Әлихан Смайылов Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың бірінші отырысын өткізді

30 желтоқсан 2022, 16:56

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың бірінші отырысын өткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.

 

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сайлауалды бағдарламаны сапалы орындау үшін Жол картасы әзірленгенін айтты. Оған 117 тармақ кірді, әртүрлі бағыттар бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен тапсырмаларды орындаудың нақты мерзімдері көрсетілді.

 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, Жол картасының әрбір тармағы бойынша мониторинг нақты уақыт режимінде интерактивті онлайн-дашборд арқылы жүргізілмек. Яғни, қағаз есептер, анықтамалар мен презентациялар болмайды.

 

 

Сонымен қатар орнатылған бейнекамералардың көмегімен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға визуалды бақылау жүргізу мүмкіндігін қарастыру жоспарланып отыр. Бұл онлайн режимде барлық жобалардың орындалу барысын бақылауға мүмкіндік береді.

 

Премьер-Министр республикалық штаб отырыстары тұрақты негізде өткізілетінін, ал Жол картасының орындалуы туралы алғашқы есеп 2023 жылғы 20 сәуірге дейін дайын болуы керек екенін атап өтті.

 

«Министрліктер мен әкімдіктердің басшылары Жол картасы бойынша жұмысты жеке бақылауында ұстауы тиіс. Президенттің Сайлауалды бағдарламасы – алдағы жеті жылға арналған негізгі құжат. Мемлекет басшысы айтқан барлық тапсырмаларды толығымен және сапалы іске асыруға тиіспіз», — деді Әлихан Смайылов.

 

Сонымен қатар Үкімет басшысы цифрлық технологияларды қолдану барлық жоспарланған іс-шаралардың ашық мониторингін және тиімді орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.

 

«Бұл әр тапсырманы іске асыру қай сатыда екенін, қай жерде жұмысты жандандыру керектігін көруге мүмкіндік беретін ыңғайлы құрал болады. Екінші жағынан, бұл қағаз жүзінде есеп беруді едәуір қысқартады, өйткені бәрі онлайн жүргізілмек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.