Дат!

Заманның өзі тарихи дамудың бір кезеңдерінде өз тұлғасын алып шығады

  • Заманның өзі тарихи дамудың бір кезеңдерінде өз тұлғасын алып шығады

    Заманның өзі тарихи дамудың бір кезеңдерінде өз тұлғасын алып шығады

Сергей Александрович Терещенко, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі, қоғам қайраткері:


– Сіздің еншіңізге тәуелсіз мемлеке­тіміздің алғашқы Үкіметін басқару мін­деті бұйырған екен. Бүгінгі күн биі­гі­нен қарағанда, сол кездегі жас мем­ле­кетіміздің алдындан туындаған қиын­дықтар қандай еді? 20 жылдам ас­там уақыт бұрын біз қандай едік?

– Иә, 22 жыл аз уақыт емес. Қазір сол кездегі қиындықтар ұмытыла бастады, тіпті біржолата ұмытылып кетсе екен деймін мен. Өйткені сол кездегі, Одақтың ыды­рауынан кейін туындаған мәселелер орасан зор болатын. Біртұтас ағза тәрізді бір-бірімен біте қайнасқан экономикалық байланыстар, бір-біріне тәуелді өндірістік процестер, біртұтас ақша-қаржы жүйесі – осының бәрін үзіп тастау халық өміріне айтып жеткізе алмас қиындықтар алып келді. Оның ауыртпалығын сол салмақты арқалаған халық біледі.

Айта кетуім керек, Қазақстан сол кез­дегі одақтық міндетіне адал болды, қазір кім қалай бағаласа да, 70 жыл ынтымақта өмір сүрген сол Одақтан біз Ресей өз тәуел­сіздігін жариялағаннан кейін ғана ең соңы болып шықтық. Кеше ғана алып елдің құ­ра­мында болған республикалар ыдырай бастаған кезде-ақ Елбасы «бәрін асықпай ақылмен шешейік, ішкі-сыртқы саясаты­мыз­ды үйлестірейік, интеграция керек, ко­ординация керек» деп, бүгіндері ғана қол­ға алына бастаған ынтымақтасу тенденция­сына бастама беріп кеткен болатын. Бірақ оны тыңдар одақтастар қайда, одақтық ор­тақ меншікке қол салу, қаржылық ала-құлалықтар, бірін-бірі тиімді нарықтардан ығыстырулар басталды. Біздің еліміз де Тә­уел­сіздігін жариялап, өзінің даму бағытын нақ­тылап, дербес, егемен ел болуға қадам жасады.

Осындай қиын-қыстау кезде Прези­дент­тің таңдауы маған түсіп, Үкіметті бас­қа­руға шақырды. Халық депутаттарының темір талқысынан өтіп барып премьер-министр болып тағайындалдым. Ал сол кездегі еліміздің экономикалық жағдайы, шынымен де, өте ауыр еді. Басқасын айт­пай-ақ қояйын, еліміздегі өндіріс күштері­нің 93 пайызы одақтық министрліктерге ба­ғынатын. Соның бәрін еліміздің эконо­ми­ка­сына кіріктіріп, тиімді байланыстар орнату, шикізат тауып беру, бізді ортақ ва­люта жүйесінен ығыстырып шығарғаннан кейін дербес қаржы жүйесін жолға қою оңай шаруа емес еді. Оның сыртында жа­лақы мен зейнетақыны уақытында беру, 2500 пайызға жеткен гиперин­фля­циямен күресу, халықты жұмыспен қамта­ма­сыз ету, дүкеннің жалаңаш сөрелерін тол­тыру сияқты қыруар жұмыстар тұрды. Бір ғана Петропавлдағы Ленин атындағы зауытта 10 мың адам жұмыс істейтін. Шар­уашылық байланыстар үзілген кезде тап­сырыстар да тоқтады, ал адамдарға жұмыс тауып беру керек болатын. Бірде – шахтер­лер, келесі­де металлургтар ереуілдеп жат­ты. Өте күрделі де қиын ахуал еді. Бірақ иінімізді түсірмей, сол қиындықтармен бел шешіп күресу ке­рек болды. Елбасы сияқты мен де ұшақта өмір сүретін болдым, бір қаладан ұшып шығып, екінші қалаға жеткенде оя­на­тын едік. Республиканың бір тоқсандағы табы­сы, сенсеңіз, шамамен 50 миллион дол­лар­ды құрайтын, оны барлық облыс­тарға пышақ үстінен үлестіретінбіз. Ал мұ­найдың әлем­дік нарықтағы бағасы баре­ліне 9 дол­лар еді! Осындай жағдайда бар­лық қиын­дық­тармен арпалыса жүріп, эко­номикалық құлдырау мен терең күйзелісті бастан өтке­ре отырып экономиканың даму бағытын нарықтық жолға түсіру керек еді. Мем­ле­кет­тің мойнынан көптеген жүкті алып, оны нарықтық ортаға беру керек бол­ды, яғни жекешелендіруді бастадық. Оның ең бір ұтымды мысалы ретінде «Филипп Морис­пен» жасаған келісімді атауға болады. Сол 100 миллион доллар бюджеттің қаншама олқылығын толықтыр­ды. Ауыл шаруашы­лы­ғын реформалауды бастадық. Әрине, бар­лық қадамдарымыз сәтті болып кетті дей алмаймын, оның іш­ін­де осы ауылға да байланысты шаралар кешенін айтуға бо­лар. Бірақ сол өзгерістер­дің арқасында бұ­рын кеңестік экстенсивтік пайдаланудың арқасында тоза бастаған жер иесін тапты, нарық субъектісіне айнал­ды. Айта кету ке­рек, сол кезде біз басым­дық­ты шағын та­уар­лы шаруашылық­тарға емес, акцио­нерлік қоғамдар құруға беруі­міз керек еді. Бірақ еліміздің бүгінгі ауыл шаруашылығы дәл осы бағытта дамып келе жатқанын кө­ріп отырмыз. Ал әлемдік деңгейдегі дербес қаржы жүйесін қалып­тастыруда қаншама жұмыстар атқаруға тура келді? Төл теңге­мізді енгізудің тарихы­ның өзі талай әңгі­меге арқау болары анық. Бүгіндері жалға­сын тапқан экономиканы модернизация­лау, инфрақұрылымдық өз­ге­рістер, жалпы, нарықтық жолға түсу жұ­мыстары Прези­дент­тің тікелей қадаға­лауымен осы кезең­де басталды.

