Саяси сахна

Астана керек қылмаған жобаны Мәскеу қағып әкетті

  • Астана керек қылмаған жобаны Мәскеу қағып әкетті

    Астана керек қылмаған жобаны Мәскеу қағып әкетті

Алматылық әлеуметтанушы Рүстем Жүсіпов кадрларды іріктеудегі жаңа әдістемесін соңғы жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің бір өзіне төрт мәрте жолдаған екен. Алайда төртеуінде де маманның басы тасқа тиіпті. Ақыры амалы қалмаған ол өз еңбегімен Қызыл Кремлді таныстыруды жөн көреді. Көп ұзамай Ресей Федерациясы президенті В.Путиннен қарамағындағыларға басшылық қызметтегілерді сынаудың қазақстандық моделін қарастыру бойынша тапсырма бергендігі жөнінде жауап хат келеді. «Алаш айнасы» газеті хабарласқанда Рүстем Жүсіпов, қазір оған EXECT Business Solutions ресейлік фирмасынан осы моделдің баламасын әзірлеу үшін әріптестікте жұмыс істеу туралы ұсыныс түсіп отырғандығын, олар бұл жобаны қаржыландырып қойғандығын жеткізді...
«Соңғы екі жылда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасы Ә.Байменов атына мемлекеттік жүйеге енгізіп жатқан жаңашылдықтары қатарына менің жобамды да қосуды сұрап төрт рет хат жолдадым, алайда олар менің ұсынысымды құп көрмеді». Бұл туралы «Алаш айнасы» газетіне Рүстем Жүсіповтің өзі айтты.
– Елімізде өз жобамды енгізу бойынша ұмтылыстарымның барлығынан пайда жоқтығына көзім әбден жеткен соң Ресей өкіметі басшысына хат жолдайын деп ойладым. Бұған түрткі болған себеп – 2013 жылдың 7 мамырында РФ президенті В.Путиннің сол жақтың үкімет отырысында мемлекеттік басқару тиімділігін және мемлекеттік сектор жұмысы сапасын арттыру қажеттігі туралы қозғаған мәселесі. Осы дәйекті негізге ала отырып, 17 мамырда мен РФ Президенті әкімшілігіне өз ұсынысыммен шықтым. Олардың мәселе шешімі бойынша белсенділігі мен іскерлігі мені қатты таң қалдырды. Төрт күннен соң президент әкімшілігінен жауап алдым. Олар менің ұсынысымды еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне (бұл министрлік құрамына мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент енеді – автор) бағыттапты. Өз кезегінде аталған құзырлы ведомства жобаның әлеуметтік маңызына оң баға беріп, ЕXECT Business Solutions фирмасына осы әдістеменің баламасын әзірлеуді тапсырған. Ал 7 маусымда осы фирмадан маған хат келді, – дейді кадрларды іріктеудегі қазақстандық моделдің авторы.

