Дат!

Заманның құндылығы ақша болды ма – сен де өзіңді бұлдай біл!

  • Заманның құндылығы ақша болды ма – сен де өзіңді бұлдай біл!

    Заманның құндылығы ақша болды ма – сен де өзіңді бұлдай біл!

Төлеубек АРАЛБАЙ, актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі:


– Өзінің саналы ғұмырын өнерге, сахнаға арнаған, театрда да, кинода да талай тұлғаларды сомдаған қазақтың аға буын актерлерінің бірі – өзіңіз. Кө­рер­меніңіз сізді театрдан да, кинодан да көреді, жалпы, көрінбей қалған, жұл­дызы жанбаған жан сіз емес. Бү­гінде алпысты алқымдап қалдыңыз. Бір кейіпкеріңіздің монологы бар еді ғой: «Қазір мен өзіме «кіммін?» деген сұ­рақ қоямын, «ақсақалмын ба, әлде қа­рия, жоқ қартпын ба?» деген. Егер осы­ны өзіңізге қойсаңыз, жандүниеңіз­ден қандай жауап естисіз?

– Немат Келімбетовтің:«Үміт үзгім келмейді» пъесасындағы өз сөзімді айтып тұрсыз ғой. Қойылымды көрсеңіз, мен осылардың әрқайсысына, «шал дегеніміз кім?», «қария, ақсақал кім?» дегенге түсі­нік­теме беремін. Сол өзім сұрап, өзім жа­уап беретін кейіпкерімдікі не жөн екенін түсінбей жүретінмін. Бір күні Немат ағаның өзімен әңгімелесіп отырғанда сұраудың реті келе қалды. «Немаға, кейіпкерім ай­та­тын қарттықтың осы үш категориясынан сіз маған қайсысын лайық дер едіңіз?» деп ем, «Сен – шалсың!» деп қарқылдай күлді. Ал шал дегеніміз ол – тек өзінің тұрмыс-тір­шілігін ғана біліп, немерелерінің қасы­нан алысқа ұзамайтын қарт кісі, осы шең­берден шықпайды, яғни қоғамның адамы емес. Бірақ Немағаның қалжыңдағанын біл­дім, себебі мен өзімнің не істеп, нендей істің басынан көрініп жүргенімді білемін ғой. Яғни аз да болса өзімнің ойнаған ке­йіпкерлерім арқылы ел тағдыры, жер тағ­дырын шешуге атсалысып жатқан шығар­мын. Ендеше, үлкен әріппен болмаса да, кішкентай әріппен жазылған ақсақал шы­ғармын деп ойлаймын.

Ақсақал деген міндетті түрде колында билігі бар азамат емес, қарапайым болып та адамзаттық мәселелерді ойлайтын адам. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» қойылымында мен Едігенің рөлін сомдай­тынмын. Нағыз ақсақал деп соны айтуға бо­лады, қарапайым ғана теміржол­шы, бірақ ол тек алдындағы шойынжолды ғана көріп, соны тықылдатқанды біледі де­сеңіз, қате­лесесіз. Иен далада жүріп ақса­қал ұлттың тағдырын ұдайы ойлап, қолы­нан келгенше еліне болысып, қажет болса жанын беруге даяр, сондай ғажап жан. Өкінішке қарай, он шақты жыл болып қалды, репертуардан тү­сіп қалды. Мен шынымды айтсам, сол рө­лім­ді сағынып жүрмін.

– Жалпы, қоғамда қазір сондай «әулие» дерлік адамдарға орын бар ма? Олардың елдікке, ұлтқа деген көз­қарасын, адалдығын ескеріп, құрмет­пен қарай аламыз ба осы өзіміз?

– Шындап келгенде, дәл Едіге сынды таза адамдар қазір «музейлерден» табыл­маса, жай өмірде сиреп кетті десе бол­ғандай. Адамдар ардан гөрі, бас пайданы ойлап кеткендей. Таза болып қаламын, ұлттың сөзін сөйлеймін деп өрекпіген кө­ңіліңіз болған күннің өзінде жан-жақтан қоршаған қорқау қоғам талап тастайды. Саясатта болсын, одан былайғы өмірде де ақсақал деуге тұрарлық азаматтарды кез­дес­тіре алмай жүрмін.

– Ал ауылда ақсақал­дық ин­сти­тут қаншалықты сақталып қалды?

