Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Халықаралық жүк тасымалына мамандар тарту неге қиын?

13 сәуір 2011, 11:49

«Еліміздегі көлік қа­ты­настары бойынша мамандар дайындайтын жоғары оқу орындары тілді үйрету жағынан ақсап жатыр. Сол себепті институттан кейін бізге жұмысқа тұруға ниет біл­діріп келетін жас ма­ман­дар бәсекеге қабі­лет­сіз болып шыға­ды. Яғни олардың кө­бі­­сін жұмысқа ала алмай­мыз». Бұл туралы өт­кен сенбіде арнайы бас­па­сөз мәслихатында еліміз­де халықаралық логистикамен айналыса­тын жалғыз ұлттық ком­па­ния – «CRUZ Logistics» ЖШС-нің бас директоры Қуат Қонаев мәлімдеді.
Аталған компания құрылтайшылары­ның бүкіләлемдік логистикада, соның ішін­де ТМД аймағы мен Таяу және Орта Шы­ғыста жүктердің тасымалын ұйымдас­т­ыру жұмысында 25 жылдық іс-тәжіри­бе­лері бар. Ал «CRUZ Logistics» ЖШС-нің құ­рылғанына бір жыл ғана болған. Қуат Қо­наев­тың айтуынша, осыған дейін бұл нарық­та тек шетелдік компаниялар қызмет көр­сетіп келген. Сол себепті логистика сала­сында ұлттық компания құру идеясы туын­дады.
«Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде сөйлеген сөзінде Үкіметке жеті міндет жүктеді. Соның бірі логистика саласына көңіл бөлу, оны дамыту болып табылады. Ал Қазақстанда өнеркәсіпті да­мы­ту үшін, ең бірінші, оның логистикасын, тасымалын бір жолға қою керек. Осы жа­ғынан, Мемлекет басшысының батыс пен шығысты байланыстыратын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дә­лізін салу туралы берген тапсырмасының ма­ңызы зор. Біз, міне, осы мақсаттарды орын­дауда мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесімізді қосамыз деп үміттенемін», – дейді ол.
Сондай-ақ Қ.Қонаев бастапқы кезде ком­панияға білікті мамандарды тарту қиынға соққанын айтады.
– Қалааралықтан халықаралық қаты­нас­тар деңгейіне көтерілген біздің компа­ния­ға білікті мамандар тарту қиынға соқты. Мә­селен, бір жылдың ішінде біз Дубаймен, Африкамен, АҚШ-пен, Еуропамен, Үндіс­тан­мен, Қытаймен қарым-қатынастар жа­сап, қара жол, әуе, теңіз тасымалы, темір­жол­мен де жүктер жеткізуге машықтанып ал­дық. Аталған мемлекеттерде компания­мыз­дың кеңселері мен өкілдіктері де бар. Яғни бізге кем дегенде үш тілді (ағыл­шын­ша, орысша, қазақша) жетік білетін ма­ман­дар қажет. Бірақ біздегі жоғары оқу орын­дарын бітіріп, жұмыс істеймін деп тілек білдіріп келген жас мамандардың тіл білуге келгенде көбінде кемшілігі болады. Сол себепті оларды көбіне жұмысқа алудан бас тартамыз, – дейді халықаралық жүк тасымалы компаниясының басшысы.
Элвис Робертс, «CRUZ Logistics» ЖШС-нің Үндістандағы әріптесі:
– Логистика – өлмейтін сала. Өйт­кені өмірдің өзі үнемі қозғалыстан тұ­рады. Қазақстан жағрафиялық жағынан стра­тегиялық маңызды орында орна­лас­қан. Әлемде сауда бойынша мықты мем­лекет Қазақстанға жақын орналас­қан Қытай мен Үндістан болып санала­ды. Ал осы мемлекеттердің шығаратын тауарын көп тұтынатын – Еуропа мен АҚШ. Яғни ірі көлемдегі жүктер Қазақ­станды басып өтеді. Оның басқа жолы да жоқ. Сондықтан Қазақстан логистика саласындағы осы мүмкіндігін толықтай пайдалануы керек. Осы саланың өзі-ақ ел экономикасының қарыштап дамуына ықпал ете алады. Сондықтан да бүгін­дері әлем Қазақстанды қарқынды да­му­шы ел ретінде қарастырады әрі инвес­тиция салуда да сол себепті сенім білдіреді.
Сондай-ақ ол: «Тіл білмейді дегеніне қара­мастан, «CRUZ Logistics» ЖШС өзіне жергілікті мамандарды тартады. Оған компанияның басым бөлігінің мамандары отандық болып табылатындығы дәлел», – дейді.
– Бәсекелестік күн өткен сайын күшейіп келеді. Әрине, кез келген компания дамып, жақсара түскісі келеді. Ал біздің ком­па­ниямыздың басты ерекшелігі – біз шетелдік емес, қазақстандық компаниямыз. Әрі ма­ман­дарымыз да негізінен жергілікті адам­дардан тұрады. Біз оларды шетелдегі өкілдіктерімізден тәжірибеден өткізіп отырамыз. Осында да оқу тренингтерін жүр­гіземіз. Компанияны құрған кездегі бас­ты мақсатымыз – елімізде өркендеген компания болу еді. Біз бүгін оған қол жеткіздік деп есептейміз. Ендігі алдағы он жыл ішіндегі мақсатымыз – Жер шарының төрт түкпірінде өзіміздің өкілдіктерімізді ашып, кеңейіп, одан сайын дами түсу, – дей­ді компанияның басқарушы директо­ры.