Ерлан Қарин конституциялық реформаның 5 негізгі бағытын атады

27 сәуір 2022, 18:22

Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин елдегі конституциялық реформаның 5 негізгі бағытын атады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

«Конституциялық кеңестің қарауында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер жобасы жатқаны белгілі. Түзетулер Ата заңымыздың 33 бабын қамтиды. Яғни, шамамен Конституцияның үштен бірін қозғайды. Бұл қолға алынған реформалардың қаншалықты ауқымды әрі іргелі екенін көрсетеді. Маманданған адам болмаса, мұншалық көп санды түзетулердің ішінен негізгі бағдарды бақылаудың өзі қиынға соғуы мүмкін. Оның үстіне, бұл өзгерістердің бәрі бір-бірімен өзара байланысып жатыр, ортақ тұжырымдамалық қисыны бар. Сондықтан жекелеген пунктерін талқылай отырып, жалпы көріністі өткізіп алмау маңызды», деп жазды ол Telegram-каналында.

 

Ерлан Қариннің айтуынша, конституциялық реформаның мақсаты – қолданыстағы саяси модельді жүйелік тұрғыдан трансформациялау. Ал оның 5 негізгі бағыты бар. Олар:

 

1.  Бірқатар билік уәкілеті қайта бөліске түседі: функциялар Президенттен – Парламентке, орталық биліктен – өңірлік билікке беріледі.

 

2.  Суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға көшу аяқталады: Президент бәрінен тең дәрежеде оқшау тұратын, ешқандай үстем әрі айрықша уәкілеті жоқ саяси институт болып саналатын классикалық модель орнатылады.

 

3.  Парламент палаталарының рөлі мен мәртебесі күшейтіледі: Мәжілісті құрылымдаудың аралас моделі енгізіліп, Парламенттің бақылаушы функциялары кеңейтіледі, заңнама процедуралары оңтайландырылады.

 

4.  Халықтың мемлекет басқаруға қатысуы кеңейеді: Мәжіліс депутаттары бірмандатты округ жүйесі бойынша сайланады, депутат мандатын қайтарып алу тетігі енгізіліп, облыс әкімдері баламалы негізде мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындалады.

 

5.  Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігі күшейтіледі: Конституциялық Сот құрылып, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық кепілдер мен иммунитет беріледі, өлім жазасына конституциялық деңгейде тыйым салынады.

 

«Осылайша, реформалардың нәтижесінде билік тармақтарының өзара теңгерімді байланысы қалыптасып, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады. Мұның бәрі мемлекеттік құрылымның жаңа моделі – Екінші Республикаға көшуіне жағдай жасайды», деп жазды Мемлекеттік хатшы.