– Қариялар бар ғой, бірақ ақсақалын табу қиын. Оған қариялардың өздері кінәлі емес те, себебі елдік мәселеге араластыр­май­ды, үлкендік ақылын қажетсінбейді мына қоғам. Қазір ақсақалдан гөрі, шенді-шекпендінің бағасы аспандап тұр ғой. Осы­ған ішім ашиды, осыған налимын. Қарт кісі сөзге, іске араласқаны былай тұр­сын, «айналайындар» деп аузын аша бер­се, «сіз араласпаңызшы, қазір қоғам басқа, сіздің заманыңыз өтіп кеткен» дейді де. Ал қария үшін одан ауыр сөз жоқ. Дегенмен оны ойлап жатқан бір адам жоқ. Қазір қоғам қатыгез, адамдар үлкенді сыйлау дегеннен қалып бара жатыр. Қолға билік, астыға жұмсақ орынтақ тисе бітті, кәріні де, жасты да ұмытатын ауру пайда болған. Қай қазақтан көріп ең, бұрын әке-шешесін қарттар үйіне өткізген деген сұмдықты. Ал қазір ол қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Өзінің барын берген ата-ана ақы­рында өз перзентіне керек болмай қалады. Ал сөйткен жастың өзі қартаймай ма, сон­да балалары өзін дәл солай қарттар үйіне тастап кетсе, не істер еді? Әлде ол саналы түрде соған дайын ба? Мен осы Алматы­дағы қарттар үйіне бардым, сонда бір нәр­сеге таңғалдым. Бұрын қарттар үйінде еш­кімі жоқ, балалары да қаза тапқан не мүл­дем болмаған не болмаса аурушаң, мүге­дек жандар тұрады деп ойлаушы едім. Ал ол жақтағы жағдайдың керісінше екендігін көргенде сенер-сенбесімді білмей дал бол­дым. Бұрын елге сыйлы, айтарлықтай қызметте болған ағаларды қарттар үйінен ұшыратқанда төбемнен біреу бір шелек су құйып жібергендей сілейіп тұрдым да қалдым. Түсіне алмадым себебі. Қалайша қоғам қастерлейтін қарттар өз бала-шаға­сына қажет болмай қалғаны?! Балалары тірі, үлкен қызметтерде істейді. Тіпті сұра­дым да ғой солардың бірінен «ақсақал, балаңыз үлкен қызметте, сізге үйінен бір бөлме таба алмады ма?» деп. Бәрібір на­мыс деген қандай, ә, ұлын жамандамайды сонда да. «Білесің ғой мені, тыныштықты қалаймын, ал олар бала-шағасымен ма­зам­ды алады» деді. Сосын мен де «жарай­ды, жаныңыз мұнда тыныш бола қойсын, ал немерелеріңіз ше, оларды бір иіскегіңіз келмей ме?» деп ем, «олардың да менімен шаруасы жоқ, азанды-кеш алдарындағы төрт бұрышты жәшік қызық оларға, соған қадалып отырады да қояды», – деді. Міне, мәселе қайда жатыр. Қазір ата мен немере түгіл, әке мен ұлдың арасында тірі диалог қалып жатыр. Әжелеріміз де «немерелері­мізге ертегі айтсақ, сенбейді» дейді. Себебі олар ертегіні емес, құбыжықты жақсы кө­ре­ді. Өзім де талай мультфильмдерді қа­зақ­шаладым, бірақ соларды көрмейді қазақ балалары.

– Дәл осы бетімен кете берсе, сіз қазақ қоғамының 15-20 жыл кейінгі келбетін қалай елестетесіз?

– Өз басым үшін емес, мен сол неме­релерімнің заманы қандай болады деген ойдан қорқамын. Барлық жерде сыбайлас жемқорлық етек алған. Балабақшадан бас­талады. Ақшасыз еш тірлігің жүрмейді. Білмеймін, осындай қоғам қайтіп көгереді? «Ертең ұрпағымның күні не болмақ?» деген сұрақ қоям да, соған өзім жауап та бе­ріп отырамын. «Заманы қандай болса да, адамы соған үйренеді» деп. Дегенмен адам құнды болуы – шарт. Ар ақшаға сатылмауы тиіс қой? Қоғам әр адамның баға­сын білуі тиіс. Сондай-ақ әркім өз баға­сын біліп және оны ақшадан жоғары ұстаса игі еді.

– Ал сіз білесіз бе өз бағаңызды? Жалпы өз бағасын білу дегенді қалай түсіндірер едіңіз? Ол қандай формада көрініс беруге тиіс?

