Саяси сахна

Бүгінгі қазақты жүзге, руға бөліп, билеп-төстеуге бола ма?

  • Бүгінгі қазақты жүзге, руға бөліп, билеп-төстеуге бола ма?

    Бүгінгі қазақты жүзге, руға бөліп, билеп-төстеуге бола ма?

Соңғы кездері еліміздің ірі кенттерінде қазақтың ру атауларын көліктен бастап мейрамхана маңдайшаларынан жиі көріп қап жүрміз. Тіпті, моншаға киетін киіз қалпақ та бұл үрдістен қалыс қалмаған. Әншілер руын тегіне айналдыра бастады. Тайпа таңбасындағы кәдесыйлар да көбейіп, руын түгендейтін қазақтың әлеуметтік желісі де пайда болған. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, мұндай құбылысқа қоғамның бір бөлігі үрке қарауда. Сондықтан «Алаш айнасы» басылымы осы мәселе талқысына отандық әлеуметтанушылар мен саясаттанушыларды тартып көрді...

«Бұл әлемде екі мықты күш бар: рух пен қылыш. Бірақ соңында қылышты да рух жеңеді» деп француз әскери қолбасшысы Наполеон айтып кетпекші, соңғы дәуірлерде жер шарындағы қолы ұзын, білегі жуан мемлекеттер ұлттық рухты, ұлттық мемлекеттерді аяусыз басып-жаншуға барын салуда. Бәрінен қорқыныштысы, қазіргі жат пиғылдылардың қолындағы соғыс құралы көзге көрінбейді, қолмен ұстап білуге де келмейді. Ол психологиялық талқандау тетігі – ақпарат. Ал ақпараттық шабуыл «бөліп ал да билей бер» деген байырғы басқыншылық қағидатқа арқа сүйейді.

Салдарынан қазір өзіміз куә боп отырған әлемде сепаратистер, лаңкестер, содырлар, нацистер, сынды белгілі бір деңгейде қолдан жасалған жауыздар пайда бола бастады.

Жалпылай алғанда, жер шарында ақпараттық майдан өрті маздап жанып, жалыны кең ауқымға тарауда, әрине өте сақ болған жөн. Сондықтан қоғамдағы бөтен насихатқа бірден жауап беруге тырысуымыз керек. Жауапсыз болғандықтан да қазір пиғылы жат түрлі діни секталар елімізге дендеп еніп алды. Секта-мекта деп қазақты жікке бөлген олардың ендігі бағатыны – тағы бір осал тұсының бар-жоқтығы. Бұл ретте қазақтың ру бөлінісі бірден сарт етіп ойда орағытады. Өйткені мұндай жайт тарихымызда орын алған. Бұл ретте әріге бармай-ақ бертіндегі ұлт көсемдерінің бірі Мұхтар Шахановтың «Руға бөлінудің қасіреті немесе ұлттық тұтастыққа сына қағу» атты ашық хатынан үзінді келтіре кетелік: «1986 жылы Мәскеуде, 300 миллионға жуық халықты біріктірген бүкіл Кеңестер Одағына, Орталық телеарна арқылы берілген шығармашылық кешім өткен соң, мені Е.Евтушенконың өтінішімен КОКП Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің меңгерушісі Ю.Воронов қабылдады. Оның қабылдау бөлмесінде отырғанымда, осы бөлімнің бір белді қызметкері қасыма жетіп келіп: «Вы из какого жуза?» деп сұрады. Әлгінің қолына ұстаған дәптеріне көз салып ем, Қазақстанда, билік басында жүрген адамдардың қай жүзден, қай рудан екендігі кезек-кезегімен орнықты тізіліпті. Бұл сонау патшалық Ресейдің қол астында тұрған кезеңнен бастап, Кеңестік дәуірде жалғасын тапқан, «бөлшекте де, билей бер» деген жасырын идея қаруы, яғни, «бір руды келесі бір руға қарсы қойып басқару» саясаты екенін бірден ұға қойдым...»

Осы жағынан алғанда, бүгіндері көшелерімізде, нарығымызда ру атаулары жарнамасының белсенді түрде белең алуы бөтен пиғылдылардың құйтырқы тірлігі емес пе деген күдік бізді мазалайды. Сөйтіп бұл сауалды мамандарға ұсынып көрдік.

Алайда философия ғылымдарының докторы Ілияс Сүлейменов қазақты руға, жүзге бөліп, билеп-төстеу мүмкін еместігін айтады.

