Еліміз тарихи таңдауын жасады

06 маусым 2022, 16:45

Біріншіден Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу сияқты Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін тағдыршешті мәселені биліктің немесе саяси аппараттың таңдауымен емес, барша отандастарымыздың талқысына салып, дауыс беру арқылы жалпыұлттық референдумға шығаруды өте әділ, әрі демократиялық шешім екенін тағы бір мәрте атап өткен жөн. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес сайлау құқына ие ел азаматтарының 68.44 %  пайызы референдумға қатысып, олардың 77.18 % пайызы Конституциялық реформаларды қолдап дауыс берген. Бұл көрсеткіш Президентіміз Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастаған саяси реформаларын Қазақстан халқының  қолдайтындығының айқын дәлелі.

«Ауыл» партиясы референдум тағайындалған алғашқы күннен бастап Президенттің бастамаларына қолдау білдіріп, Конституциялық өзгерістердің мазмұнын талқылау ісіне белсене араласты. Еліміздің әр өңіріндегі партия жетекшілері, белсенділеріміз бен мәслихаттардағы депутаттарымыз әсіресе ауылдық елді мекендердегі еңбекшілер қауымын кеңінен қамтыды. Өндіріс орындарында, еңбек ұжымдарында, егістік алқаптарда көптеген кездесулер ұйымдастырылды. Сондықтан да Конституциялық реформаларды талқылау ісіне атсалысып, өзгерістерді қолдаған, еліміз үшін демократиялық даму жолын таңдаған әрбір партияласымызға алғысымды білдіремін.

​          Біз үшін дамудың жалғыз ғана жолы бар. Ол – демократиялық жол. Тек демократиялық жүйеде ғана қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік саясатты қалыптастыруда тең құқыққа ие бола алады. Кешегі референдум арқылы барша Қазақстан халқы осы жолды таңдады деп білемін.

​          Конституцияға енгізілген өзгерістерді ең алдымен адам құқын қорғау тұрғысында ілгерішіл қадам деп қабылдаймыз. Аталмыш өзгерістер еліміздегі әрбір азаматтың мүддесіне қызмет етіп,  «Әділетті Қазақстанды» қалыптастырудың негізі болмақ.

Ең бастысы мемлекет басқару жүйесінде демократиялық принциптерге басымдық берілмек. Жоғары заң шығарушы және жергілікті өкілетті органдардардың, яғни мәжіліс пен мәслихаттардың құзыреті күшейтіледі. Сол арқылы қарапайым тұрғындардың мемлекет басқару тетіктеріне ықпалы артады.

​          Референдумның нәтижесінде еліміздің ең басты заңы реформаланды. Алдымызда қоғамды іргелі өзгерістер күтіп тұр. Бұл оңай жол емес. Ата заңымызға енгізілген сол өзгерістердің игілігін көру үшін еліміздің әрбір азаматы саналы қадам жасап, салиқалы қоғам қалыптастыруға атсалысуы керек.

«Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы 2022 жылдың 5 маусымында өткен жалпыұлттық Референдумның нәтижесін толыққанды құптайды. Партиямыздың 700 астам мүшесі, аймақтардағы белсенділеріміз Референдум барысын бақылау ісіне атсалысып, дауыс беру учаскелерінде партияның атынан өкілдік етті. «Ауыл» партиясының өкілдері болған учаскелерде қандайда бір заң бұзушылық болмаған. Сондықтан «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы Жалпыұлттық референдумның ұйымдастырылуы мен өткізілу барысының Қазақстан Республикасы заңдарына толықтай сай болғандығын мәлімдейді.

​          Барша Отандастарымызды тарихи таңдау жасағандары үшін шын жүректен құттықтап, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру жолында ерекше ерік-жігер, жемісті еңбек пен ынтымақты, тату – тәтті тірлік тілеймін. Бұл Референдум «Жаңа Қазақстанды» құрудағы алғашқы және аса маңызды баспалдақ. Сол баспалдақ елімізді жаңа биіктерге бастасын деп тілейміз!

 

 Әли Бектаев

«Ауыл» Халықтық – демократиялық

патриоттық партиясының төрағасы