Дат!

Ұлтқа қызметті ұрандамай-ақ, үндемей-ақ жасаған ләзім

  • Ұлтқа қызметті ұрандамай-ақ, үндемей-ақ жасаған ләзім

    Ұлтқа қызметті ұрандамай-ақ, үндемей-ақ жасаған ләзім

Аслан ҚАРЖАУБАЕВ, Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:


– Аслан Жұмағалиұлы, соңғы кезде қоғам тарапынан «этникалық қан­дас­та­рымыздың көші тоқтады» деген сауал жиі көтеріліп жүр. Осы мәселеге жауапты ресми мемлекеттік органның өкілі ретінде бұған не айтар едіңіз?

– Бұндай әңгімеге негіз болып отырған 2012 жылдан бастап оралмандардың көшіп келу квотасының тоқтатылуы деп ойлаймын. Бірақ бұл – негізсіз пікір. Яғни оралмандардың көшіп келу квотасының болмауын Қазақстан аумағына этникалық қазақтардың тұрақты тұру мақсатымен көшіп келуіне тосқауыл деп ойлау – заң нормаларын дұрыс түсінбегендіктен туын­дап отырған пікір. Мысалға алайық, сол кво­та тоқтатылған 2012 жылы 39 мың ағайын көшіп келді немесе осының өзі квота қолданыста болған 2010 жылғы көрсеткішке қарағанда 3 мың адамға көп екенін аңғартады. Бүгінгі күні тарихи Ота­нына ораламын деген шетелдерде тұратын ағайындар үшін ашық есік саясаты бұ­рын­ғы қалпында іске асырылуда. «Ха­лық­тың көші-қоны туралы» Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Заңына сәйкес Қазақ­стан Рес­публикасының Үкіметі белгілеген нор­мада әлеуметтік көмектер әлі де беріліп келеді.

– Мәселен, қандай әлеуметтік кө­мек­терді алға тартасыз?

– Зейнетақы және әлеуметтік қам­сыз­дан­дыру. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы Заңының 2-бабы 2-тар­ма­­ғына сәйкес, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның аумағында тұрақты тұратын шетел­дiктер мен азаматтығы жоқ адамдар (егер заңда және халықаралық шарттарда өзге­ше көзделмесе), Қазақстанның аза­мат­тарымен бiрдей зейнетақымен қамтамасыз ету құқығына ие. Осылайша оралмандар Қазақстан азаматтығының болуына не болмауына қарамастан, ел азаматтарымен бiрдей зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын пайдаланады. Сонымен қатар Қазақстан азаматтығын алғанға дейін де оралмандарға зейнетақы төлемдерін тағайындау рәсімдерін жеңілдету мақ­са­тында оралман куәлігінің негізінде зей­нет­ақы тағайындау көзделген. Заңнамаға сәй­кес зейнетақының мөлшері тек екі өлшем шартқа негізделеді. Олар еңбек өтіліне және зейнет алды кезеңінде алған орта­ша айлық табысына байланысты бола­ды. Осыған байланысты оралмандар зейнетақысының мөлшері Қазақстан азамат­тары сияқты еңбек өтіліне және зейнетақыны есептеу үшін ұсынылған орташа айлық табысына байланысты болады. Бұдан бөлек, мемлекет зейнетақы жасына жеткенде мемлекеттік базалық зейнет­ақы төлемдеріне кепілдік береді. Оның мөлшері барлық зейнеткерлерге бірдей және ең төменгі күнкөріс мөлшеріне (қазіргі кезде көрсетілген мөлшердің 50%-ын құрайды) байланысты болады. Елде тұру ұзақтығы, еңбек өтілінің болуы және ұзақтығы, сондай-ақ өзге де фак­тор­лар мемлекеттік базалық зейнетақы төлем­дерін алу мүмкіндігіне және оның мөл­шеріне әсер етпейді.

Бұдан бөлек «Қазақстан Респуб­лика­сын­да мүгедектiгi, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеу­меттiк жәрдемақылар туралы» Қазақстан Рес­публикасының 1997 жылғы 16 мау­сым­дағы Заңының 17-бабына сәйкес, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орта­лықтан, жинақтаушы зейнетақы қор­ларынан төленетін зейнетақы төлемдерiне құқығы болмаған кезде, Заңда белгiленген жасқа толғанда азаматтарға жасына бай­ланысты жәрдемақы тағайындалады. Талап етілетін еңбек өтілінің жетпеуі сал­да­ры­нан зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы болмаған кезде ең төмен күнкөріс деңгейінен 50% мөлшерінде жасына бай­ланысты мемлекеттік әлеуметтік жәр­дем­ақы тағайындалады. Бұл Заң талабын орал­мандар да Қазақстанның аза­мат­тарымен бірдей пайдалана алады.

