Венчурлы инвестиция деген ұғым-түсініктен мүлде бас тарту керек
Азаматхан Әміртаев, Қазақстан софтверлік компаниялар қауымдастығының президенті:
– Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағын құрғанына үш жылдың жүзі болды. Бұл мәселеге қатысты түрлі пікірлердің айтылып-талқыланып жатқанына қарамастан, Кеден одағы экономиканың өзіндік заңдарына сәйкес өмір сүріп жатыр. Бұл орайда сіздің пікіріңіз қандай?
– Қандай да бір уақытша қиындықтардың бар екеніне қарамастан, Кеден одағының еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарын күшейтіп, экспорттық мүмкіндіктерін арттырғаны даусыз. Жергілікті кәсіпкерлер үшін Кеден одағы үш мемлекет аумағында шаруасын дөңгелетіп, сауда жасауға, инвестиция құюға, еларалық деңгейде бәсекелестікте шыңдалуға таптырмас тәжірибе бергені анық.
Әйткенмен, жасыратыны жоқ, Кеден одағы аясындағы кейбір теперіштерге шыдамай, морт сынып жатқандар да бар.
ДСҰ-ның әлемдік нарыққа біз үшін жол ашатыны анық. Ал үлкен нарыққа мемлекет пен ұлттық бизнес қол ұстасып бірге енуі тиіс. Сондықтан да мемлекет шағын және орта, ірі кәсіпкерлік өкілдерінің ДСҰ-ға неғұрлым дайындықпен келуіне жағдай жасайды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Стратегия-2050» Жолдауында: «Біз еліміздің географиялық басымдығын Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқан ел ретінде пайдалана аламыз. Транзиттік әлеует дамудың үлкен перспективаларына ие. Ашықтық пен прагматизм біздің басқа мемлекеттермен саудадағы өзара қатынасымыздың барлық бағыттарына дендей енуі тиіс. Бұл Кеден одағына, ДСҰ-ға және Орталық Азия өңіріне қатысты», – деген болатын.
– Еліміздің Кеден одағына мүше болуы шағын және орта кәсіпкерлікке қалай әсер етті?
– Тәуелсіздіктің 20 жылында бізде нарық экономикасы қалыптасты. Азғана уақыт бұрын кәсіпкерлер аяғын апыл-тапыл басқан жас бала сияқты болса, қазір олар біртіндеп өндіріс орындарын ашып ірілене бастады. Бірақ Кеден одағы алғаш жұмыс істей бастаған кезде ресейлік кәсіпкерлер оларды аздап тықсырғаны рас. Ресейдің нарығы үлкен, тиісінше кәсіпкерлерінің тәжірибесі мол, қуаты күшті. Мысалы, жарнама саласына жұмсайтын қаржысы да біздікінен әлдеқайда көп. Кеден одағы құрылғаннан кейін ресейлік компаниялар Қазақстанға келіп, жарнамаға ақша құйып, тауарларын төмен бағамен сатып, отандық өнім өндірушілерді жергілікті нарықтан шығарып тастауға тырысып жатыр. Бір мысал айтайын. Алматы облысында жылу сақтайтын құрылғы шығаратын «Базальт» деген компания бар. Осы зауыт шығаратын өнімнің 85 пайызын біздің компания сатады. Бастапқыда жергілікті нарықта бізге ұқсас өнім сататын компаниялар саусақпен санарлықтай болатын. Ал кейінгі кезде олардың қатары күрт көбейіп кетті. Бәсекелес болғандықтан ресейлік компаниялар ұқсас өнімдерін біздің нарықта төмен бағамен сатып өтімді етуде. Соның нәтижесінде «Базальттың» өнімі өтпегендіктен, зауыт жабылудың аз-ақ алдында тұр. Жергілікті компанияларды нарықтан тықсырып шығарғаннан кейін олар монополиске айналуы әбден мүмкін. «Базальтта» 200 адам жұмыс істейді, егер зауыт жабылса, олар жұмыссыз қалады. Сондықтан біз осы зауытты сақтап қалудың басқалай жолдарын қарастырып жатырмыз.
