Саяси сахна

Әкім Қазақстанның сыртқы саясатын түсінгісі келмей ме, әлде басқа ойы бар ма?

  • Әкім Қазақстанның сыртқы саясатын түсінгісі келмей ме, әлде басқа ойы бар ма?

    Әкім Қазақстанның сыртқы саясатын түсінгісі келмей ме, әлде басқа ойы бар ма?

Алдында Шымкентте Украина халқына гуманитарлық көмек жинап жүргендерді әрең дегенде тоқтатқанбыз. Өйткені бұл көмек, шынымен де тәуелсіздігі мансұқ боп қиналған украин ұлтына ма, әлде оларға бой бермей, ел ішіне іріткі салушыларға барып жатыр ма, мұны біздегі ақкөңіл қауым ажыратып жатпағаны белгілі. Алайда саясатпен ойнауға болмайды, расында. Бірақ елімізде белең алған бұл іс-қимыл бүгіндері үдемесе кемитін түрі жоқ. Тіпті, Украинадан қашқан босқындарды қабылдап алуға жанашырлық танытушы ағайындарымыздың қарасы күннен күнге көбейіп барады. Бұл арада қашып жатқандар – украин ұлты емес, сонда бүлік шығарушылар екені бесенеден белгілі. Ал украин ағайынға қарсы оқ атушыларға кең құшағын жайып, біздегі интернационалист бола қалған қауымның көздегені не?.. Міне, күмән туғызар бұл саяси фактіні «Алаш айнасы» басылымы өз кезегінде мамандар талқысына ұсынып көрді...
Жақында Қостанай облысының негізінен қазақтар басым тұратын Қамысты ауданының Дружба ауылында «Украинадан қашқан 20 босқынның отбасын қарсы алуға дайынбыз» деген «жалынды» ұран көтеріліпті. Бастаманы қозғаушы - осы ауылдың әкімі Ринат Байболов. Тіпті ол жергілікті басылымдардың біріне: «Біз Украинадан келген 20-дан аса жанұяны өзімізде қабылдауға дайынбыз. Оларға барынша көмек беріп, жұмысқа орналастырамыз. Қостанайда қиын жағдайда қалған бауырларына көмектескісі келетіндер өте көп», – деп сұхбат берген. Осының анық-қанығын білу мақсатында біз ауыл әкімі Ринат Байболовқа тікелей телефон арқылы хабарласқанымызда, ол Украинадан босқындарды қабылдауға дайын екендіктерін, бірақ әлі оларды қабылдамағандарын жеткізді. Журналист екенімізді білгендіктен, ол біздің қойған сұрақтарымызға біресе «иә», біресе «жоқ» деп сасқалақтап, ақыры «комментарий бере алмаймын» деп телефон тұтқасын тастай салды. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, әкім ағамыз ақыры өз сөзіне өзі толық жауап бере алмай, телефон тұтқасын тастап қашты.
Ал біз анықтай келе, әлгі Дружба ауылында бірлі-жарым орыстар барын білдік. Қашып жатқан да украин билігіне қарсы шығып, дүрліккен орысы басым Донецк пен Луганскінің халқы. Сонда әлгі әкім сепаратистерді қабылдауға ниет білдіріп отырған боп тұр ғой. Сөйтіп ол халықаралық аренада Қырым референдумы заңдылығы дауысқа түскенде қалыс қалып, өзге елдің ішкі мәселесіне араласпайтындығымызды танытқан Қазақстанның барлық абыройын осылайша төңкере салып тұрғаны ма?..
Жалпы, еліміздің ақпарат айдыны, әсіресе Украинаға қатысты жағдайда аса тәуелсіз емес екені белгілі. Мұнда ресейлік көзқарас басым. Сондықтан саяси мәселеде қарапайым халықтың ақтан қараны, қараны ақтан ажырата алмай жатуын белгілі бір деңгейде түсінуге болады. Ал бір ауылдың білдей әкімінің саяси сауаты төмен болуы мүмкін емес. Демек, жергілікті әкім «Луганск, Донецк Украинанікі емес, Ресейдікі» деп жүргендерді саналы түрде қабылдауға дайын боп тұр. Ал олар ертең уақыт өте келе «Қостанай Қазақстандікі емес» деп шықпасына кім кепіл?..

