Саяси сахна

Арандатушы ақпараттан құтылу үшін не істеу керек?

Ғаламшардағы ақпарат атаулыға қолжетімділік артқан сайын адамзаттың жүйкесі жұқарып, санасын үрей билей бастады. Қазір жанды-жансыздың бәрінен қорқатын жағдайға жеттік. Осыны пайдаланған теріс пиғылды ұйымдар мен кейбір мемлекеттердің арнайы қызметтері түрлі мақсаттағы ақпараттар тарату арқылы адамдардың, кейде тұтас халықтың ерік-жігерін әлсіретудің айла-тәсілдерін қолданып, ел ішін әбігерге салуға тырысып-ақ жатқаны өтірік емес.
Бұқаралық ақпарат құралдары адам­дар­дың санасына психологиялық соққы беру­дің ең тиімді құралы болып есептеледі. Психолог мамандар бүгінгінің адамының сана­сын жаулап алған үрейге көп жағдай­да интернет материалдары, баспасөз бет­терінен оқыған мақаласы немесе теле­ди­дардан көрген хабары себепші болатынын айтады. Сарапшылардың айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай емес, қазір санасы өскен қазақстандықтар адамды жан күйзелісіне ұшырататын, үрей туғызатын ақпараттардан көз-құлағын аулақ ұстайтын болыпты.
Арандатушы ақпараттың салдарынан жылына миллионға жуық адам көз жұмады
Ақпарат арқылы халықтың ұлттық құндылықтарын құртуға, таным-түйсігін әлсіретуге бағытталған ойын іске асыруға келгенде алдына жан салмайтын пиғылы теріс ұйымдар әр елде де бар. Олар ақпараттың барлық құралдары арқылы, тіпті, бір қарағанда, еш қорқынышы жоқ мультфильмдер арқылы да кез келген кө­рерменін құрбан етуге тырысады. Әртүрлі діни ұйымдардың жетегінде кету, суицид, қатыгездік — интернеттегі әлеуметтік желі­лер­дің, БАҚ арқылы тарайтын ақпарат­тар­дың «жемісі».

