ныстарыңызды Қылмыстық Кодекстен алып тастаңыз дегендері қынжылтады. Бүгінде өзекті мәселелерге ұлттың көзі­мен қарай алмай жүрміз. Көптеген орынды ұсыныстардың іске аспай жатқаны да содан.

- Бәлкім, кейбір шенді-шек­пен­ділер Еуропаның қаһарына ұшырап қаламыз деп қорқатын шығар. Биыл көрші Ресейде солай болған жоқ па?

– Еркек пен еркек үйленіп жатқан Еуропаның қажеті қанша? Бұл құрлықта баяғыда бір жыныс­тыларды инквизация отқа өртеген. Қазіргі азғындықты еш­қандай демократияның аясына сыйғы­зуға болмайды. Ресей ұлттық мүддесін ойлап, дегеніне жетті. Бір жыныс­­ты­ларды қылмыскер деп, тосқауыл қойды. Әзәзіл интернет сайттарды жапты. Біз де солай жасауға тиіспіз. Әлді мемлекетпіз. Еура­зия құрлығында Қазақстанның саяси ықпалы күшті. Жер байлы­ғы мол. Адам капиталы да жоғары. Еуропа мұны жақсы біледі. Бізбен санаспай тұра алмайды. «Гейлерге» тосқауыл қойдың деп, айналып кетпейді.

Ойланайықшы, көгілдірлерді ол жақ неге қолдайды, бізге неге тықпалайды? Ұлтты азды­рып, тарихи тамырынан айыру, дәстүрін тал­қан­дау арқылы қалай болса, солай билеп-төстеу үшін. Ал өзіңді, дәстүріңді, ұл-қызыңның таза­лы­ғын қорғай алмасаң, кімсің сен?! Кімге керексің?!

- Алдан аға, жақында Парламент БҰҰ миссияларына қазақстандық офицерлерді жіберу туралы Елба­сының ұсынысын қол­да­ды. Осы мәсе­ленің өзектілігін түсіндіріп берсеңіз?

– Ресей мен Қытай сияқты держа­валардың арасында орналасқан дербес Қазақ елі өзінің егемендігін түпкілікті нығайту жолында солар­мен саяси және әскери байланысқа бармай тұра алмайды. Мәселен, Ұжымдық қауіпсіздік тура­лы ұйым бар емес пе? Соның аясын­да қорға­нысқа арналған арнайы әскери жасақтар құрыл­са, артық па?! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді ғой, басыңа іс түссе, жаңағы алпауыт мемлекеттермен тізе қосып, бірге қорғанасың. Сол сияқты әлемнің басқа да елдерімен өзара байланыста болу қажет. Көрпені тас бүркеніп жатып алу дұрыс емес. БҰҰ миссияларына қазақстандық сарбаз­дардың қатысуы орынды. Осының арқасында олар тәжірибе жинақтайды, дайындықтарын шыңдайды.

- Халықты бір-ақ мәселе маза­лайды. Сол миссияларға қатысатын офицерлердің өміріне қауіп төнбей ме?

– Жоқ, олар тікелей ұрысқа қатыс­пайды, бақылаушы ретінде барады. Бітімгерлік қызмет­пен айналысады. Сондықтан адам өміріне қауіп жоқ.

- Әлбетте, қазақ үшін Жаңа жыл – Наурыз. Дегенмен әлемдік қалып­тасқан әдет бойынша Жылқы жылы­ның енуіне аз уақыт қалды. Жалпы, осы жыл қазақ үшін қалай болушы еді. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл жыл қазаққа қандай екен?

– Қазақтың наным-сенімі бойынша қатты жылдарға қоян жылы жатады ғой. Ақ қоян дейді. Тарихқа үңілсек, сол қоян жылдары жұт көп болған. Сосын халқы­мыз мешін жылынан сақтанатын. Ал жайлы жылдардың ішінде осы жылқы мен жылан жылы көбірек аталады. Неге? Жылан ертеден даналық пен байсал­дылықтың символы болған. Сондықтан ол жылдары бәрі салқын ақылмен байыпталады, асығыс шешім­дер қабыл­данбайды. Жылқы болса, ол әсем әрі пәк жануар ғой. Бұл жылы адамның бойында ізгілік пен имандылық нұрланады деп есеп­тел­ген. Жылқы жылы берекелі болады дескен. Асылында, қазақта байлық­тың өлшемі жылқы болған ғой. Әрі қарай айта түссек, қазақты «жылқы мінезді халық» дейді. Жылқының бауыр­мал­дығын, иесіне де, үйіріне де адал­дығын ескергені шығар. «Жылқы кісінескенше, адам түсініс­кенше» дейті­німіз тағы бар. Меніңше, қазіргі жастар осыны көп біле бермейді. Әр жылдың дәстүрлі ерекшелігі туралы мектептерде арнайы дәріс оқылса жөн ғой. Сабаққа белді ғалымдарды шақырып, алдағы жылдың қасиеті туралы айтып жатса, артық болмас еді.

  – Аумин, айтқаныңыз келсін!



Жылқы жылында қалың алашқа айтар тілегіңіз:

 – Әлемнің бәрі дүрбелеңге ұшырап жатқанда халық үшін әрбір өткен бейбіт күн қымбат. Біз өткен жылды бейбіт өткере отырып, ел ішіндегі тыныштығымызды сақтап, алға қойған жоспарларымызды жүзеге асыруға Алладан да, тағдырдан да, уақыттан да тағы бір мүмкіндік алдық. Мен соған тәубе деймін. Біз өзі аз ғана халықпыз. Ұлтқа ұлағат болатын зиялылармыз да көп емес. Мұстафа Шоқай айтады: «Ұлттың дамуы үшін зиялы қауым мен қатардағы халықтың арасында ортақ сана болуы қажет». Бұл дегеніміз –халықтың билікті түсінуі, биліктің халықпен тіл табыса білуі. Ынтымақ пен бірлік сол кезде ғана нығаяды. Сондықтан біз бір-бірімізді түсінейік, бір-бірімізді құрметтейік. Қазақ деген атымызға лайықты ел болайық! Ұлтымыздың бұрыңғы даңқын ары қарай жалғастырайық! Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға құрметпен қарап, әлемге тек экономикасы дамыған мемлекет ретінде ғана емес, өркениетті, ұлттық намысы биік, білгір, өнерлі ел болып танылайық! Тілегім – осы.





Көрілген: 3689    Пікірлер: 2

бейсенбі, 26.12.2013, 14:05

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31