Тағы бір мысал. Ақмола облысындағы Степногорск қаласының Зульфия есімді бір тұрғыны өзінің Facebook-тегі жеке парақшасына мынандай хабарландыру орнатқан: «Украинадан Қазақстанға келген босқындарды Степногорск қаласында күтіп алуға дайынмын. Күнде жаңалықтарды естіп, олардың үйсіз-күйсіз қалғанына қатты жаным ашып отыр. Сондықтан оларды мен өзімнің Степногордағы төрт бөлмелі үйіме кіргізуге дайынмын», – деп, тіпті телефон нөмірін, үйінің мекен-жайына дейін жазып қойған. Міне, Украинадағы сепаратистерге ашықтан ашық көмек көрсеткісі келетіндер бізде жайлап жүр. Оларды осылайша бетімен жіберіп қойғанымыз дұрыс па? Өтірік интернационализмді желеу етушілер қатары көбейіп, оларды тоқтата алмай қалсақ қайтеміз?..
Негізінен, жыл ортасында Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Украинадағы сепаратистерге көмектесуге шақырып, жылу жинап жатқандар міндетті түрде жауапкершілікке тартылу керек деп мәлімдеген болатын. Мәжілісмен бұл жайттың белгілі бір деңгейде қауіпті екендігін ескерткен. Ендеше мұндайда елімізде ақырындап қарасы көбейіп бара жатқан жалған интенационалистерді ауыздықтайтын заң органдары өкілдері қайда қарап отыр?..
Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Қазір Украинадан орыстар босқын боп кетіп жатыр. Олар Украина билігіне қарсы болды. Сондықтан өз еркімен кетуде. Ал Украина – бізбен дос мемлекет. Сондықтан олардың босқындарын қабылдап, қашқындарына жағдай жасаймыз деу – жөнсіздік. Егер босқындарын ойласа, онда оларды Ресейдің өзі қабылдауы керек. Ал біздің өз мәселеміз де жетіп артылады. Біздің ауылдарымыз құлдырап барады, халқымыздың тұрмыс-жағдайы нашарлауда, әлеуметтік жағдайын түзей алмай өзіміздің оралман ағайындарымыздың қаншасы жүр. Неге солардың қамын ойламасқа? Ертеңгі күні Украинаға бүлік салған сепаратистер Қазақстанда лаң тудырса не болмақ? Сондықтан бұған «Нұр Отан» партиясынан бастап, барлық ұйымдар, құқық қорғау органдары мен ҰҚК жіті назар аударуы керек. Ал бұл ретте жекелеген азаматтардың, тіпті ауыл әкімдіктерінің әлгі істері заңға қайшы әрекет деп есептеймін. Сондықтан біз украиналық босқындарға жәрдем береміз деп бастама көтеріп жүргендердің барлығына түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз керек. Үгіт-насихат жұмыстарын жасап, мұндай әрекетке жол бермеуін айтуымыз қажет. Ал егер мұның артында солтүстік облыстарды орысқа беру пиғылы тұратын болса, онда олардың үстінен қылмыстық іс қозғап, қамауға алғанымыз жөн. Бұл ретте ауыл әкімінің Үкімет шешімінсіз сепаратистерге қолдау көрсеткеніне шара қолдануымыз керек. Біз, біріншіден, қашқан бүлікшілерді қабылдайтын олардың тарихи отаны емеспіз. Оларды неге Ресейдің өзі қабылдамайды? Ертең олар біздің елге әбден сіңіп алған соң, қазақпен сәл сыйыспай қалса, Ресей тағы «Қазақстандағы орыстардың құқын қорғау үшін соғыс ашуға мәжбүрмін» демесіне кім кепіл? Сондықтан бұл ретте өте сақ болуымыз керек.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
– Халықаралық пакт бойынша Қазақстан босқындарды қабылдауы керек. Егер жасы егде адамдар келіп жатса, онда бізге ойланбай-ақ қоюға болады. Ал нақ ұрыс алаңында жүргендердің бізге енуіне жол бермеуіміз керек. Сол үшін қазірден бұл мәселе үкіметтік деңгейде көтеріліп, заңды іс-қимылдар жасау үшін арнайы қаулылар қабылдануы керек деп санаймын. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, қазақ зиялы қауымы, елді-мекендердің ақсақалдар алқасы мұндай елдік мәселеден тыс қалмауы тиіс. Пиғылы жат бастамаларды олар дер уақытында сол арада ауыздықтап, алаулап-жалауларына жол бермеуі тиіс. Сонда жалған интернационалистердің бастамасы «Ит үреді, керуен көшеді» дегенге сайып қалады.

Автор: Серік Жұмабаев




Көрілген: 1599    Пікірлер: 4

сейсенбі, 15.07.2014, 11:15

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31