"Біздің мәселеміз өз ана тілімізге қатысты туындайды" - Қазақстанның Ресейдегі елшісі

19 қаңтар 2022, 18:54

Қазақстанда орыс тіліне шектеу қойылғаны туралы сөз қылуға негіз жоқ, елде орыс тіліне қатысты мәселе жоқ сонымен қатар орыстандыру туралы да айтылмайды. Бұл туралы РБК телеарнасына берген сұхбатында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

"Елімізде халықтың барлығы дерлік орыс тілінде сөйлейді. Біздің мәселеміз көбінесе өз ана тілімізге қатысты", –  деді ол.

 

Көшербаев Кеңес одағы кезінде Қазақстандағы қала тұрғындарының көпшілігі "тілінен айырыла бастағанын", осыдан тілдің "дамымай қалғанын" айтып өтті.

 

"Орыс тілін білмесең іс жүзінде биліктің ең жоғары эшелонына кіре алмайтынсың немесе кішкене болсын, жетістікке жете алмайтынсың. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тіл мәселесі одан сайын өзекті бола бастады. Тіл – ұлттың жаны", –  деп жалғастырды Қазақстанның елшісі.

 

Ол сондай-ақ Қазақстан билігінің күш-жігері қазақ тілін сақтауға ғана емес, оны дамытуға да бағытталғанын атап өтті.

 

"Қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюі орыс тілінің қолданыс аясының тарылуымен жүзеге асып жатқан жоқ. Яғни орыс тілі қандай болса, сол қалпында қалады және бұл тілдің ұлтаралық қатынас тілі екені Конституцияда жазылған", –  деп сендірді Көшербаев.

 

Сөзінің соңына қарай Көшербаев Қазақстанда орыссыздандыру жүріп жатпағанын айтты.

 

"Орыссыздандыру жүріп жатқан жоқ. Біз тек мемлекеттік қазақ тілінің сапалы әрі дұрыс қолданылуы үшін күресіп жатырмыз", – деп сөзін түйіндеді ол.