Екінші мәселе – әлеуметтік сақтандыру. «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның 8-бабына сәйкес, орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін алу­шы­лар­ды қоспағанда, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының аумағында тұрақты тұратын және еліміздің аумағында табыс әкелетін қыз­мет­тi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, қызметкерлер, өзiн-өзi жұмыспен қамты­ған адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақ­тан­ды­руға жатады. Осыған байланысты елімізде тұрақты тұратын оралмандар жалпы негіз­дер­де міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйе­сінің қатысушылары болып табылады.

– Ал атаулы әлеуметтік көмек ше? Бұл оралмандарға қатысты мәсе­ле­лер­ді қарастыра ма?

– Әлбетте. Мемлекеттік атаулы әлеу­мет­тік көмек дегеніміз – жан басына шақ­қан­дағы табысы кедейлік шегінен төмен (ең төмен күнкөріс деңгейінен 40%) табы­сы аз отбасыларға төленетін жәрдемақы түрі. Сондықтан да оралмандар да біздің елі­міздің азаматтарымен бірдей атаулы әлеуметтік көмектер алу құқығына ие. Сонымен қатар бізде бала туу, асырап алу және де өзге баланы қамқорлығына алған отбасыларға отбасының табысына қара­мас­тан бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ бала күтімі үшін бiр жасқа толғанға дейiн (отбасылардың табы­сына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде) берілетін жәрдемақы тағы бар. Жан басына шаққан­дағы орташа табысы азық-түлік себеті құны­нан төмен табыс табатын отбасы­лар­дың 18 жасқа дейінгі балаларына (бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде) арнал­ған жәрдемақы, сосын мүгедек бала тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға та­ғайын­далатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (отбасының табысына қарамастан) алуға құқығы бар. Тұтастай алғанда, осы заңның нор­ма­ларының бәрі Қазақстан азаматтарымен қатар, оралмандарға да теңдей қол­да­ны­лады.

Оның ішінде арнаулы мемлекеттік жәр­демақы бойынша 1999 жылы қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР Заңына сәйкес заттай жеңілдіктер ар­наулы мемлекеттік жәрдемақылармен ауыстырылған. Мұның мөлшері бұрын берілген заттай жеңілдіктерге қарай сара­ла­нып белгіленеді. Бүгінгі күні аза­мат­тардың 20 санаты, оның ішінде Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын орал­ман­дар да арнаулы мемлекеттік жәр­де­мақының осы түрін пайдаланып келеді.

– Елге келген қандастарымыздың басты мәселесі – жұмыс табу. Жұмыс болса бейімделуі де оңай болатындай көрінеді. Осы жағы қалай шешімін тауып жатыр? Сосын оралманды бас­па­намен қамту да өзекті мәселелердің бірі ғой?

– Жалпы, «Халықты жұмыспен қамту тура­лы» Заңға сәйкес оралмандар да ар­найы әлеуметтік топқа жатады. Бұған дейін де мемлекет олардың жұмыспен қам­ты­луын қамтамасыз етіп келді, алдағы уақыт­та да бұл саясат жалғасын табады. Орал­ман­­дар сондай-ақ «Жұмыспен қам­­ту-2020» жол картасы шеңберінде жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесудің бел­сенді шараларына қатыса алады. Ол бағытта, өздеріңіз білетіндей, кәсіптік оқу, қайта даярлықтан өту, біліктілігін арттыру шаралары қамтылған. Қазақстан азамат­та­рымен қатар, шеттен келген қан­дас­та­ры­мыз да өз ісін ашып, кәсібін дөңгелеткісі келсе, оларға шағын несие алуға мүм­кіндіктер қарастырылып отыр.

Ал баспана мәселесіне келсек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес оралмандардың жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігі қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар. Сонымен қоса оралмандар «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алу арқылы баспа­на­лы бола алады. Яғни мұндай әлеуметтік көмектер Қазақстан Республикасының аза­мат­тарымен бірдей деңгейде орал­ман­дар­ға да көрсетіледі.