Мәселенің екінші қыры – Кеден одағына кіру туралы саяси шешім қабылданғаннан кейін біз оған қарсы тұра алмаймыз. Кәсіпкерлер еш уақытта ағысқа қарсы жүрмейді, себебі ағысқа қарсы жүрсек, тапқанымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Біз оған бейімделуіміз керек.
– Мұндай жағдайда мемлекет кәсіпкерлерге нақты қандай көмек көрсете алады?
– Мысалы, Астанада салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті материалдарды неліктен шетелден әкелуіміз керек? Неге оларды отандық кәсіпорындардан сатып алмасқа? Құрылыс заттарын шығаратын зауытымыз бар, осы тауарларды неге сатып алмасқа? Отандық тауар өндірушілерді қолдау деген бағдарлама бар. Бірақ оны жүзеге асыруды нақтылап жүзеге асырса, кәсіпкерлерге жететіндей етіп, жан-жақты ойластырып, нақты көмек көрсету керек.
Кеден одағы орнап, бәсеке өршіген кезде біз де өз қал-қадірімізше қарекет етіп жатырмыз. Мысалы, Қазақстан-АҚШ арасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға байланысты орталық құрдық. Бір жағынан, сауда-саттықта америкалық тәжірибені үйренсек, батыстық технологияларды осында алып келсек деген ойымыз бар. Себебі Ресей сауда-саттық технологиясында бізден алда болғанымен, АҚШ пен Еуропадан оза алмайды. Сондықтан біз Батыстың озық технологияларын үйреніп, меңгеріп алсақ, болашақта жергілікті нарықтан ресейлік компанияларды шығарып тастауға шамамыз жетеді. Біріншіден, кәсіпкерлік туралы сауатымызды арттыруды мақсат етеміз. Екіншіден, Еуропадан, Америкадан инвестиция тартсақ деген ойымыз бар. Бүгінгі таңда Қазақстан-АҚШ арасындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласында бірлескен кәсіпорындар жоқтың қасы. Ал Ресейде олардың саны өте көп. АҚШ – кәсіпкерлік жағынан дамыған ел. Біздегі зауыттар жұмыс істеп үлгірмей жатып, неге жабылып қалады? Өйткені істі бастауға батылдық жеткенімен, оны одан әрі жүргізуге біліктілік жетпейді, тәжірибе аз. Сондықтан да біз батыстық технологияларды үйреніп, білімімізді жетілдіріп, мықты менеджерлерді тартуымыз керек. Еуропа мен Америкадан зейнеткерлікке шыққан мықты менеджерлерді жұмысқа шақыруға болады ғой? Олар бес жыл, әрі кетсе он жыл ғана жұмыс істеп, еліне қайтады. Есесіне бізге мол тәжірибесін қалдырады. Мысалы, Жапония ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін экономикасы құлдыраған мемлекет болатын. Олар аз уақытта шаруашылығын қалай жөндеп алды? Америкалық менеджерлерді, технологтерді алып келіп, бірлескен кәсіпорындар ашып, жұмыс істеді. Оңтүстік Кореяны алыңыз. Олар да соңғы үлгідегі, заманауи технологияларды қолға алды. Германия соғыстан кейін жағдайы өте нашар болғанына қарамастан, он-он бес жылда ел экономикасын екі аяғына тең тұрғызды. Қазір әлемдегі ең мықты, іргелі экономикалардың бірі. Сондықтан да бізге мықты технологтер, менеджерлер керек. Әрине, амбицияшыл қазақтар бар, бірақ олар іс тетігін біле ме? Қазақстанда мұнай-газ саласынан түсіп жатқан орасан мол қаражат бар, енді Елбасы айтып жүрген экономиканы диверсификациялау үшін мықты менеджерлерді сырттан шақыруымыз керек. Өндірісте зауыт ашып тауар шығару бір бөлек те, ол тауарды сату, дүниежүзілік нарықта өз орнын табу, басқа нарықтарды жаулау – екінші әңгіме. Біз осындай оймен қазақ-америкалық желі құрып отырмыз. Ой-арманымыз – Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту.
