А.Балаева: Жастар ұйымдары өзара тиімді қарым-қатынас жасауы керек

23 желтоқсан 2021, 18:54

Nur Otan партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Кеңес жұмысына Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, барлық өңірлерден бірқатар кеңес мүшелері қатысты.

 

Министр биыл Президент «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

 

«Біз тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына Ұлттық жобалар аясында жаңа міндеттермен еніп отырмыз. Соның ішінде, «Ұлттық Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы барын білесіздер. «Тәуелсіздік ұрпақтары» осы жобаның үшінші ауқымды бағыты. Оның аясында, жастардың базалық сұраныстарын анықтап, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, оларды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетін арттыру сынды нақты мақсаттар көзделген», деді А.Балаева.

 

 

Министр республикалық және өңірлік жастар ұйымдарын өзара белсенді іс-қимыл жасап, қарым-қатынас орнатуға шақырды.

 

«Жастар ұйымдары қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыруы тиіс», деп атап өтті А.Балаева.

 

Іс-шара соңында Министр кеңестің белсенді жас мүшелерін Алғыс хаттармен марапаттап, барлығын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.