Азиз Абдухакимов:«ШЫҰ-ның ішкі туризмін» дамытуымыз қажет»

19 мамыр 2022, 22:17

Ташкентте өтіп жатқан «ШЫҰ мүшелері-мемлекеттер ынтымақтастығының жаңа кезеңі: туризм және мәдени мұра» халықаралық форумында туристік индустрия өкілдері туризм саласының мүмкіндігін ортаға салып, алдағы уақыттағы біріккен жоспарларын да талқылады.
Осы орайда Өзбекстанның Премьер-министрінің орынбасары - Туризм және мәдени мұра министрі Азиз Абдухакимов «Туристік саланы ұлттық экономиканың маңызды сегменті және мемлекеттің бәсекелестік қабілетін арттырудың стратегиялық ынталандыруы ретінде қарастыратын мемлекеттер саны жыл өткен сайын артып келеді. Ел басшылығының белсенді әрі жан-жақты қолдауының арқасында Өзбекстанның туристік нарығы халықаралық туристерге құшағын кеңінен жаюда. Қысқа мерзімнің ішінде визасыз елдердің саны 9-дан 92-ге дейін өсті, ал шетелдік туристердің саны 2019 жылдың өзінде 1,9 млн-нан 6,7 млн-ға дейін артты. Өз кезегінде СOVID-19 пандемиясы туристік секторға теріс ықпалын тигізгенмен, бізге туризмді қауіпсіз және тұрақты туризм тұрғысынан дамыту үшін қайтадан ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді. Халықаралық сарапшылармен бірлесіп, туристік өнім мен қызмет ұсынудың барлық буынына мұқият талдау жасадық. Туристік көрсетілім нысандарындағы қауіпсіздіктің жаңа, тиімді хаттамаларын дайындадық. Қабылданған шараларға жоғары баға беріліп, халықаралық рейтингтерден орын алды. Мысалы, «Gallop» Өзбекстанның қауіпсіз туризм бойынша үздік тоғыз (ТОП-9) елдің қатарына енуге мүмкіндік берді. «New York Times», «Guardian», «Independent», т.с.с. әлемнің жетекші басылымдары біздің туристік дестинацияларымызды тартымды да қызықты бағыттар ретінде мойындады» дейді.
Сондай-ақ ШЫҰ елдерімен туристік қарым-қатынастарды әрі қарай да дамытуға басымдық берілетіні атап өтіліп, «ғаламшардағы халықтың 44%-ын қамтитын ШЫҰ кеңістігі – әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған орасан зор туристік нарық. 2019 жылы ШЫҰ елдерінен 250 млн турист шетелде демалды (Үндістан 27 млн, Қытай 155 млн, Өзбекстан 1,7 млн, Қазақстан 206 мың, Тәжікстан 31 мың, Ресей 20 млн). Біз бар күшімізді біріктіріп, ең алдымен «ШЫҰ-ның ішкі туризмін» дамытуға бағыттауымыз қажет» дейді.