Өткен жылы желтоқсан айында адам­дар­дың ақырзаманды «дайындалып» күт­кенін көзіміз көрді. Мәселен, «Россия» теле­ар­насы Ресей ормандарының арасын­да­ғы бір деревняның тұрғындары жер қазып, өздерін-өздері түгел үңгірге қамап, ақыр­заманды күтіп отырғанын хабарлап, елді дүрліктірді. Адамдардың бұлай дау­ры­ғуына жыл бойы байбалам салып, ақыр­заман туралы үрейлі ақпараттар тарат­қан БАҚ-тың үлесі орасан. Тағы бір мы­сал. Жыл сайын әлемде бір миллион адам өз-өзіне қол жұмсайды екен. Қа­зақстандық сарапшылардың дерегі бо­йын­ша біздің елде жылына 8 мың суицид құрбаны тіркеледі. Бұл жерде де БАҚ таратқан ақпараттардың «шебер» әсер еткенін мойындауымыз керек. Себебі әркімнің қолжетімді интернеттің әлеуметтік желілерінен кез келген буыны қатпаған жасөспірім суицидтің 80 әдісі бейнеленген ақпаратты оқып көре алады.
Болашақты бұлыңғыр ететін ақпарат ақиқаттан алшақ
Ақпаратқа қарсы ең күшті құрал ақ­па­рат болып қала бермек. Қазір электрондық ақпарат құралдарының, телеарналар мен газет-журналдардың ықпалын барынша пайдалануға тырысатын тараптар адам­дарды шаршатқанын ойлап жатқан жоқ. Қоғамның оңы мен солын тануына әркім өзінше «көмектеспек».
Жақында Ақтөбеде облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төраға­лық етуімен бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі облыстық қоғамдық кеңесте облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Қайрат Сабыр: «Кейде газет бетінен адам шошитын тақы­рып­тарды айқайлатып бересіздер. Бұл, мүмкін, басылымның стратегиясы, өзіндік әдісі шығар, бірақ мұнымен онсыз да әртүрлі ақпарат санасын улаған қоғамды күйзелістен құтқара алмаймыз», — деген болатын. Расында, шынайылық, ақиқат туралы айтқан кезде БАҚ өкілі алдымен ақпарат майданының «жауынгері» екенін ұмытпауы керек. Яғни осы жерде қай ақиқат туралы айтуымыз керек деген ой келеді. Адамдарға үрей туғызу арқылы бо­лашағын бұлыңғыр етіп көрсететін «ақиқат» туралы ма? Әлде біздің еліміздің мүд­десін қорғауды мақсат ететін ақпа­раттар жөнінде ме?
Шумерлер мен ежелгі мысырлықтардың өзі ақпаратты майдан құралы ретінде пайдаланған
Адамның ойы мен әрекетін басқару өнерін мықтап меңгерген Шумер­дің, Вавилонның, ежелгі Мысырдың, Қы­тайдың, ежелгі Грекия мен Римнің билеу­ші­лері өздеріне тиімді мақсатқа жету үшін ақ­парат тарату тәсілдерін құпия қару ретін­де пайдаланған. Геродоттың, Плутархтың, Юлий Цезарьдың еңбектерінде адамдар­дың ерік-жігерін жаншып, үрейлендіру арқылы елді соғыссыз басып алудың әдіс­тері туралы айтылған.
Ақпарат майданы адамзат тарихының әр дәуіріне тән. Белгілі бір мақсатқа соғыс­сыз жету үшін немесе соғыс отын тұтату үшін мүдделі топтар ел арасында жалған ақ­парат таратқан. Мәселен, жапон халқы­ның тарихында билікке қарсы топтар саму­рай­лар үшін абырой болып есептелетін бұ­рымдарын кесу туралы император үкім шы­ғарады деген қауесет таратады. Шындыққа жанаспайтын ақпаратқа сенген ең мықты 3 мың самурай император орда­сы­ның алаңына шығып, өздерін-өздері өлті­ріп тынған. Қазір де ақпарат майданы­ның қарқыны мықты. Мәселен, Америка­ның қорғаныс министрлігінде ақпарат та­рату­мен және әлеуметтік ақпараттық бағ­дар­ламаларды енгізумен айналысатын 50-ден астам арнайы ұйым жұмыс жа­сайды. Зерттеушілер соңғы 5,5 мың жылда жер­де болған 15 мыңға жуық соғыстың сал­­дарынан 3,5 миллиард адамның өлге­нін айтып жүр. Яғни адамзат өзінің бірнеше ғасырлық тарихында небәрі 292 жыл ғана бейбіт өмір сүрген екен. Бірақ ақпарат тарату арқылы сендіру тәсілін пайдалану ешқашан тоқтаған емес.
Уды умен қайтару керек
Агрессиялық ақпараттарды «төңкеріп салу» ешқашан қазақтың мұңын мұңдап, күйін күйттеу үшін жасалмайтыны рас. Тек қо­ғамды шулатып, тыңшылық, экстремис­тік, террорлық іс-әрекет жасап, елде іріткі ту­дыруы мүмкін.
Соңғы уақыттарда кейбір отбасыларда әкесі бір дінді, баласы бір дінді, анасы бір дінді ұстанатын халге жеттік. Бір жынысты некені насихаттайтын сайттар, хабарлар қо­ғамға еркін еніп алды. Бұлай рухани аз­ғын­дау – қоғамның, ұлттың іштей ыды­рауы­­­на, артынан жойы­луына алып бара­тын не­гізгі фактордың бірі. Бұл жағдаймен адам­дардың санасына сәуле түсіретін ақ­параттар беру арқылы күресуіміз керек. Бұл орайда сырттан ағып келіп жататын түр­лі ұйымдардың ақпараттарымен аза­мат­та­рының санасын жаулауға мүмкіндік бермеген Оңтүстік Корея, Малайзия, Фил­липин сияқты Азия елдерінің экономикасы мен әлеуметтік саласы қарыштап дамы­ға­нын ескерген жөн. Біз де ақпарат құрал­да­рын пайдалану арқылы осындай үлгілерді елге үрей туғызған агрессиялық ақпарат­тар­ға қарсы қолдануымыз керек. Бұл — уды умен қайтару қағидаты.




Көрілген: 827    Пікірлер: 0

бейсенбі, 24.10.2013, 13:26

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30