– Кеден одағынан қазақ кәсіпкерлері ешқандай пайда көрмеді ме? Мысалы, Ресейдің нарығы он есе үлкен екені белгілі. Сол нарыққа шығудың мүмкіндігі болды ма?
– Біз Ресейдің нарығына шықсақ деп талпындық, көрші елге барып, дүкендер аша бастадық. Бірақ онда нарық әлдеқайда үлкен болғандықтан, бәсеке де күшті. Олардың алпауыттары әлдеқайда озып кеткен, біздің тәжірибеміз олардікімен салыстыруға да келмейді. Біздің елде төрт қалада: Алматы, Астана, Шымкент, Қарағандыда нарық жақсы дамыған. Кішкентай нарықтан үлкен нарыққа өткенде оларға төтеп беру оңай болмады. Сондықтан біз әлі де білімімізді тереңдетіп, тәжірибемізді күшейтуіміз керек. Жалпы, біз үшін Ресейде жұмыс істеу қиын болса, олар үшін біздің нарыққа бейімделу оңай.
– Қазіргі таңда кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет қаншалықты көңіл бөліп отыр деп ойлайсыз?
– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында көптеген зауыттар ашылып жатыр, бірақ оның ішінде аз уақыттан соң жабылып қалып жатқандары да бар. Неге? Өйткені ол зауыттарды ашқанда, оның өнімінің қалай, қайда, кімге сатылатындығын ешкім ойламайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын Қарағандыда құрт ауруын емдейтін дәрі шығаратын зауыт ашылды. Бірақ көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені ол дәріні сатып алушы болмады. Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөліп отыр, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша экономикаға мол қаржы құйып жатыр. Бірақ кәсіпкерлік сана-түйсігі өспей қалған орта деңгейлі шенеуніктер үшін қаржы игерілсе болғаны. Ал нарықтың заңдылығы оған көнбейді, мұнда сұраныс пен ұсыныстың арасалмағы дұрыс болуы шарт. Тағы бір мысал айтайын. Жамбыл облысында 33 млрд теңгеге цемент шығаратын зауыт ашылып, көп ұзамай істен шықты. Петропавлда миллиардтаған теңгеге биоотын шығаратын зауыт ашылды. Бұл, шындығында, тың инновациялық жоба болатын. Ол зауыт неге жабылып қалды? Біріншіден, оның өзіндік құны қымбат болды. Екіншіден, ол зауыт ашыларда, сауатты маркетингілік зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Біз пәленбай миллион доллар жұмсап, осындай зауыттың салтанатты түрде тұсаукесерін жасап, өзімізді көрсету үшін аштық па әлде жаңадан жұмыс орындарын ұйымдастырып, нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету үшін аштық па? Ал ол зауыт жабылғаннан кейін соншама ақша қайда кетті? Оның қаншама заманауи құрал-жабдықтары, технологиялары түгел шетелден әкелінген. Оның бәрі керексіз болып, қаңырап қалды. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Ал оның себебін мен бір ғана жайттан көремін: мемлекеттік бюджеттен экономиканы диверсификациялауға бөлініп жатқан ақша кәсіпкерлердің қолына түсіп жатқан жоқ, оны орта шенеуніктер игеріп жатыр. Мысалы, осы жобаларға бөлінген ақшаның жартысын кәсіпкерлерге берсе, олар сол зауытты ашып, оның жұмысын жолға қойып, жаңадан жұмыс орындарын ұйымдастырар еді, экономиканы ілгерілетуге адал еңбек етер еді.
