Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

«Ислам Давосы» өз жұмысын Алла разылығы үшін Құран бағыштаумен бастады

08 маусым 2011, 12:24

Астанада ғаламдық деңгейдегі тағы бір дүбірлі жиын – VII дүниежүзілік ислам экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Орталық Азияға, оның ішінде қасиетті қазақ жеріне тұңғыш табан тіреген әлемнің ең беделді форумының бұл жолғы тақырыбы – «Ғаламдық экономикалық даму: өзара байланыс, бәсеке, ынтымақтас­тық». Әлемнің әр түкпірінен, еліміздің өңірлерінен екі мыңнан астам қатысушының басын қосқан жиынның ашылуы бір ғана Жаратушы­ның разылығына бағышталып Құран оқумен басталды. Жиын­ның бірінші күні Іскер әйелдер форумы өтіп, жас көш­бас­шылар басқосуы болды.
Дүниежүзілік ислам экономикалық фо­румының «Ислам Давосы» деп аталуы­ның өзіндік мәнісі бар. Осыдан алты жыл бұрын Куала-Лумпурде алғаш жұмыс бастап, кейіннен түрлі мазмұн шеңберінде ға­лам­дық экономика һәм бизнес тақыры­бы­ның өзекті мәселелерін жаһан деңге­йінде жұмыла талқылаған Ислам фору­мы­ның басты мақсаты – мұсылман елдерінің эко­номикалық және геосаяси дамуы тұр­ғысында жан-жақты әрі салиқалы пікір алмасу. Әйтсе де Еуропадағы «Давос» фо­ру­мынан бір айырмашылығы Ислам фо­румында, негізінен, шағын және орта биз­нес компанияларының ынтымақтастығы үшін мүмкіндіктер молынан қарастырыла­ды. Дегенмен бизнесті қолдау ауқымды эконо­микалық алаң болып табылатын Ислам экономикалық форумының бір ғана қыры. Ал оның сыртында жаһандық қатер­лердің, оның ішінде экономикалық қауіп­тер­дің алдын алуда осынау форумның ма­ңызы жыл сайын артып отыратыны анық. Кешегі алқалы жиынның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Премьері Кәрім Мәсімов те ең алдымен форумның жаһандық маңызды шараға айналғанын атап өтті. «Бұл өз кезе­гін­де жа­һандық экономикада ислам әле­мінің ар­тып келе жатқан ықпалын көр­се­теді. Де­генмен тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда кез келген мемлекет жаһан­дану ұсы­нып отырған мүмкіндікті толық пайдалануы керек. Сондықтан бізге жаһандану проб­ле­малары мен қатерлеріне жалпылама қадамдарды әзірлей білу аса қажет», – деді К.Мәсімов. Бұл ретте Үкімет басшысы ислам экономикасының қыр-сырына те­рең бойлайтын Астана форумында атал­мыш мәселелер зерделеніп, тиісті шешім­дер қабылдану керектігіне назар аудартты. Сонымен қатар өз сөзінде Премьер биыл­ғы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына тоқтала келе, бүгінгі елдің жетістігін де әңгіме қылды. «Қазақстан – эко­номика мен мәдениеттер тоғысында ор­на­ласқан мемлекет. Осы тұрғыдан ал­сақ, қазақ елі мәдени, діни, нәсілдік жара­ты­лысына қарамастан, әртүрлі адамдардың ортақ шаңырағына айналды. Әйтсе де тұ­рақтылықтың мекеніне айналған Қазақстан ислам­дық дәстүрге құрметпен қарайды», – деді Үкімет басшысы. Премьердің ай­туынша, Тәуелсіздіктен бергі ел экономи­ка­сының даму бағытында қазақ даласында шетелдік инвестициялар ғана емес, идея­лар да қолдау тапты.
«Халықаралық «Жібек жолында» ор­на­ласқан Қазақстанның ұстанымы шетелдік инвестицияларды қолдауға бағытталып отыр. Жалпы, ХХІ ғасырда жаңа идеяларға ашық болу, сондай-ақ тұтас дамып, гүлден­ген қоғам құру маңызды. Бүгінгі күні әлем­дік дағдарыстан кейінгі уақытта Қазақстан экономикасы 7 пайыздық өсіммен дамып келеді. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін жартылай қысқарттық. Қазіргі кезде қазақстандық жұмыссыздық көрсет­кіші Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ елдеріне қарағанда төмен», – деді К.Мәсімов. Ал бизнеске келсек, еліміздегі кәсіпкерліктің үлесі ішкі жалпы өнімнің дең­гейіне айтарлықтай дем беріп келеді. Мем­лекет бұл бағыттағы жұмысты жандан­ды­ру үшін бизнестің әкімшілік кедергілерін төмендетіп, несиелік ресурстарға қол­жетім­ділікті жеңілдетуде. Осы мәселелерге тоқталған Үкімет басшысы шағын және орта бизнестің үлесі ағымдағы онжылдық­тың соңына қарай ішкі жалпы өнімді 40 пайызға дейін жеткізу туралы міндеттің бар екенін де еске салды. Жиынға сәттілік тілеген Премьер Кәрім Қажымқанұлы фо­румның алғашқы күнінде қамтылатын тақырыптарға да соғып өтті. «Қазақстанда әйелдер қауымы мемлекеттің дамуында маңызды рөл атқарып отыр. Ал статистика­ға сүйенсек, нәзікжандылар еліміздің ішкі жалпы өнімінің үлесін 30 пайызға артты­руға септік жасауда. Бұл көрсеткіш тұрақты түрде өсіп отыр. Айта кететін тағы бір мә­селе, Қазақстандағы әйелдердің прог­ре­сі – кемсітушіліктің барлық түрлерін жоюға негізделген біздің ниетімізді дәлелдеп отыр. Сондықтан да Қазақстан алалаушы­лық пен кемсітушілікке тосқауыл қою бо­йынша Еуропалық одақ құрамындағы Ита­лия, Франция секілді 12 мемлекетпен тең тұр. Бұл ұстанымды одан сайын тереңдету үшін әйелдер қауымының саясатта, бизнес­те, азаматтық қоғамда жетекші орындарды иеленуіне жәрдемдесетін бағдарламалар әзір­леніп жатыр», – деді К.Мәсімов.