Жалпы, оралман мәртебесі – уақытша мәртебе және оның иегерлеріне әлеуметтік көмектерді Қазақстан Республикасының азаматтығын алып, жергілікті халықпен құқықтарын теңдестіргенге дейін жаңа ортаға тез бейімделіп кетуіне жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар.

Ал енді қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өтініш пен тиісті құжаттар қабыл­дан­ғаннан кейін оралман мәртебесін беру немесе бермеу туралы шешім қабылдау бес жұмыс күні ішінде, тұрақты тұруға рұқсат (ықтияр хат) беру немесе бермеу туралы шешім екі айдан кешіктірілмей, Қазақстан азаматтығын беру немесе бермеу туралы шешім қабылдау үш айлық мерзімде іске асырылады. Оралман мәртебесін алғаннан кейін ықтияр хат алып, кейіннен аза­мат­тық­қа құжат тапсыра ма әлде құжаттарды бірден азаматтыққа тапсыра ма – ол әр адамның өзінің құқығы. Қазақстан азамат­тығын алып, құқықтарын жергілікті аза­мат­тармен теңдестіріп өмір сүремін деп келген ағайындарға құжат­тарын бірден азаматтыққа тапсырғандары жөн деп есептеймін. Осындай шешім қабыл­даған ағайындарға қазіргі уақытта келген күнінен бастап 3-4 ай мерзім ішінде қазақстандық болып кетуіне толық жағдай жасалған. Осы тұста біраз мәлімет келті­ре кетсем. Ішкі істер министрлігінің дерек­теріне сәй­кес, 2013 жылдың 1 қаза­нына дейін бар­лы­ғы 830 365 этникалық қазақтар Қазақ­стан азаматтығын қабыл­дап­­ты. Бұл тарихи Отанына қоныс аудар­ғандардың 90 пайы­зын құрайды.

– Дегенмен кейбір қандастарымыз тарапынан ұзақ уақыт бойы азаматтық ала алмай жүрміз деген шағымдар айтылып жатады ғой?

– Ондай олқылықтар орын алып та жатады. Жоққа шығара алмаймыз. Деген­мен бұндай жағдайда әрбір мәселеге жеке талдау жүргізіліп, оның себебін, нақты кімнің кінәлі екенін айқындаған жөн. Өйткені ағайындар арасында азамат­тыққа өтініш бермегендері, тиісті құжат­тарды толық тапсырмағандары, құжат­тарды тапсырған соң басқа мекенжайға көшіп кетіп хабарласпай жүргендері, азамат­тық туралы шешім шықса да, төл­құжаттарын алуға келмейтіндері жиі кез­десіп жатады.

Жалпы, шетелдерде тұратын ағайын­дар қазақ болып туғандарына, тарихи Ота­ны – күннен-күнге дамып келе жатқан Қазақстан Республикасының бар екеніне қуанулары керек. Өйткені басына күн туғанда паналайтын елі бар. Мысалы, дүниежүзінде саны қазақтардан әлдеқайда көп бола тұра, өзінің дербес елі, Отаны жоқ халықтар да бар ғой.

Мен өзім 2004 жылы Ауғанстандағы азаматтық соғыстан қашып шығып, Пәкістан елін паналап жүрген және тікелей Ауғанстанның өзіндегі Мазари-Шариф қаласынан қазақтарды көшіруге қатыстым. Сонда «біздің де тарихи Отанымыз бар еді ғой, олар неге сіздер сияқты бізді іздеп келіп алып кетпейді екен» деп боздап жылаған өзбектерді, тәжіктерді, қырғыз­дар мен түрікмендерді өз көзіммен көрдім. Бір жағынан, оларға жаным ашыды, екінші жағынан, қандастарымыздың әлгілердің күйіне түспегеніне шүкіршілік еттім. Ал сол тұста келген ауған азаматтарының басым көпшілігі қазір Оңтүстік Қазақстан, біразы Жамбыл облыстарына орналастырылды. Оларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан басқа ағайындарға қарағанда ерекше жеңілдіктер жасалды деп ойла­маймын. Содан бері қаншама жыл өтті, бірақ осы азаматтар тарапынан Көші-қон комитетіне бірде-бір шағым-арыз түскен емес. Оның себебі Ауғанстанда кеш­ке ұй­қыға жатып, таңертең аман тұрар-тұр­ма­­сын білмеген ағайындар тыныштық өмір­­ге, бейқұтшылық заманға қолдары жет­­­­ке­ні­не тәубешілік еткені шығар деп ойлай­­мын.