– Қазақ руды бөліну үшін емес, бірігу үшін ойлап тапқан. Кез келген ұлттан айырмашылығымыз – тегімізді, түбімізді білуде. Осы білгендік ғаламдану заманында түрлі ақпараттық шабуылдарға тойтарыс беріп, қазақты сол физикалық қазақы қалпында сақтап қалып отыр. Сондықтан бұл – біздің артықшылығымыз. «Африкалық» түсініктегі трайбализм бізде болған жоқ, болған да емес. Кез келген мемлекетте мафиялық құрылым да, жершілдік те бар. Одан Қазақстан неге қалыс қалуы тиіс? Бірақ оны генетикалық тазалықты сақтаушы шежіремен еш араластыруға келмейді. Қазақ 40 атасына дейін туысады: жеті атаға дейін туған, он төрт атаға дейін ағайын, 21 атаға дейін арағайын деп туғандығы жалғаса береді. Оның сыртында өзінікін қоспағанда екі жұрты тағы бар: нағашы жұрт, қайын жұрт. Нағашы жұрт пен қайын жұрт руларды жақындастырып, туысқан етеді. Осы жағынан алғанда, қазақтар жұмылып жұдырық бола алатын монолитті ұлт. Осы тегімізден берілетін қаншылдық, туысқаншылдық, көпшілдік деген қасиеттер қазақтың өзге ұлттарды да өз ішіне сыйдырып, ынтымақ, бірлікте өмір сүруіне ықпал етуші факторды атқарып отыр. Демек, рушылдықтан қазақтың бөлінуі екіталай. Біздің барлық мәселеміз – билікте нағыз патриоттардың жоқтығы. Қарама-қайшылығымыз да сол ұлттық мемлекетті компрадор-космополиттер басқарып отыр. Әйтпесе нағыз қазақ бүкіл тарихын кешегі кеңес заманымен түйіндемейді, руын, тегін білуде ақиқат тарихи танымы, ұлттық намысы бар. Бірақ олар шетел капиталы мен ұлттық нарық арасындағы делдал боп отырған қазіргі биліктегілерге еш ұнамайды.

Рушылдық, керісінше қазақтың мықты жағы деп білетін Ілияс Сүлейменов, тіпті бір-бір ру өкілдерін Қазақ Халқы ассамблеясына енгізуді ұсынады.

Ал келесі сарапшымыз мүлде басқалай пікірде.

Кеңес Сманов, саяси-экономист:

– Кеңес заманында наймандарды қу етіп көрсететін анекдоттар көбейіп кеткен. Ал кейіннен «шымкентіктерді» нашар қылатын алып-қашпа сөз өрби бастады. Кіші жүз туралы да долбарлар пайда болды. Мұны ғылыми тілде «саяси утка» деп атайды. Қасақана солай жасалады. Өйткені кезінде орыстар наймандардан қауіптенген. Сол секілді баз біреулер билікке нағыз ұлтшылдардың келуін қаламады. Сондықтан қазақтың үлес салмағы қомақты оңтүстік өңір халқын «нашар» ету «заңдылық». Жалпы, бұл – халықты басып ұстау үшін жасалатын технология. Осы жағынан алғанда, рушылдыққа бөліп, қазақты бір-біріне қарсы қою тәсілі қолданыстан әзірге шыға қоймаған. Сондықтан бұл арада «Руыңды білу – міндет, руға бөліну – індет» деген мағынада үгіт-насихатты күшейту керек. Ал бұл принципті ұстанбайтындарды қазақтың жауы деп таныған дұрыс. Ондайларды бірден қоғамдық тәртіпке салу керек. Қазір техниканың дамыған заманы. Оған толықтай мүмкіндік бар деп ойлаймын. Ал көзі қарақы қауым мұндай құйтырқы тірліктердің ара-жігін ажырата алады, сондықтан рушылдық факторына ұрынбауға тырысады деп ойлаймын. Айналып келгенде, мұндай үрдістің белең алуына түрткі сыртқы жау. Мақсаты – әлемге қазақтар рушылдық деңгейден аса алмаған, мемлекет боп қалыптасуға дайын емес деген пікір тарату болуы ықтимал.

Өткен жылдары «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі барысында Елбасы Н.Назарбаев «11 миллион қазақ үш жүзге бөлінсек ел бола алмаймыз» деп мәлімдегені белгілі. Өз сөзі барысында Мемлекет басшысы Ресей патшалығының отарында болғанда қазақты жүзге бөліп, билеу дәстүрі болғанын айтқан еді. Бұл ретте Елбасы «Әр сұлтандарды, байларды бір-біріне қарсы қойып, байларды соғыстырып, бір-біріне ата жау қылып, қан шығарып жаулап алыңдар» деген Екатерина ІІ-нің бұйрығын жастардың есіне салып еді. Сондықтан бүгінгі қазақ рушылдықтың жақсы жағымен қатар, жаман қырын да жадыдан бір сәтке шығармағаны абзал деп білеміз.


Сөз соңы...

Кәдесыйларда немесе моншада киетін қалпақта ру атауы мен таңбаларының пайда болуы нарықтағы нақ сұраныстан хабар береді. Ал бұл – 70 жыл бойына көгенделіп ұсталған халықтың ұлттық құндылыққа әбден шөліркегендігін байқататын фактор. Демек, ұлттық идеология халықты жеткілікті деңгейде қанағаттындырып отырған жоқ. Қазіргі идеология қазақты емес, қазақстандықтарды насихаттайды, ал мораль шығыс емес батыс өркениетін қолдайды, салдарынан ұлттық салт-санамызға қайшы дүниелер елімізге дендеп енуде. Сондықтан бұл бүгінгі қазақтың әлі де адасып жүрмегенін, өзінің әлі де осында екенін білдіргісі келетін жан айқайдағы дабыл белгілері болуы да ықтимал ғой...

Автор: Медет Олжаев




Көрілген: 2562    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 25.06.2014, 16:28

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30