– Мен өз бағамды білемін. Бір мысал айтсам, сіз де түсінерсіз. Мысалы, мен жар­намаға көп түсе қоймаймын. Себебі болмайтын жерден көріне беру де кісінің бағасын түсіріп жібереді. Әйпесе ұсыныс көп түседі. Байқағаным, қазір актерлерді арзанға түсіргісі келетін жылмақайлар көп. Болмашы ғана 50-100 доллар беріп, әр­тісті құл еткісі келеді. Сондайларға әдейі бір ролик үшін «білесіз бе, менің қалам­ақым 5 мың доллар» деймін. Шошып кет­кені кете берсін, болмаса, арзанға ке­лісетіндерін таба берсін, ал нағыз мені керек еткені сұрағанымды береді. Міне, әр актер, әр маман, әр адам өз бағасын өзі біліп және соны бағалата білуі керек дегенім – сол.

– Жылмақай деп отырғаныңыз кім, актер іздеген режиссерлер ме?

– Қазір режиссерлер ештеңе шешпейді, ақшаға қатысты мәселенің бәрі продю­сердің құзырында. Режиссер де актер се­кілді, соның берген қаржысына тәуелді. Өз дегенін істете алатын режиссерлер аз, көбі үстінен қарайтын продюсерге жалтақтап, соның айтқан актерін түсіруге мәжбүр, соның айтқан бағасын ұсынуға мәжбүр. Әрбірден алғанда «мынаны түсіресің» деп актер таңдап әкеп беретін де – сол продюсер. Режиссер алдындағы актердің арзанға кеп тұрғанын не өзін бағалата білетін актер екенін біледі. Ақыры мына заманның құндылығы ақша болды ма, актерге де неге өзін сол ақшамен қымбатқа бағалата білмеске? Оның не айыбы бар? Керемет актер боп, бірақ басыңда бас­панаң да жоқ бейшара боп жүргенің дұрыс па, әлде өзіңді жоғары қоя біліп, абыройға да кенеліп, әлеуметтік жағдайыңның да жақ­сы болғаны дұрыс па?

– Осы сіздер жүздеген, тіпті мыңда­ған рөл сомдайсыздар, солар кейін ойнамай кеткен кезде ұмытыла ма? Жалпы, бір рөл келесі бір рөл сомдарда кедергі келтірмей ме? Сондай-ақ бір денеде бірнеше жанды арқалап жүру ауыр емес пе, осы?

– Жоқ, керісінше, әр кейіпкердің үй­ретер тағылымы мол. Ал ол тағылым тіпті сен сол рөлді ойнамай кетсең де, ол мәң­гілік жүрегіңде қалады. Ол ұмытыл­майды ешқашан. Жас болсам да мен осыдан 20 жылдай бұрын Иран Ғайыптың «Абайын» сомдап едім. Сол Абай әлі менің кеудемде өмір сүреді.

– Жаныңызға жақындатқыңыз кел­мейтін де кейіпкер бола ма? Сомдаған кейіпкеріңіздің айтқан сөздерінен өзі­ңіздің ішкі жандүниеңіз жиіркеніп, айтуға аузыңыз әрең барған кездер...

– Болды, әлі болса да таңғалмаймын, себебі – бұл өмір, ол – өнер. Оразхан Ке­не­байдың «Ай тұтылған түнінде» мен Дәруішті сомдадым. Сонда оның ең соңында айтатын сөзі бар. «Құдай кім? Оның алдында сайтан кім?» деп еліреді. Өзі – сырткөзге нағыз діндар адам, бірақ екіжүзді болып шығады соңында. Дәл сол диалогке келгенде қиналдым, сосын ре­жиссерге «мен бұл сөзді айтпаймын, ті­лімді жазықты еткім келмейді» деп едім. Ол кісі «айтуың керек, себебі ол нағыз сон­дай екіжүздінің портретін ашатын сөз» деді. Сосын сол рөлді сомдар кезде тап сол сәтінде ішімнен күбірлеп «дінің үшін емес, күнің үшін» деп Жаратқаннан кешірім сұ­рай­мын. Бұл бір ғана мысал, ал ондай мен­де көп болды. Өзім намазға жығыл­май­мын, бірақ түбінде Жаратқанның ал­ды­на бара­тынымды мойындап, әр ісіме, әр сөзіме есеп беретін адаммын.

