Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Басшылар ауыл халқын тас қараңғы мектепке қамап қойыпты

06 маусым 2011, 18:16

Аймақтарды аралап, өздерiн сайлаған халықтың тыныс-тiршiлiгiн саралап қайтқан Мәжiлiс депутаттары Үкiмет мүшелерiне үйiп-төгiп сауал арқалай келiптi. Өтер-кетер қаржы дағдарысынан бөлек, мәңгiлiк адам тағдырын таразыға салатын тартысқа толы сауалды депутат Нұртай Сабильянов жария еттi.
Шығыс Қазақстан облысы, Күршiм ауданына қарасты Тақыр, Қалжыр елдi мекендерiнiң халқы бейбiт күнде аспаннан жауған «Протон» зымыран тасығышы бөлшектерiнiң астында күн кешуде. 11 ақпан күнi Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы ұшудың екiншi сатысында жоспарлы түрде аталған елдi мекендер маңына құлаған болатын. Депутатпен кездескен аудан тұрғындары осыдан кейiн денсаулығы қатты нашарлаған жұрттың қан қысымдары көтерiлiп, жүрек аурулары көбейгенiн, мұрындарынан қан кетiп жатқанын айтып, мұң-зарын ақтарған. Қазiр жоғарыдағы екi ауыл адамдарының күнi дәрiгерге қаралумен өтiп жатқан көрiнедi. Ал «Роскосмос» пен «Бәйтерек» өкiлдерi болса, зымыран тасығыш сынағының екiншi сатысында түскен қалдықтар халыққа еш зиян әкелмейдi деп үгiт жүргiзумен қамсыз жүр. «Бiрақ радиоактивтi қондырғылар адамдардың өмiрi мен қоршаған ортаға, жан-жануарларға үлкен әсерiн тигiзуде», – деп дабыл қақты депутат. Қазiр осы елдi мекендердегi халықтың баққан малының етiн сатып алудан былайғы жұрт ат-тонын ала қашып отыр. Ал «Протонның» зияны жоғын халыққа түсiндiрмек болып, қондырғылар қалдығын қолына ұстаған ауыл әкiмi мен мектеп директоры қайғылы қазаға душар болыпты. «Ешбiр зияны жоқ, бәрi жақсы болса, «Роскосмос» өкiлдерi неге 11 ақпанда зымыран құлағаннан кейiн ауылдың әрбiр тұрғынына 6 мың теңге төлемақы төлейдi?» – деп күдiк бiлдiредi Нұртай Салихұлы.
Одан да сорақысы, «Протон» бытыраша жауған күнi жергiлiктi басшылар барша халықты жинап алып, Тақыр ауылының тастай суық, тас қараңғы мектебiне қамап қойған. Бұл жағдай ненi түсiндiредi? Ауыл тұрғындарының айтуынша, Тақыр елдi мекенi аудан картасында жоқ көрiнедi. Оның орнында елсiз дала көрсетiлген. Бұл кiмнiң кiнәсi, кiмнiң қулығы екенiн де жұрт бiлмей отыр. Осы жайттарға ерекше назар аударуды өтiнген халық қалаулысы Үкiметбасынан Күршiм ауданында зымыран тасығыш қалдықтарының құлауын тоқтатуды, тұрғындардың бәрiн жаппай медициналық тексеруден өткiзiп, қажеттi әлеуметтiк төлемдерiн төлеуге ықпал етудi өтiндi.