Естеріңізде болса, кезінде Астана қаласының бас жоспарын сызу жұмысы әлемге әйгілі жапондық сәулетші Кисе Курокаваға бұйырған болатын. Алайда бұл жоспар бүгінгі күні түзетуді қажет етіп отыр. Себебі 2001 жылы бекітілген Астана қаласын 2030 жылға дейін дамыту жоспарында халықтың саны 2010 жылы 490 мың адам болады деп болжанса, 2030 жылы 800 мыңға жетеді делінген. Алайда Кисе Курокава атасы көшпенді қазақтың жаппай қалаға қоныс аударуы (урбанизация. – Авт.) тез жүреді деп ойламаса керек, Астана тұрғындары 490 мыңға 2004 жылы-ақ жетіп қойды. Ал қазірде 700 мыңнан асты. Сондықтан жапондық сәулетшінің жасаған бас жоспарына уақыттың өзі түзету енгіздіріп отыр.
Кеше Астанада түзетулер енгізілген бас жоспардың таныстырылымы өтті. Жобаны Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласының бас жоспары ғылыми-зерттеу жобалау институты әзірлеген. Бас жоспардағы негізгі шарттың бірі – көлік кептелісі мәселесін шешу. Осыған байланысты бас жоспарда әуежайдан вокзалға дейін жеңіл рельсті көліктің түсетіні көрсетілген. Трамвай тәрізді. Тек трамвайдың рельсі жердің бетімен өтетін болса, бұның рельсі жоғарыда болады. Еш кептеліске ұшырамай, барар жеріңізге тез арада жеткізеді. Орта есеппен тәулігіне 256 мың жолаушы тасымалдайды екен. Бірінші кезеңі 2014 жылы басталады деп жоспарланып отырған мұндай жеңіл рельсті жол құрылысын франциялықтар жүргізбек. Ал бірінші кезеңде жолдың 23 шақырымын салу көзделіп отыр. Бұл – әуежайдан вокзалға тура тартқандағы қашықтық. Келесі кезеңдерде жаңа әкімшілік орталыққа дейін баратындай етеді. Бұлардың бәрін қамтығанда жолдың жалпы ұзындығы 68 шақырым болмақ.
Бас жоспар бойынша Астанада жалпы аумағы 1000 шаршы метр болатын тағы бір әуежай салынбақ. Әуежай шамамен қаладан 35 шақырым қашықтықта болады екен. Күніне – 1200 адамға, жылына 7 миллион жолаушыға қызмет көрсетпек. Қазіргі кезде осы әуежайға байланысты екі жоба ұсынылып отыр. Бірі – Астананың шығысында (Қарағандыға барар күре жол), екіншісі – батыс (Көкшетауға қарап шығар күре жол) тұсы.
Теміржол торабына келер болсақ, жүк тасымалының пойыздарына арналған вокзал жолаушылар вокзалынан бөлек болады. Сондай-ақ қаланың Қарағанды жолына шығар тұсында тағы бір жолаушылар вокзалын салу жоспарланып отыр екен. Бұлардың бәрі қаланың бас жоспарында көрсетілген.
Бас жоспарда көрсетілген тағы бір ғажайып нысан – жабық аудан құрылысы. Яғни келешекте Астанадан белгілі бір температураны сақтап тұратын, үсті жабылған ауданды көре аласыз. 8-10 мың тұрғынға есептелген жабық қаланың ішінде мектебі, балабақшасы, ауруханасы – бәрі-бәрі болады екен.
Бас жоспар қоғамдық тыңдаудан өтіп, Қалақұрылысшылар одағы мүшелерінің, «Атамекен» одағы» мен Құрылысшылар қауымдастығы өкілдерінің алдында талқыға түседі. Ал ақпанның 15-і күні қала кәсіпкерлерінің, үкіметтік емес ұйымдар мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұйымдардың алдына тартылады.
Бастапқы бас жоспарға бас қатырған Курокаваның жұмысы түзелді
09 ақпан 2011, 20:20
