Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКIМЕТ: Ертеңi бар жоба ма?

14 маусым 2011, 18:17

Батыс елдерiнде халықтың 74 пайызы күнделiктi коммунналдық төлемдер мен салықтарын электронды түрде төлейдi. Яғни, бiздегiдей жарыққа немесе жылуға ақы төлеу үшiн елең-алаңнан кезекке тұрып, есiк тоздырып жүрмейдi. Бiзге қыры мен сыры әлi де белгiсiз «электронды үкiмет» жүйесi оларда жақсы жолға қойылған.  Бiр ғана мысал, алақандай ғана Сингапур елiнде «электронды үкiмет» жобасымен жұмыс жасайтын 150-ге тарта орталық қызмет етедi екен.
Ал бiзде ондай емес.  Қара халық әлi күнге дейiн кезекке таласып, сабылып жүргенi. Соның салдарынан  кез келген, мекемеде бюрократтық жағдайлар орын алып жатады.
Кеше осыған байланысты Астанада «Нұр Отан» ХДП және «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының ұйымдастыруымен  «электронды үкiмет» мәселелерi туралы конференция болып өттi.  Конференцияда  2008-2010 жылдары аралығындағы «электронды үкiмет» бағдарламасын  дамыту, оны мемлекеттiк органдарда iске асыру барысы талқыланды.
Бүгiнгi таңда елiмiзде «электронды үкiмет» жобасы – күн тәртiбiнен түспей отырған мәселенiң бiрi.  Ол туралы дау-дамайлар жиi қылаң берiп жатады.  «Күлтөбенiң басында күнде жиын» демекшi, талай отырысқа арқау болған әңгiме екенi даусыз. Бiр белгiлiсi, «электронды үкiмет» жобасы елдiң де, Елбасының да көңiлiнен шыға алмай келедi. Осыған байланысты Мемлекет басшысы да бiрқатар ескертпелер жасап, құзырлы органдарға тапсырма берген.  
Президент Нұрсұлтан Назарбаев «электронды үкiметтiң» мүмкiндiктерi туралы қараша айында «Жемқорлыққа қарсы форумда» ерекше атап өттi. Жобаны енгiзiп қана қоймай заманауи технологияларды қолдану, сонымен қатар, бiр терезе қағидаты бойынша жұмыс iстейтiн «электронды әкiмдiктер» жүйесiн жекелеген  аймақтарға енгiзудi жандандыру қажеттiгiн баса айтқан. Сол жолы Елбасы жобаға байланысты жұмыстарға  көңiлi толмайтынын ашық мәлiмдедi.  «Қаражат бөлiнiп, арнайы бағдарлама жасалып қойылды.  Ендi неге дамыта алмай  жатырсыздар» деп сауалды төтесiнен қойған. Артынша, Кәрiм Мәсiмов пен Өмiрзақ Шөкеевке тапсырма бердi.  Содан берi бағдарлама аясында жаңа ұсыныстар жасалып, «Нұр Отан» ХДП жiтi қадағалауында келедi.
Сонымен қатар, «электронды үкiмет» жобасын дамыту қоғамдағы ақпараттық қажеттiлiктi  қамтамасыз етiп қана қоймай , тұтынушылардың құқын қорғауда да үлкен  рөл атқарады екен.  Алдымен  мемлекеттiк органдар құзыретiн айқындап, олардың қызметiн үйлестiруге, көптеген әкiмшiлiк кедергiлердi жоюға мүмкiндiк бередi. Осы пiкiрлердi алға тартқан Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Айгүл Соловьева «электронды үкiметтiң» тиiмсiз тұстарында тәптiштеп айтып бердi. «Жобаның мағыздылығы өте жоғары. Оған сөз жоқ. Дегенмен бiздегi ақпараттық қызмет көрсету орталықтарының шамасы жете ме? Бiз сөз еткен Германия, Франция, Сингапур секiлдi мемлекеттерде технология өте жоғары дамыған. Елiмiзде  солар секiлдi аптаның жетi күнi мен тәулiк бойы  кез-келген жерде, географиялық орналасуға қарамастан үздiксiз байланыс ағыны болуы керек. Бiз бұған келгенде сүрiнiп қаламыз», – дейдi депутат. Жоба  қыруар қаржыны қажет етедi. Осылай деген Соловьева ханым әлi де жақсылап ойланып алған дұрыс деп отыр.