– Бір қызығы, Президент те, өзіңіз де кеңестік дәуірден шықтыңыздар, марк­сизм-ленинизм ілімімен қару­лан­дыңыздар. Ал нарықтық жолды таң­дап, либералды реформаларды жүр­гізуге басқа ұстаным керек еді ғой?

– Ол замана талабы еді. Еліміздің алдында мүлде жаңа саяси-экономикалық формацияға өту, саяси және экономикалық тұрғыдан қайта жаңғыру міндеті тұрды. Бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлының аса сезімталдығын, жаңаға бейімдігін, көре­ген­ділігін, тіпті көп жағдайдағы интуитивті түйсігін ерекше атап өту керек. Жаңа мем­лекеттің даму бағытын дәл таңдай білу, экономикалық басымдылықтарды дұрыс анықтау – осының бәріне заңнамалық негіз­дер жасап, саяси институттар құрып, на­рық­тық қатынастар орнатуға орасан зор саяси ерік-жігер қажет еді. Оған қоғамның, парламенттің қарсылығын қосыңыз, өйт­кені социалистік ұстанымдар, кеңестік мен­талитет пен дүниетаным бір мезетте жоғалып кетпейді ғой. Осындай жағдайда біз жұмыс істей жүріп оқыдық, оқи жүріп үйрендік. Англиядағы жекешелендіру қалай жүзеге асты, Шығыс Еуропа елдері қалай көтеріліп келеді, Қытай қалай дамып жатты – осының бәрі көрнекі құрал тәрізді көз алдымыздағы мысалдар еді. Елбасы бізді, Үкімет мүшелері мен экономист-ғалымдарды, қайда барса да, өзімен бірге алып жүрді, «көріңдер, қараңдар, үйре­ніңдер, жақсысын алыңдар, біздің топы­раққа лайықтап пайдаланыңдар» деп оты­рып көптеген елдерді аралатты.

Сонымен бірге бұл жұмысқа шетелдік ғалымдар да тартылып, Жоғарғы эконо­ми­калық кеңес құрылды, оның құрамын­да әлемдік деңгейдегі экономистер жұмыс істеді. Халықаралық валюта қоры, Әлемдік банк, ЕБРР тәрізді институттардың да көп көмегі тиді. Президент әлемдік дамудың ең үздік тенденцияларын, озық үлгілерін қа­был­дауға тырысты. Осындай кешенді жұ­мыстардың арқасында еліміз одақтас рес­публикалардың ішінде алғашқы болып толыққанды нарықтық реформаларды жү­зеге асырды. Нәтижесінде жедел дамуға қол жеткіздік, 2000 жылдардың басында-ақ тұрақты даму траекториясына шыға алдық.

– Елбасының «алдымен – экономи­ка, саясат – содан кейін» деген ұстаны­мы қандай жемістерін берді?

