Саяси сахна

Елді тастап кеткендердің үйлерін қайтарып беруге тиіспіз бе?

  •  Елді тастап кеткендердің үйлерін қайтарып беруге тиіспіз бе?

    Елді тастап кеткендердің үйлерін қайтарып беруге тиіспіз бе?

20 жылдан астам жыл бұрын, бір дәуірді артқа тастап жаңасына аяқ басқан өтпелі қиын-қыстау кезеңде Қазақстаннан шетелге жосылғандар жетерлік болды. Соның салдарынан кезінде көз алдымызда жайқалып, гүлдеп тұрған Арқалық, Жаңатас, Теміртау сынды барлық шағын қалаларымыз үңірейіп, ондағы тұрғын үйлер біртіндеп қирандыға айналып, ішімізді ашытты. Арасында ауылдан келгендер кейбір осындай бос, иесіз қалған баспаналарға бас-көз боп, сақтап та қалып жатты. Алайда Қазақстан жағдайын түзеп, еңсесін тіктегенде, әсіресе іргедегі мемлекеттерді тұрақсыздық жайлай бастағанда кешегі кеткендердің көбісі елге орала бастады. Олардың қиын кезеңде елді тастап кетіп, енді қайта оралып қараусыз қалдырған баспаналарын даулауы бүгіндері қоғамда үлкен мәселе туғызып тұр. Сондықтан «Алаш айнасы» басылымы осы мәселенің заңдық жағына тереңірек үңіліп көрмекші...

Дін және көші-қон жөніндегі америкалық зерттеу орталығының мәліметтеріне сүйенсек, КСРО ыдырағаннан бері Қазақстаннан кеткендердің 90 пайызға жуығы Еуропаға ат басын тіреген екен. Ал өз өңіріміздегі елдерде, мәселен Ресейде 2 миллонға жуық, Украинада 250 мың, Беларуссияда 70 мың қазақстандық мигранттар өмір сүріп жатыр екен. Оның көбісі, мысалы соғыс жағдайындағы Украинадағылар бүгіндері Қазақстанға оралғысы келеді, келіп жатқандары да баршылық. Ресейден де келушілер де жетерлік. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, бастапқылар шынында бас сауғалап, осында пана іздеп келсе, ал соңғылары кедендік шектеу жойылғаннан кейінгі артықшылықтарды пайдалануда бұрындары осында қалып кеткен баспаналарын даулап, ақша көргісі кеп жүр. Оған жол беретін заңымызда жолдар да бар екен.

Нақтырақ айтқанда, 15 жыл бұрын азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасын қалтқысыз жүзеге асыруда биліктегілер қаладағы иесіз қалған үйлерге ауылдағылардың кеп кіруіне рұқсат берген. Бірақ осы істі олар заңдастыруды ұмыт қалдырған. Салдарынан бүгіндері үйін даулап келушілердің кесірінен кейбір отандасымыз далада қалуға мәжбүр.

Кезінде мемлекеттің өзі иесіз үйлерді ел азаматтарын пайдалануға шақырып, оны енді ешкім тартып алмайды деп сендірген. Бірақ қазір үйді даулаушылар табылып жатыр. Дау сотқа жетсе де биліктегілер бұған еш қатысы жоқтай, үн-түнсіз. Бәрінен масқарасы, соттың үйді бұрынғы иелері есебіне қарай шешім шығарған кездері жиі кезедеседі. Мұндай жайт ел өңірлерінің түкпір-түкпірінде көптеп белең алып жатыр. Тіпті, Шахтинскіде иесіз үйді 15 жыл бойына пана еткен әйел сот шешімімен далаға қуылғанда өз-өзін өртеп жібере жаздаған.

Гәп, қайда десек, бұл арадағы мәселенің барлығы заңдастыруға келіп тіреледі екен. Ал заңдастыруды ел азаматтары емес, биліктің өзі жасауы керек болған. Заңдастыру процедурасы Азаматтық кодексте ақ-қара жазумен ап-анық көрсетілген.

Азаматтық кодекстің 242 бабына сәйкес, иесіз үйлерді жергілікті БТИ қожайыны жоқ деп есепке алуы керек. Бір жылдан соң (осы кезеңде қожайындары табылмаса) мүлік коммунальдық меншіктің бөлігі боп табылады. Міне, осыдан кейін оны өзгенің қолына беруге болады. Онда да барлық жағдайда емес. Коммунальдық баспана тек баспана кезегінде тұрғандарға ғана беріледі. Заң осылай дегенмен оны сақтап жатқан бізде ешкім болмаған.