– Аға, осы айтыңызшы, қоғамда әр нәрсенің орны бар, айталық, мектеп – білім ордасы, емхана – денсаулыққа қарайтын орда, ал театр ше, оның қо­ғамдағы орны қандай? Актердің функ­циясы не өзі? Және әртістер өз функ­ция­сын әрдайым сезіне ме, әлде өзін көрсетуді ғана ойлайтындар көп пе қазір?

– Актердің функциясы – жандүниеге бойлау, қоғамға қозғау салу. Ол қандай рөл ойнаса да, оны жай кейіпкер деп қабылдамай, өзінің азаматтық позиция­сын, ішкі ойларын, тебіренісін сол арқылы жеткізе білуі тиіс. Театр – рухани байлық­тың ошағы. Кей кезде өзім де көңіл-күйім болмай жүргенде театрға келіп, рөл сом­дасам не қойылым тамашаласам, көңілдегі түйін тарқатылады да жөнеледі. Өз өмі­ріңдегі көп сұраққа жауапты осы театрдан, өз кейіпкеріңнен табасың. Кейіпкеріңнің саған шешім тауып беретін кездері көп болады.

– Қазіргі кезде қазақтың, қазақ қана емес, ғаламзат тағдырына қатыс­ты не ой түйесіз? Сізді ең қатты ойлан­ды­ратын не мәселе?

– Құдайға шүкір, әлемнің көп елімен салыстырғанда Қазақстан көшілгері. Ең бастысы, бізде өмір тыныш, ынтымақтас­тық, мамыражай өмір бар. Оған жан-жақ­ты болып жатқан соғысқа қарап өзіңіз де көз жеткізе аласыз. Руханиятта да біздің жағ­дайымыз жаман емес. Кезінде КСРО бойынша «Тәжікфильмнің» түкірігі жерге түспей тұратын. «Өзбекфильм» мен «Қыр­ғызфильм» тұратын содан кейінгі орын­дарда. Қазір оларда ештеңе жоқ. Ұлттық театрлары жоқ. Соларға қараймын да қазақ болып туғаныма қуанамын. Тәжік актерлері де бізге кейде: «Сендер қандай бақыттысыңдар! Өнерлеріңді, ұлттық өнер­ді сақтап қалдыңдар», – дейді. Соны айтқан кезде мұң жатады көздерінде.

– Тыныштық, жайбарақат өмір жақсы, бірақ тым көнбіс те емеспіз бе, осы?

– Иә, момынбыз, бірақ қазақтың бір жақсы қасиеті бар, ол – намысқа тигенді аямау. Үндемейді, соңына дейін шыдайды, ал намысына тиді ме біреу, бітті, шыдам­ның да шегі бар ғой. Білегін сыбанады да «алға!» дейді. Баяғыда батырларымыз жекпе-жекке шығарда әдейі бір-бірінің намысына тиетін болса керек. Ол қалай дерсіз? Жекпе-жекке шыққалы тұрған батырды шоқпармен әрі түртіп өтеді, бері түртіп өтеді. Ондағы мақсат – жауға қарсы ашындыру. Қан шыққанша үндемейді, төзе­ді екен әлгі, ал қан шықты ма денеден, бітті, тоқтата алмайды оны ешкім. Себебі ашынған адамның алмайтын қамалы жоқ. Кешегі желтоқсанда да осыған көзіміз жетті. Қазақ үнсіз көнді, шыдады. Ақыры сұ­рады «көкелер, ағалар, түсіндіріп берің­дерші, не болып жатыр өзі?» деп. Болмаған соң барып, ашық күреске шықты.



Алашқа айтар датым...

– Ұлт мәселесі дегенде мені қазіргі діннің ахуалы алаңдатады. Құдай имансыздықтан сақтасын. Бірақ қырыққа бөлінген діндарлардың ахуалы одан да жаман. Тек біздің емес, төрткүл дүниенің түбіне осы қасиетті дініміздің атын жамылған, шын мәнінде оған еш қатысы жоқ арамза пиғыл жетпесе екен дегенді жатсам да, тұрсам да тілеймін. Біз өзіміздің қолда бар байлықтарымыздың қадірін білуіміз керек. Ең бірінші кезекте ол – сүттей ұйыған бейбітшілік. Тәжік актерлерімен кездесеміз дедім ғой, солар «қазақтар, сендер қандай бақыттысыңдар, бәрі бар ғой сендерде» деп тамсанады. Сондай кездерде мен қазақ болып туғаныма одан сайын қуанамын.





Көрілген: 2300    Пікірлер: 0

сенбі, 02.11.2013, 12:19

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30