– Әрине, Президенттің солай дегені рас. Өйткені алдымен халықтың әл-ауқа­тын жақсартып, тұрмыс деңгейін көтер­ме­йін­ше, сындарлы саяси жол іздеу мүмкін емес. Әйтсе де ол экономикамен қатар, сая­си жаңаруларды, саяси реформаны да құстың қос қанатындай етіп бірге алып жүрді. Өйтпеген жағдайда елдің дамуы бір­жақты болып, гармониялық үйлесімді іл­гері жылжу болмайтын еді. Ал елді, мем­лекетті жаңғыртуда экономикалық дамуға басымдылық берілуінің бір себебі – біз өте үлкен өз­ге­рістер жолында едік, бұ­рын ешкім баспаған соны бағытта болдық. Біз әрда­йым уақыт тапшылығында жұмыс істедік, заман ағы­мы үнемі цейтнотқа әкеліп тіреп отырды, сол жылдамдыққа ілесуіміз қажет болды. Осы жерде аса сақтық танытпаса болмай­тын еді.

Бұл жағдайда көбінесе президенттері үсті-үстіне алмасып, экономикалық даму мәселесі қалтарыста қалған Қырғызстанды мысалға аламыз. Ал дәл бүгіндері толқып жатқан Украина ше? Оның проблемала­рының бәрі де саяси-экономикалық ре­фор­маларды толыққанды жүргізе алмау­дан, алған бағыттарынан жиі ауытқудан, қолға алған істерін аяқсыз қалдырудан ту­ындап отыр. Жүйелі түрде айналыспайын­ша, ешқандай мақсатты жүзеге асыра ал­май­сың. Дамудың әр кезеңіне сол нақ­тылық­тарға сай тиісті базис пен қондырма керек. Сондықтан да Елбасының дұрыс басым­дық­тарды әуел бастан нақтылап, сол жол­да үлкен бағдарламалық құжаттар қабыл­дап, бүкіл елді сол бастамаларға жұ­мыл­ды­ра отырып, қазіргі әлем мойындап отыр­ған нәтижелерге алып келуі – оның шын мәніндегі Ұлт Көшбасшысы екендігінің нақты айғағы.

– Демек, Елбасы тұлғасының өзі мемлекетіміздің қалыптасуы мен даму мазмұнының шешуші факторы болға­ны ғой?

– Замананың өзі тарихи дамудың белгілі бір кезеңдерінде өз тұлғасын алып шығады десек те немесе сол тұлғаның өзі тұтастай дәуірдің өзгеруіне әсер етеді десек те, Нұрсұлтан Әбішұлы осы екі сипатқа да сай келеді. Мен «бізге Назарбаев сынды Пре­зиденттің бұйыруы маңдайымызға біткен бақ десек те болады» деп әрдайым айтып келемін. Бұл сөзді мен «Президенттің мығым солдаты» деп аталғандығымнан емес, өмірдің шындығынан туындаған­дықтан айтып отырмын. Кеңестік кезеңдегі басқарудың барлық сатысынан өте оты­рып, сол жинақтаған тәжірибесі мен қазіргі заманғы тенденцияларды үйлестіре оты­рып, осы синергияны жаңа мемлекеттің жаңа сипатына бағыттай білуі, кеңестік және нарықтық болып бөлінетін екі дәуірді асқан шеберлікпен жалғай білуі және де осындай тарихи миссияны атқаруға лайық бола білуі Елбасының тұлғасының еректігін айқындап тұрғандай.

Елбасы – тумысынан шаруаның адамы, оның іскерлік энергетикасына төтеп беру, ілесудің өзі оңай емес. Ол әрқашан да прог­рес­сивті ойлау қабілетімен ерекше­ленеді. Қазір бізде сегізінші Үкімет жұмыс істеп отыр ма, демек, басқарушылардың сегізін­ші буыны оның бастамаларын алға жыл­жы­тып келеді. Егер оған бәріміз де ілесе алсақ, алмасулар қажет болмас та еді. Осындай кезеңде Президенттің қасынан табылып, тарихи қажеттіліктен туындаған өзгерістер мен жаңғырту кезеңінде сол үрдістерге қолдан келгенше өз үлесіңді қоса білу де мен үшін адами бақыт болып табылады.

– Біздің бүгінгі мейрамымызды - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін қандай мазмұнмен толықтырар едіңіз?

