Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Халифат сарбаздарынан» қауіп бар

05 желтоқсан 2012, 13:14

Кеше Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті кеңейтілген отырыс өткізіп, онда терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтыған жоба талқыланған еді. Оның барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қабдулкәрім Әбдіқазымов Қазақстанға «Халифат сарбаздарынан» келетін нақты қауіптің бар екенін мойындады.
Есте болса, былтырғы қазанда Атырау­да екі дүркін жарылыс болып, кейін мұның артында лаңкестік ұйым тұрғаны анықтал­ған. Оны қойыңыз, бұл жарылысты өз мой­нына алып, ғаламторда ашық айбат көр­сеткен материалдар да шыққан. Содан бері «Халифат сарбаздары» атты ұйымның Қазақстанның тұрақтылығына тұтқиылдан төнетін террористерді даярлау ошағына айналғанын аңғарғанбыз. Кейіннен әлгі террористік тордың елдің өңірлеріне құрылғанын да аңғарған едік. Мәселен, сол Атыраудағы жарылыс бойынша «тер­роризм» бабымен екі қылмыстық іс қоз­ғал­са, оның бірінде – бес, екіншісінде 42 адам айыпталушы ретінде танылып, кейін­нен олардың барлығы 5-тен 15 жылға дейін сотталды. Кейіннен «Халифат сарбаз­дары» тобын ауған содырларының қата­рын­да соғысқа араласып кеткен Қазақстан азаматтары құрды» деген де ақпар қылти­ған еді. Ал бұл ұйымның қызметі был­тыр­дан Атырау қалалық сотының шешімімен лаңкестік деп танылып, қызметі ел аума­ғын­да тоқтатылған болатын.
«Жалпы «Халифат сарбаздары» арасын­да біздің еліміздің азаматтары бар екенін, бұрынғы Қазақстан азаматтарының да жүргенін, сосын сондай азаматтардың белгілі бір жағдайда біздің елімізде тер­рорис­тік әрекет жасауға бағытталғанын ескер­сек, онда біз қауіпті нақты деп санай­мыз»,  деді сенаторлар тарапынан қойыл­ған сауалға жауап берген ҰҚК өкілі. Оның айтуынша, арнайы қызметтің бүгінгі мақ­саты да осы қауіптің бетін қайтару, әлгіндей ниеті теріс ұйымның ұяшықтарын елімізден алас­тату, ешқандай да әрекетін болдырмау. 
«Елдің батысында соңғы жылдары орын алған лаңкестік әрекеттің барлығы «Жа­мағат» аталатын террористік ұйымның өздігінен балалап, радикалданған «ұяшық­тары» болып табылады. Бұл негізінен экстре­мизм мен терроризм идеяларын наси­хат­тайтын интернет-ресурстардың ықпа­лынан орын алды. Сосын радикалды топтың мүшелері негізінен «білімді» сол жоға­рыдағылардан алып отырды. Сондық­тан да оларды «қолдан даярланған» тер­рористер мен экстремистер деп атаса да бола­ды», – дейді Қ. Әбдіқазымов.
Оның айтуынша, Атыраудағы жарылыс­ты «Халифат сарбаздары» шынымен өз жауап­кершілігіне алған. «Ұйымның эмис­сарлары Қазақстан аумағына аттап басқан жоқ, дегенмен ел аумағындағы бірқатар азаматтармен байланысы жақсы болған. Кейіннен террактіні жүзеге асырғандар да солар», – дейді ҰҚК өкілі.