16 жылдан бері қашып жүрген Асқар Ақаев Қырғызстанға қайта оралды

14 желтоқсан 2021, 16:03

Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев отанына қайта оралды. Бұл туралы Sputnik Қырғызстан құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Экс-президенттің келуінің себебі нақтыланбады. Оны жақсы танитын саясаткерлер әзірге телефонға жауап бермеді. 

Еске салсақ, биыл тамыз айында Асқар Ақаев 16 жылдан бері алғаш рет Бішкекке келіп, құқық қорғау органдарына тергеу амалдарын жүргізуге көмектескен. 

Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, Ақаев "Құмтөр" ісі бойынша тергеуге атсалысқан. Бұған дейін Ақаевқа қатысты 1992 жылы осы жоба бойынша бас келісім жасасу, оған 1994 жылы өзгерістер енгізу кезінде, сондай-ақ 2003 жылы "Камеко" компаниясымен бас келісімді қайта құрылымдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікке ілінді.

Қырғызстанда ол бірнеше күн болды. Ал ұшпас бұрын елден не үшін кеткенін түсіндіріп, видео-үндеу жариялады. Ол "Құмтөр" жобасының республика үшін тиімсіз болғанын мойындап, құжаттарға не үшін қол қойылғанын түсіндірді.