АЭС салуға қанша қаражат жұмсалатыны белгілі болды

24 мамыр 2022, 19:17

Айта кету керек, биыл ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін қайткен күнде де атом электростанциясы керек, деді.

Қазақстанда Атом электр станциясы салынатыны айдан анық. Соңғы бір жылда мұны президенттен бастап салаға жауапты мамандар ашық айта бастады. Жекелеген сарапшылар да Қазақстандағы АЭС құрлысының экономикалық негіздемелері мен қауіпсіздігі туралы мәселелерді талқылау үстінде, деп хабарлайды 7kun.kz ақпарат агенттігі.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин энергия алу бекетінің құрылысына шамамен 6-12 млрд АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсалатынын мәлімдеді. Қазір бұл қаражат АЭС-тің 2 блогын салуға жетеді. Ол шамамен 1000-1200 МегаВатт энергия өндіруі керек. Осы күнге дейін алты ірі компаниядан электр станциясын салуға өтініш түскен. Олардың ішінде Ресейден бөлек АҚШ компаниялары да ниет танытқан.  

Компания басшысы Атом электр станцияларын салу үшін екі мекенжай таңдап алынғанын айтады. Олар Алматы облысындағы «Үлкен» елдімекені мен Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласының маңы. Жобаның құрылысы қашан басталатыны беймәлім. Ал қолданысқа беру мерзімі – 2035 жыл. Электр станциясына салынған қаражаттың өзін өзі ақтау кезеңі 20 жылға созылады. Бірақ техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған жобаға қатысты мемлекет нақты шешім қабылдамай отыр, дейді Т. Жантикин.   

Сарапшылар Алматы облысындағы «Үлкен» ауылы бұл жобаны жүзеге асыруға қолайлы. Себебі Кеңес заманында мұнда су электр станциясын салу қолға алынып, зерттелген. Балқаш көлінің маңынан инфрақұрылым жасалып, жұмысшылар қалашығы  жасақталған деп отыр.

Алайда энергетик Әсет Наурызбаев Қазақстанда АЭС салу тиімсіз екенін айтады. Бұрын да осы бастаманы сынға алып жүрген сарапшы электр станциясын салудың қателіктерін тізіп шықты.

«Атом энергетикасы әлемде қымбаттап барады. Оған себеп – қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп ресурс жұмсалады. Оның орнына балама ретінде энергия көздерін шығаратын батареялар өндірісін қолға алған жөн. Атомнан энергия алу батареядан қуат көзін алғаннан ондаған есе қымбат. Еуропаның, соның ішінде Батыс Еуропа елдері осы тәжірибені енгізді.

Осы АЭС-ке байланысты тартыс басталғанда Дания мемлекетінің энергия көздерін жасау мүмкіндігін мысалға алып, дәлелдеген болатынмын. Нақты осы ел жаңғырмалы энергия бойынша көшбасшы. Жел мен күннен электр қуатын алу мен атомнан энергия алу дегенде атомды таңдау – қателік. АЭС тұрақты энергия көздерін беріп отырады деген аңызға сенудің қажеті жоқ. Осы айтылған қаражатты одан да жаңғырмалы қуат көздерін алуға жұмсауды ұсынамын», – дейді Ә.Наурызбаев.

Энергетик Париж келісіміне сәйкес, Қазақстан желден және күннен электр қуатын алу жолдарын дамытуға міндетті. АЭС-ке салынған қыруар қаражаттың ақталуы қиын. Оның үстіне бұл қауісіздік және экология жағынан да ауыртпашылығы басым сала. Технологиясы дамымаған Қазақстан үшін оның шығыны орасан зор болады. Тіпті, жарылыс орын алса, салдары ауыр деп есептейді маман. 

«Қараңыз, АЭС салудың мерзімі өте ұзақ. Оған дейін энергия көзі таусылса, қараңғылықта отыра береміз бе?! Онымен қатарластырып жел, күн көзінен қуат алу бағдарламаларын көптеп қолға алу керек. Ал осы АЭС-ті салатын локация бойынша да күмән басым. Балқаш көлінің маңы, елдің орталығы. Солтүстік пен оңтүстікті бөліп жатыр. Жарылыс болса, Балқаш көлі жоғалады. Сосын ел екіге бөлініп, байланыссыз қалады. Пойыз және автомобиль жолдары өтетін оңтүстік пен солтүстік аймақ кем дегенде 6 ай байланыссыз қалады», – деп қауіптенеді Әсет Наурызбаев. 

Одан кейін ең өткір мәселе – ядролық қоқыс қалдықтары. Одан изотоптар алынады, қалғаны мыңдаған жылдар жер бетінде жатады. Қалдықтарды қаруланған адамдар мыңдаған жылдар бойы күзетіп тұруы керек. Онсыз қауіпті. Әлеуметтік жауапкершілігі төмен адамдар үшін бұл пайда көзі ретінде ұрланып, жан-жаққа тарауы мүмкін. Сондықтан бұл адамзат үшін тез, қауіпсіз және арзан энергия көзі болып көрініп келеді. Атом энергетикасы адам баласын тығырыққа тірейтін қауіпті ресурс деп бағалаймын. АЭС салғанша басқа балама көздерін іздеу керек деп отырғаным сол, дейді Әсет Наурызбаев.

Мамандар Қазақстанда 2035 жылға қарай электр энериясының тапшылығы 30 пайызға артады деп болжайды. Айта кету керек, биыл ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін қайткен күнде де атом электростанциясы керек, деді. Президент бұл жобаны қолға алмасақ, еліміз экономикалық жағынан зардап шегіп, республикаға келетін инвестиция кемиді және аймақтағы көшбасшылық қабілетінін айырылады деген болатын.