Ал ДИЭФ төрағасы Тун Муса Хатим мыр­за VII форумның маңызына тоқталмас бұрын, жиынға мұрындық болған ресми Астанаға алғысын жаудырды. Хатим мырза Қазақстанды Орталық Азиядағы ғана емес, ТМД шеңберіндегі ірі экономикалық держава ретінде де атап өтті. «Мұнай мен минералдық ресурстардың ауқымды қорына ие, саяси тұрақты, инвестициялық сая­саты икемді әрі адами капиталы мақта­нарлық деңгейдегі Қазақстан ислам әлеміне сауда, инвестиция һәм экономи­калық ынтымақтастық үшін үлкен мүмкін­дік­тер ұсыну жолын тағы да еңсеріп отыр. Қатысушылар мұндай бірегей мүмкіндікті жіберіп алмасына сенемін», – деп атап өтті ДИЭФ төрағасы. Үш күнге жалғасатын форум аясында ислам банкингі, қаржылық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті, балама энергия көздерін, халал индустриясын дамыту және тағы басқа өзекті мәселелерді арнайы сес­сия­ларда талқылау жоспарланған. Астаналық экономикалық алаңда 50-ден астам елдің өкілдері, сондай-ақ ғаламдық азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланып, биз­нес-үрдістерді басқару тұрғысында тәжіри­бе алмасылатын болады. Бір сөзбен айт­қанда, Астанадағы ДИЭФ әлемдік эко­но­мика үшін өзекті саналатын барлық мәсе­леге барлау жасайды.
«Қазан қайнатудан» дөңгеленген бизнеске дейін...
ДИЭФ дәстүрі бойынша жиынның ал­ғашқы күні ұйымдастырылатын Іскер әйелдер форумы ерекше атмосферада өтті. Ислам форумы шеңберіндегі Іскер әйел­дер жиынының мақсаты нәзікжан­ды­лар айналысатын сауда-саттықтың, кәсіп­кер­ліктің жандануына, сондай-ақ ислам мем­лекеттері арасындағы Ұйымға қатысу­шы елдердің әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету болып табылады. «Гендерлік мәсе­лені қарастыру мақсатымыз емес» деп сөз бастаған әйелдер қауымына дәл осы мәселеден айналып өту қиынға соққанға ұқсайды. Мәселен, ДИЭФ жанындағы Іс­кер әйелдер қанатының төрайымы Нор­раесах Мохамед беташар сөзінде «Алтын бас­ты әйелден, бақыр басты еркек артық» деген мақалды жоққа шығаратын кез келгенін айтып қалды. «Бүгінгі заманның әйелдері тек «кофе қайнатуды» ғана емес, бизнесті дөңгелетіп, ақша табуды да жақсы меңгерген. Керісінше, қазіргі таңда универ­ситет­тің бетін көрмеген ер-азаматтардың қан­шалықты көп екендігін ескерсек, бола­шақта олардың қолынан кофе қайнатудан бас­қа ештеңе келмейтінін еске салғым келе­ді», – дейді Н.Мохамед ханым. Мұн­дай мәлім­деме отырған «орамалдыларды» бір желпіндіріп тастағандай көрінді. Бұдан кейін сөз сөйлеген Малайзия әйелдер ісі, отбасы және қоғамдық даму министрі Шах­ризат әбдул Жәлил де әңгімесін жақ­сы бастағандай еді. «Қазақстанның әйел­дері ең сұлу, ер-азаматтары ең мықты. Мен Қазақстанды сүйемін!», – деді Шах­ризат ханым. Бұдан соң, малайзиялық министр ханым Қазақстанға келгелі бері әйелге қатысты еркектердің аузынан бір ғана мақал шыққанын алға тартады. Қазақстанда «еркек бас болса, әйел оның мойыны» екен. Менің ойымша, қазақ әйелдері өте ақылды. Малайзияда да солай: әйелдер еркектерді өздерін «бас» ретінде санауына жол береміз де, өзіміз «мойынның» рөлін атқарғандай боламыз. Ал шындығында болашақты ойлау тұр­ғы­сында әйелдер нағыз ақылды әрі солай болуға тиіспіз. Өйткені бұл ұлт келешегі үшін аса қажет», – деді Шахризат ханым.
Іскерлер пікір алмасуы барысында өзара кәсіпкерлік байланысты жандандыру, бизнесті бастау үшін өзара жәрдемдер бе­ріп, семинарлар өткізуді дамыту мәселесі көте­рілді. Әйелдер іскерлігі тақырыбын­да­ғы ДИЭФ аймақтық семинарын Астанада өткізу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл да өз кезегінде қазақстандық әйелдердің ис­лам елдері арасындағы белсенділігін аңғартса керек.
Бүгін Дүниежүзілік ислам экономи­калық фо­румының салтанатты ашылуы болып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатыса­ды деп күтілуде.