Хатта аталған компанияның РФ Президенті бұйрығымен және еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық ғалым моделіне ұқсас жобаны әзірлеу қолға алынғандығы, оған біздің отандасымыздың сынамалы әдістемелерін пайдаланатындығы жөнінде айтылған. Осы негізде Рүстем Жүсіповке әріптестікте жұмыс істеу ұсынылған екен.
Рүстем Жүсіпов «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында кезінде бұл ұсынысымен еліміздің бірқатар министрлігіне шыққанын, тіпті «ақылды» біреулері оны су тегін беруге қолқалағанын да айтады.
«Қаржы вице-министрі Р.Даленов өзінің жауабында былай деп жазады: «... мұндай шараны ұйымдастыруға министрліктен қаражат қарастырылмаған, сондықтан оны тегін (безвозмездной основе) жүргізуге болады деп ойлаймыз» дейді өз сөзінде маман.
Кадрларды іріктеу әдістемесі жан-жақты әрі әмбабап боп келеді. Сондай-ақ бұл интеллектуальдық технология бір компьютерлік бағдарламаға тоғыстырылған. Демек, сауалнама және тағы басқа сынама түрлерінің қорытындысын компьютер өзі шығарады. Бастысы аталған жоба автормен 20 жыл бойына сынақтан өткен. Нақтырақ айтқанда, еліміздің мемлекеттік және шаруашылық қызмет саласындағы әртүрлі 30 шақты кәсіпорыны мен мекемесі кадрларды іріктеудің жаңа әдістемесін сынап көрген. Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің күзет басқармасы, Алматы қаласының салық комитеті, Алматы қаласының кеден басқармасы сынды құзырлы мекемелер де бар. Барлық жағдайда әдістеме өзінің озық жетістігін дәлелдеп, көзге бірден түсіп отырған. Сондықтан да оған ресейліктердің қызығушылық танытуы кездейсоқтық емес секілді. Жоба авторы әрдайым оң баға алып келе жатқан еңбегінің республикалық деңгейде қолдануға келгенде рұқсат ала алмауына не себеп екенін өзі де пайымдай алмайтындығын айтады.
– Әрине, бұл арада Ресейге қарағанда Қазақстанның артықшылығы, басымдылығы барын мойындаған жақсы. Өйткені мен өз жобамды 20 жыл бұрын қолға алған болатынмын. Демек, біздің еліміз көршісіне қарағанда 20 жыл алда келеді. Менің РФ президенті әкімшілігіне өз ұсынысыммен шығуым онда осы тектес жобаны енді қолға алуға түрткі болып отыр. Бір жағынан, атақты бір фильм қаһарманы айтпақшы «... За державу обидно». Ресей неге менің жобамды мемлекеттік маңызы бар деп тауып, арнайы бюджеттен ақша бөледі, ал өзіміздікілер бұған неге тоң-теріс қарайды? Осы арасы маған түсініксіз, – дейді бүгіндері 75 жасқа келген Рүстем Жүсіпов.
Ресейліктер қолдап отырған қазақстандық әдістеме кадрға қатысты мынандай бірқатар мәселені шешеді екен:
1)    Басшылар мен мамандардың іскерлік сапасына жан-жақты және нақты баға береді, сондықтан осы бағалауды қызметтік аттестацияда пайдалануға болады;
2)    білігі жоғары орынбасарларды орта және жоғары звено басшылығы орнына алмастыру;
3)    қажет кезде кадрлардың орнын алмастыруды жүзеге асыру, тігінен әрі көлденеңінен, сонымен қатар жазықсыз қудаланушыларды қорғау шараларын қолдану;
4)    қызметіне сай деп табылған көптеген категориядағы тұлғалардан тұратын құрам сапасын анықтаудың дифференциалдық бағалаумен қамтамасыз ету;
5)    рейтинг тізімінде жоғары көрсеткішке ие жұмысшылардың еңбекақысын көбейту жолымен оларды еңбекке ынталандыру;
6)    резервке кететін тұлғалардың мәліметтер базасын құру және т.б.
Өткен жылдың соңында «А» корпусына іріктеліп алынған мемлекеттік қызметшілермен болған кеңейтілген кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам сіңірген еңбегіне қарай жоғарыға жылжуы тиіс, еңбегіне қарай! Мен – барлық сатылардан, сынақтардан өтіп көтерілген адаммын. Жұмысшыдан бастап, аудандық басқармаға, содан қалалық, облыстық және республикалық басқармаға дейін. Біздің бәріміз білеміз, бөлімдерде 5 адам жұмыс істейді десек, әдетте соның екеуі шүмектеп тер төгеді, қалған үшеуі қарындаштарды үстелдің бір шетінен екіншісіне жылжытумен күнді өткізеді. Біз бәрін жасап, ерінбей еңбек ететіндер емес, жай отырғандар жоғарылап жатқанын көріп отырмыз» деп мемлекеттік қызметтегілердің сапасына сын таққан болатын.
Таяуда Қарағандының еңбек инспекторы өзіне тиесілі мемлекеттік қызметкердің «Б» корпусы сертификатын елдің көз алдында жыртып тастаған болатын. Ерлан Дүйсенбаев ведомстваның кезекті қайта құрылымдалуы кезеңінде қызмет орнынан айырылып қалған. Ал ол көздеген қызметке басқа біреу тағайындалған. «Кез келген қызметке ағаң болса немесе ақша болса ғана іліне аласың. Ал менің мемлекеттік қызметке деген көзқарасым мынандай» деген Ерлан Дүйсенбаев журналистер алдында сертификатты жыртып тастаған. «Алаш айнасы» газеті бұл екі мәселемен де Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігіне хабарласып, өкінішке қарай, жауапты адамдарды орнынан таба алмадық.

«Алаш айнасы»  Жобаға қызығушылық танытушылар үшін ғалымның жеке электрондық поштасын бере кеткенді жөн көріп отырмыз: Rustesag@gmail.com тел. 301-81-74 Алматы қ.




Көрілген: 3413    Пікірлер: 2

жұма, 31.01.2014, 15:46

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31