– Елбасы жаңа, тәуелсіз, егемен мем­ле­кетіміздің бастауында тұрды. Тарихтың өзі оған осындай асқан жауапкершілік пен тарихи миссия жүктеді. Еліміздің, қоғамы­мыз­дың тағдырында ел тізгінін осындай жауапты сәтте қолына ала білген жетекші тұлғаның орны ерекше. Сондықтан да ел егемендігінің тарихи межесінде туындап отырған бұл дата үлкен мәнге ие болмақ. Яғни ол еліміздің даму кезеңі кезекті бір белеске жеткендігін көрсетеді: өткен ширек ғасырда еліміз мемлекеттіліктің барлық атрибутына қол жеткізді, Қазақстан мем­лекет ретінде қалыптасты, кемеліне жетті. Қоғамымызда жаңа биіктіктерге ұмты­латын, кез келген қиындықты жеңуге бағытталған психология қалыптасты, қо­ғам­дық татулық пен ынтымақ орнықты. Ос­ындай кезеңде Ұлт Көшбасшысының болашаққа бағытталған бағдар жасай білуі, сол жолдағы басты мақсаттарды ай­қындай білуі үлкен маңызға ие. Ал осы мақсаттағы «Қазақстан-2050» атты жаңа Стратегиямыз еліміздің өмірінде жаңа сапалы даму кезеңі басталып отырғанды­ғын көрсетеді. Бұрындары біз Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерімен бой салыстырып келсек, ендігі жерде әлемдік деңгейге қарай еңсе түзейтін боламыз. Осы деректің өзі ел өмірінің даму страте­гия­сының парадигмасына өзгерістер еніп отырғанын көрсетіп отыр.

Немесе осы орайда ел Президентінің Жал­пыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы концепциясын алайық. Бұл Елбасы­ның еліміз бен қоғамымызды жетілдіруге бағытталған стратегиялық жоспарындағы аса маңызды бағдарламалық құжат болып табылады. Бұл концепцияда қоғамның, еңбек адамдарының тек өміршең еңбегі ғана мемлекет пен қоғамның, қарапайым отбасы мен жеке адамның өмірін барлық тұрғыда жақсартып, гармония мен үйлесім орнаған қауымдастықта өмір сүруге жетелейтіні көрсетіліп отыр. Бұл құжаттың потенциалы ерекше, біз оны әлі толық­қан­ды бағалай алған жоқпыз. Ол тіпті жаңа қоғамдық идеологияға ұласуы да мүмкін, алдағы уақытта одан туындайтын талай үрдістерді өз көзімізбен көретін боламыз. Демек, ел дамуында жаңа, сапалық тұрғы­дағы өзгерістер күтіп тұр. Бұл жаңа саты, жаңа дәуірлік даму Елбасы тұлғасымен ты­ғыз байланысты болмақ.

Сонымен қатар бұл жаңа мейрамды мен қазақстандықтардың ынтымағы мен толеранттылығымен де байланыстырар едім. Өйткені партиялық жұмыста да, ха­лық­тар Ассамблеясында да мен әрдайым еліміздегі татулық пен ынтымақты дамыту бағытында жұмыс істеп келдім, сондықтан да оны жоғары бағалаймын. Бұл, шынында да, ардақтап-қастерлеуге тұратын жетістігі­міз. Өйткені еліміздің уникалды байлығы болып табылатын халықтар достығы, қо­ғамдағы татулық ел Президенті осындай орасан зор өзгерістерді жүзеге асыра оты­рып сақтап қалған асыл құндылығымыз бо­лып табылады.

Тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана мер­зім болып табылатын осы уақыт кесіндісін­де біз үлкен табыстарға қол жеткізе алдық, тек оны алдымен өзіміз бағалай алуымыз керек. Еліміздің даму потенциалы өте жо­ға­ры, табыстарымыз да ауқымды, ол объ­ек­тивті халықаралық рейтингілердегі алған бағаларымыздан-ақ көрініп тұр. Егер біз қа­зір орта мерзімдік бағдарламалардағы мақсаттарымызға қол жеткізе алсақ, еліміз алмайтын қамал, еңсермейтін биіктіктер бол­майды дер едім. Ол үшін алдымызға ай­қын мақсаттар қоя отырып, қоғам болып жұ­мылуымыз қажет. Елбасы жариялаған жаңа стратегия бізді осы бағытқа жете­лей­ді.

Мен қазақстандықтарды осындай жы­лы, ынтымаққа толы, мазмұнды да мәнді, асыл мақсаттар жолында халықты Елба­сы­ның айналасына біріктіре алатын, қоға­мы­мызды жарқын болашаққа бастайтын жаңа мейрамымен шын жүректен құттық­тағым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!



Оқшау ой

Елбасы – тумысынан шаруаның адамы, оның іскерлік энергетикасына төтеп беру, ілесудің өзі оңай емес. Ол әрқашан да прогрессивті ойлау қабілетімен ерекшеленеді. Қазір бізде сегізінші Үкімет жұмыс істеп отыр ма, демек, басқарушылардың сегізінші буыны оның бас­тамаларын алға жылжытып келеді. Егер оған бәріміз де ілесе алсақ, алмасулар қажет болмас та еді.





Көрілген: 2650    Пікірлер: 0

сенбі, 30.11.2013, 12:15

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31