Орасан көлемде ақша қарастырылып, мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырғаннан кейін бәрі бірдей нәтижесіз деуге де болмас. Оның ішінде жұмыс істеп жатқан жобалар да бар. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның жүзеге асырылуы жайлы тарқатып айтар болсақ, экономикада венчурлы жобалар деген түсінік бар. Ол – тәуекелі басым жобалар. Шенеуніктер мемлекеттік бағдарлама аясындағы көп жобаларға венчурлы инвестиция деп айдар тағып алған. Олардың түсінігі бойынша, 20 шақты венчурлы жобаға инвестиция құйса, соның 19-ы жабылып, біреуі ғана жұмыс істесе болғаны. Сол кәсіпорын басқаларының шығынын жабуы керек. Меніңше, мемлекеттік бюджеттен көп қаражат бөлінгеннен кейін венчурлы инвестиция деген ұғым-түсініктен мүлде бас тарту керек. Біздің нарықта қолға алатын, өндіріс ашып, жұмысты жолға қоятын салалар өте көп. Елбасының өзі айтты ғой, бізде пайдаланылатын құрылыс материалдарының 90 пайызы шетелден әкелінеді екен. Ендеше, неге құрылыс материалдарын өзімізде шығармасқа? Мысалы, жылу сақтайтын құрылғылар, жылу сақтайтын құралдар, құрылыс қоспалары, кірпішті неге өзіміз шығармаймыз? Өз нарығымыздағы сұранысты қамтамасыз ететін тауарлар шығаруды қолға алуымыз керек. Меніңше, экономиканы диверсификациялау үшін Қазақстанның кәсіпкерлерін қамтамасыз етіп, әр кәсіпкердің істеген ісіне, жұмыс тәжірибесіне, ол бастаған жобалардың нәтижесіне қарап, соған байланысты қаражат бөлсе, үлкен жетістіктерге жетуге болар еді.
Мысалы, бір кезде Түркияда, Америкада экономиканы диверсификациялау күн тәртібінде тұрған кезі болған. Олар кәсіпкерлердің қолына қаржы беріп, көп мәселенің оң шешімін тапты. Бізде осыған ұқсас «Бизнестің жол картасы» деген бағдарлама бар. Егер сіз зауыт ашсаңыз, осы бағдарлама аясында мемлекет инфрақұрылымын жүргізіп береді, екіншіден, сіз банктен 13 пайыз үстемемен несие алсаңыз, оның 6 пайызын мемлекет мойнына алады да, сіз тек 7 пайызын төлейсіз. Бірақ, шындығында, кәсіпкер үшін 7 пайыздың өзі – өте көп ақша. Кәсіпорын ашқан адам әуелі бір-екі жыл оның жұмысын жолға қояды, одан соң тағы екі жыл өндірілген өнімді сататын сауда нарығында тұтынушылармен жұмыс істейді, жарнама береді т.с.с. жұмыстармен айналысады. Басқаша айтқанда, алғашқы төрт-бес жылда ол зауыт пайда әкелмейді. Ал банктің үстеме пайызы ай сайын шекесіне тиетін болса, ол қалай жұмыс істемек?
Америкада кәсіпкерлерге берілетін несиенің үстемеақысы 1 пайыздан аспайды. Америкалық кәсіпкер серіктестеріміз бар. Олар Қазақстанда 7-8 пайыз үстемеақымен несие берілетінін естігенде таңғалады.
Шын мәнінде, кәсіпкердің жұмыс істегені мемлекетке пайда емес пе? Біріншіден, ол жұмыс орындарын ашады. Екіншіден, ол мемлекетке салық төлейді. Үшіншіден, ішкі нарықты қалыптастыруға үлес қосады.
Мен бұған дейін бірде-бір несие алып көрген емеспін. Өйткені мұндай үстемемен қарыз алып жұмыс жүргізу мүмкін емес. Меніңше, екінші деңгейлі банктер Америкада, Еуропада аз пайызбен ақша алып, үстінен пайыздық мөлшерлеме қосып, біздің кәсіпкерлерге несие береді.
2012 жылы «Ресейдің ең мықты кәсіпкері» атағын алған Серікбай Бейсекеев деген кәсіпкер бар. Ол жас кәсіпкерлерге «несиеге жоламаңдар» деген кеңес береді. Екіншіден, «ақыл-ойды жұмсайтын кәсіппен айналысқан жөн» дейді. Ал мен өз кәсіпкерлік тәжірибемнен тұжыртып айтар болсам, талай азаматтар банктерден несие алып, бизнес ашып, мойнына қарыз іліп жүр. Көбісінің бизнесін банктер алып қойып жатыр. Меніңше, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту үшін аз пайызды инвестиция керек.