Тағы айта кетерім – бұл өмірде бәрі салыстырмалы. Бір адам бар, қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамастан,­ аянбай тіршілік етеді. Біреуге қол қусырып, қашан маған жұмыс береді деп қарап отырмайды. Арланбай көше сыпырып, тапқан ақшасына нан-шайын ажыратып, бала-шағасымен ойнап-күліп ішіп-жеп, «а, Құдай осы бергеніңе де тәубе» деп батасын береді. Ондайлар алдағы күнге де сенім­мен қарайды. Ал екінші бір адамдар бар, күн сайын 100 мың теңге тауып жүріп, бір күні табысы 99 мың теңгені құрап қалса, өзін өмірдегі ең бейшара адам ретін­де санайды. Сондықтан маңдайға жазылған, біреуден ілгері, біреуден кем өмірге тәубе­шілікпен қарау абзал шешім деп ойлаймын. Әлбетте, мен мұны орал­ман­дар­ға қатысты айтып отырған жоқпын. Жал­пы, қоғамдағы бар мәселе ретінде айтып отырмын.

– Дегенмен, сіздің ойыңызша, орал­мандар үшін жасалып жатқан жеңіл­діктің ең маңыздысы қайсы?

– Әркімге әртүрлі. Бір қандасымыз үшін атажұртқа келіп аунап-қунап өмір сүру маңызды, екіншісі Қазақстан аза­мат­тығын алса, төбесі көкке жетеді. Үшіншісіне бірден баспана керек, жер керек. Тіпті барлық жеңілдіктерді алып, қайта қайтып кеткендері де бар. Қоғам болғаннан соң сондай олқылықтар болып тұруы да заңдылық деп қабылдар едік. Ал менің ойы­ма келсек, Қазақстанға қоныс аудар­ған этникалық қазақтар үшін мемлекет тара­пынан жасалып отырған ең маңызды мәселелердің бірі – тұрақты тұруға рұқсат беру және жеңілдетілген тәртіппен аза­мат­тыққа оларды қабылдау. Дәл осы сұрақтың маңыздылығын Еуропа қазақтары жақсы түсінеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, көшіп келгендердің басым көпшілігі ТМД ел­дерінен, Орталық Азия өңірінен бол­ған­дықтан бұл мәселені жасалып отырған жеңіл­діктердің ең маңыздысы деп есеп­те­мейді.

Екінші мәселе – 1962 жылы Қытаймен екі арада шекара ашылып, жүздеген мың қазақ Қазақстан өңіріне қоныс аударғанын білесіздер. Солардың біразы біздің ауылға да қоныстанды. Араларында аудан басшы­ла­ры болды, тағы да басқа лауазымды қызмет істегендері бар болатын. Дегенмен Қытайдан келген қазақтарды сол тұста дәл сондай аудан әкімі не болмаса салық бастығы секілді лауазымдар күтіп тұрған жоқ болатын. Соған қарамастан, олар арланбай қой бақты. Қытайда әкім болып, бір ауданды сұрап тұрған беделділер мал бағып, мұндағы жұртшылықпен біте араласып кетті. Олардың балаларымен бірге мектепте оқып, ойнап өстік. Қазір олар­ды толығымен жергілікті халық ортасына сіңіп кетті, төлқұжатындағы туған жеріне қарап қана шеттен келгенін айқын­дайсың. Алайда қазіргі жағдайымыз мүлдем оған ұқсамайды. Қоныс аударған ағайындардың Қазақстан халқы санының, оның ішінде қазақтардың үлесінің өсуіне, еліміздің экономикасының дамуына ықпалдарын тигізгенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ кейбір ағайындар келген­деріне, азаматтық алғандарына 10-15 жыл болса да, жаңа ортаға сіңе алмай жүр. Бұған біздің өзіміздің де кінәміз баршылық. Кейбір жергілікті халықтың қоныс аударған ағайындарға – оралмандар, Қытайдан кел­гендерге – қытай, Моңғолиядан кел­ген­­­дер­ге моңғол дейтіндері әлі кездесуде. Ал ондай мәселеге өкпелемеу керек деп есептеймін. Өйткені бұлай айту сол айтқан адамның мәдениетсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар кімді болса да жақсы өмір сүргісі келгені үшін кінәлауға болмайды. Бірақ ол үшін әр адам тек мемлекеттен көмек күтпей, Үкімет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды пайдаланып тіршілік етіп қимылдаулары керек деп есептеймін.

