Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялар қабылдады

23 ақпан 2022, 13:42

Брюссель жаңа шектеулерді АҚШ, Ұлыбритания және Канадамен келісіп қабылдады.

Еуропалық Одақ елдері өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикасын таныған Ресейге қарсы санкцияларды бекітті, деп жазады nege.kz.

Брюссель жаңа шектеулерді АҚШ, Ұлыбритания және Канадамен келісіп қабылдады. Бұған дейін Германия «Солтүстік ағын-2» газ құбырын сертификаттауды тоқтатқаны жайлы жариялады. Еуроодақтың «қара тізіміне» Ресей мемлекеттік думасының 351 депутаты мен 27 жеке және заңды тұлғалар енді. Олардың арасында банктер мен қаржылай ұйымдар бар.

Брюссель Донецк және Луганск халық республикаларымен кәсіп жүргізуге тыйым салып, Ресейдің Еуроодақтың қаржы және капитал нарығына кіруін шектеді. Ресей президенті Владимир Путин Еуроодақтың санкциялық тізіміне енгізілген жоқ. Брюссельде Мәскеудің іс-әрекетін қолдаған Беларусьтің ресми тұлғаларына да санкциялар енгізетінін ескертті.  

Урсула Фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Біздің бүгінгі шектеу шараларымыз Ресейдің әрекеттеріне жауап. Егер Ресей дағдарысты шиеленістіруді жалғастыра берсе, біз өзге шараларды қабылдауға дайынбыз. Ресей халықаралық міндеттемелерді сақтамай, халықаралық құқықтың басты принциптерін бұзып отыр. «Солтүстік ағын-2» Еуроодақтың энергетикалық қауіпсіздігі тұрғысынан бағалану қажет. Себебі бұл энергетикалық дағдарыс Еуропаның Ресей газына әлі тәуелді екенін көрсетіп отыр.

Жозеп Боррель, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі:

– Біз Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігіне және тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, қол сұққан 27 жеке және заңдық тұлғаға қарсы шаралар енгіземіз. Олар Ресейдің қорғаныс, банк және қаржы салаларының өкілдері. Ресейдің біздің капитал мен қаржы нарығымызға кіруге мүмкіндігі барын назарда ұстауымыз қажет. Ресейді келіссөзге итермелеу үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ арқылы әрекет етуді жалғастыра береміз.