– Болашақта Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға талпынып жүр. Қазақстандық кәсіпкерліктің дамуына осы ұйымға мүше болу қаншалықты көмек болмақ әлде аяғына тұсау бола ма?
– Қазақстанда кәсіпкерліктің дамып келе жатқанына 20 жыл ғана болды. Еуропа елдерінде кәсіпкерлікпен 200, 300 жыл бойы айналысып келеді. Америка – бұрыннан кәсіпкерлер елі. Біз де ойлануымыз керек. 17 миллион ғана халқымыз бар, нарық кішкентай. Ресейдегі нарық бізден он есе үлкен. Жанымызда бір жарым миллиард халқы бар Қытай тұр. Алпауыт елдердің жанында отырмыз. Нарықты дамыту жағынан олармен салыстырғанда, аяғын апыл-тапыл басқан сәби сияқтымыз. Сондықтан бізден көп нәрсені талап етуге болмайтын сияқты. Екінші жағынан, ішкі нарықта ақша көп. Ендеше, қажетті тауарларды, 100 пайыз демей-ақ қояйық, 50 пайызын өзімізде өндіріп, оны өзіміз сатып алсақ, отандық кәсіпкерлікті күшейте алар едік. Кәсіпкерлер күшейсе, олар білімін жетілдіреді, өзін-өзі жетілдіреді, тіл үйренеді. Мысалы, мен шетелдерге барып, түрлі тренингілерге қатысамын, тіл үйреніп, ұдайы ізденумен жүремін. Өзімізге қарасты компанияларда кәсібилікті шыңдау тренингілерін өткіземіз. Сауданы қалай жүргізу керек, тауарды қалай таныстыру керек, оның насихатын қалай жасау керек деген мәселелерді үнемі ойланып, тың шешім іздейміз. Экономиканы диверсификациялау үшін өз мамандарымызды дайындап, кәсіпкерлердің ой-пікірін жетілдіріп, білімін арттырып, кәсібилік деңгейін арттырсақ, олар күшейіп алған соң, кез келген нарыққа бұзып-жарып кіріп, экономикалық интеграцияны дамытуға үлес қосады.
Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға қаржы бөлгенде, оның діттеген жеріне жетуін қамтамасыз ету керек. Футбол ойынын білесіз ғой. Бұл ойында футболшылар бар да, төрешілер бар. Мемлекеттік жүйеде кәсіпкерлер футболшылар сияқты да, шенеуніктер төрешілер сияқты. Төрешілер футбол ойнап кетсе, ойын нәтижесі қалай болады? Сол сияқты шенеуніктер мемлекеттен бөлініп жатқан қыруар қаржыны кәсіпкерлерге дейін жеткізіп, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беруі керек. Олар өздері қаржыны бөлгізіп, өздері кәсіпорын, зауыт ашып, қаржыны өздері игеріп отыр. Бұдан қандай нәтиже шығатынын көріп отырмыз.
Алашқа айтар датым...
Америкада кәсіпкерлерге берілетін несиенің үстемақысы 1 пайыздан аспайды. Америкалық кәсіпкер серіктестеріміз бар. Олар Қазақстанда 7-8 пайыз үстемеақымен несие берілетінін естігенде таңғалады.
Шын мәнінде, кәсіпкердің жұмыс істегені мемлекетке пайда емес пе? Біріншіден, ол жұмыс орнын ашады. Екіншіден, ол мемлекетке салық төлейді. Үшіншіден, ішкі нарықты қалыптастыруға үлес қосады.
Мен бұған дейін бірде-бір несие алып көрген емеспін. Өйткені мұндай үстемемен қарыз алып жұмыс жүргізу мүмкін емес. Меніңше, екінші деңгейлі банктер Америкада, Еуропада аз пайызбен ақша алып, үстіне пайыздық мөлшерлеме қосып, біздің кәсіпкерлерге несие береді.