Ел арасында шеттегі қазақтарды көші­ріп әкелмесек, олардан айырылып қаламыз, шетелдегі қазақтардың жағдайы жаман деген қате пікірлер айтылуда. Неге біз олар тек жамандық көріп отыр деп есептеуіміз керек? Шетелдегі қазақтардың жағдайы жаман деп негізсіз айта беруімізді сол елдер ішкі саясатына қол сұғу ретінде баға­ласа, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа және сонда тұрып жатқан қазақтарға кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептеймін. Біз шетел­дерде тұратын қазақ­тарды толы­ғымен көшіріп аламыз деген мақсат қойып отырған жоқпыз. Олар алып келе салатын жансыз зат та емес. Сонымен қоса олар­дың барлығы да Қазақстанға көше кетуге ниет білдірмеуі де мүмкін. Өйт­кені шетел­дердегі қазақтардың бар­лығы дерлік кезінде қуғын-сүргін көрген азаматтардың ұрпағы емес, керісінше, ондағылардың біраз бөлігі – ғасыр­лар бойынан келе жатқан ата-баба­ларының қонысында тұрып жатқандар. Сондықтан да ойланар, ой салар мәселе жеткілікті. Дегенмен тұрған жерінде қысым көріп жүрген қазақтар үшін есігіміз ашық, көшіп келіп, жергілікті халықпен құқығын тең­дес­тіріп өмір сүруге ешқандай кедергі жоқ деп есептеймін. Қазақстан егемендік алғаннан бері бір миллионға жуық қазақ көшіп келге­німен, олардың шеттегі саны табиғи өсім­нің арқасында азайған жоқ. Мысалы, 1991 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей айма­­ғында 120 мың қазақ тұрған болса, аймақ басшыларының айтуын­ша, қазақ­тардың саны сол күйінде сақта­луда. Яғни шетел­дер­де қазақтар тұрған кезде және оларды қабылдайтын егемен елі – Қазақ­станы бар болып тұрған кезде ата­жұртқа ба­ғыт ұстанған ұлы көш ешқашанда тоқ­та­май­ды.

– Соңғы сұрақ, Парламентте талқы­ла­нып жатқан «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына біраз жұрт дүр­лі­гуде. Оның ішінде Отанына келген қандастарымызға бес жылға дейін Қазақстан азаматтығы берілмейтініне наразылар баршылық. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Қазақстанға көшіп келген ағайындар арасынан көп жылға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын алмай, ықтияр хат (вид на жительство) алып, тұрақтап тұра алмай, екі жақты да қия алмай, сосын екі ел арасында сенделіп жү­ріп қалу да болып тұрады. Сосын жоғарыда айтқаным секілді қаржылай көмекті және азаматтықты алғаннан кейін өздері шыққан елге қайтып кету фактілері және өздері орналасқан ортаға толық тұрақтап, сіңісіп кете алмаулары да кездесуде. Сон­дықтан да шетелдердегі қандай ағайын­да­рымыздың Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында болмаса уақытша тұру мақсатында келгендерін өздері айқындап, ойланып толық шешім қабылдаулары қажет деп санадық. Сол себепті заң нор­масына Қазақстан Республикасының аза­мат­тығын 5 жылдан кейін беру мәселесі енгі­зіліп отыр. Заң жобасы бүгінгі күні Пар­ла­мент Сенатының депутаттарымен қара­лу­да. Әлі толық шешім қабыл­дан­ба­ғанын да еске салғым келеді. Сондықтан да бұл мерзімнің қысқартылуы да ғажап емес.

– Әңгімеңізге рақмет!



Алашқа айтар датым...

Елбасы Н.Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайында «Тарихи Отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақстаным маған не береді?» деп емес, «Мен Қазақстаныма не беремін?» деп ойланғаны дұрыс болар еді» деген сөзін ағайын салмақтай алса игі. Сөйтіп, жергілікті халықты ысырып қойып, мемлекет алдымен оралманға бірінші кезекте көмек көрсету керек деген пікірден аулақ болсақ. Ең бастысы, қазақ қоғамы «оралмансың», «аннансың-мыннансың» деп бөлінуді білмесе деп тілер едім. «Қазақстанды біз қазақтандырдық, қазақ тілін біз дамыттық» дейтіндерге де айтар базынам бар: ұлтқа қызметті ұрандамай-ақ, үндемей-ақ жасаған ләзім.





Көрілген: 2801    Пікірлер: 0

жұма, 08.11.2013, 12:19

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31