Сол секілді заңда мынандай нормалар бар: егер иесіз жатқан үйді біреу иемденіп, онда жеті жыл бойында үздіксіз тұрса, ондай жағдайда жеке тұлға әділет органына оны жеке мүлкі ретінде тіркетуге арыз жаза алады. Осыған сәйкес, алдындағы пәтер иесі өз құқығынан автоматты түрде айырылады. Ал егер заңды қожайын жеті жылға дейін пайда болса, онда «пәтерді өз еркімен иемденуші» қуылады. Енді қызығын айтайық, сотта иесіз үйге келуші онда тұрған мерзімін дәлелдей алмайды екен. Өйткені ол үй әу, баста иесіз деп жергілікті органдармен тіркеліп, есепке алынбаған. Міне, осындай құқықтық былық-шылық бұл мәселені саудаға айналдырып жіберген десе де болады. Сондықтан ҚР Жоғары соты Қайрат Мәмидің өзі бұл мәселеге араласуға мәжбүр болған. «Мен соттарды иесіз үйдің бұрынғы қожайындарының айтқандарына ермеуге шақырамын. Пәтер иесіз деп танылуы тиіс дегеніне, әсіресе. Сот тәжірибесінде иесіз баспаналар мәселесі баяғыда реттелген. Бірақ осы пәтерлерде 20-25 жыл тұрған адамдар соттың шешімімен неге далада қалып жатыр?Ол үйді жөндеп, қалпына келтіріп, онда 15 жыл тұрады, осы кезде қожайын, тіпті қожайын да емес делдал-сатушы пайда болады, үйді көріп, одан жақсы ақша жасауға болатынын аңғарады. Сөйтіп қандай да бір жерден, әлдекімдер арқылы сенімхат тіркетіп алады, ал шынтуайтында бұрынғы қожайынның елге қайту туралы ойы да жоқ. Сіздер болсаңыздар, сол алақтардың құқығын қорғайсыздар» деп өткен айда болған соттар жұмысы жөніндегі кеңейтілген алқа мәжілісінде әріптестеріне дүрсе қоя берген.

Бұл мәселеге Жоғары соттың айырықша көңіл бөлуін заңгер Кәрібай Тасшабаев жақсылыққа жориды. Өйткені ол Жоғары соттың араласуымен бұл мәселеге нүкте қоюға болады деп санайды.

– Бізде иесіз үйлер мәселесін реттеудің барлық заңнамасы әлдеқашан жасалып қойған. Бірақ соны орындау жағынан қателік кеткен. Мысалы, жергілікті атқарушы билік өз территориясындағы бос үйлерді кезінде тіркеуге алып, есепке қоймаған. Осыны бұрынғы қожайындар қазір қолына «көзір» етіп отыр. Енді қайта құрылымдалған үкімет аймақтарға осы жіберген олқылықтарын түзеу жөнінде өңірлерге бұйрық хат жолдауы керек. Егер белгілі бір мерзім ішінде бұл мәселе реттелмесе, онда осындай айыптар күтіп тұр дегендей. Сөйтіп тіркеуге алған бұл нысандарды алдағы қыркүйек айындағы заңдастыру процесіне іліктіру қажет. Ал заңдастыру жағы реттелгенге дейін сотқа түскен мұндай істерді азаматтық істі қарауға дайындық, жағдайды анықтағанға дейінгі деген секілді нормалар есебінде ұзарта тұруға болады. Сонда заңға ешқандай өзгерістерді енгізудің қажеті болмайды. Жоғары соттың бір хатымен-ақ бұл мәселені реттеуге болады. Мұны Қайрат Мәми таяудағы мәлімдемесімен қол астындағыларға анық аңғартты деп санаймын, - дейді маман.

Бұл арада соттардың өзінен қателік кетіп жатқанын Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі қадағалау коллегиясы да мойындайды. Сондықтан олар қазір бұл мәселеге жіті көңіл бөліп отырған көрінеді.

«Бұл мәселе Жоғары сотпен 2000 жылдардың ортасында шешімін тапқан. Бұл – өте сақтықты қажет ететін дау-дамай. Алайда кейбір өңірлерде, мысалы Қарағанды облысында мұндай жағдайлар қайталануда. Күрделі емес істер бойынша қателіктерге жол беріледі, зейнеткерлер мен мүгедек жандардың құқығын шектейді»,- деген таяудағы баспасөз алдындағы мәлімдемесінде ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі қадағалау коллегиясының төрағасы Еліс Әбдіқадыров.

Бұл фактілерден еліміздегі иесіз үйлердің құлықты қоздырушы нысанға айналғанын анық аңғаруға болады. Бәрінен бұл жайтта елімізге уақытша келіп-кетуші емес, жағдайы жайсыз тұрғылықты қазақтардың таяқ жеуі жанға батады.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 1130    Пікірлер: 1

жұма, 08.08.2014, 15:29

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30