2022 жылдың бірінші жартыжылдығында 9 млн қазақстандықты ревакцинациялау қажет — А. Мамин

28 желтоқсан 2021, 10:08

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

 

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін баяндады.

 

Инфекциялық және реанимациялық төсектердің жүктемесі 17% құрайды. Коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызу және ауыр жағдайлар саны айтарлықтай азайды. Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша өңірлердің көбісі (15) және жалпы Қазақстан Республикасы «жасыл аймақта» орналасқан. Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы «сары аймақта» тұр.

 

 

Бүгінгі таңда 9 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек адамдардың 80%-ға жуығы, 8,5 млн-ға жуық адам немесе ересек адамдардың 75%-ы екінші компонентін алды. 242 мың жасөспірім вакцинаның І компонентін алды, II компонентін – шамамен 90 мыңы. Ревакцинациядан 450 мың адам өтті.

 

Сонымен қатар әлемде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, Үкімет басшысы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды, оның ішінде үй-жайлар мен қоғамдық көліктерде маска тағу режимін, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтаудың қатаң міндеттілігіне ерекше назар аударды.

 

Премьер-Министр тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандырып, халықты жаппай ревакцинациялау қарқынын арттыруды тапсырды.

 

«Жаппай ревакцинациялау жұмыстарын күшейту қажет. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында шамамен 9 млн адамды ревакцинациялау қажет», — деді А. Мамин.

 

Вакцинаның екінші компонентін алған сәттен бастап 6 ай уақыт өткен азаматтар бұған дейін салынған вакцинаның түріне байланысты қайта вакцина алады.

 

 

 

primeminister.kz