Жаңа премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасы мақұлданды

11 қаңтар 2022, 11:28

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР премьер-министрі лауазымына Әлихан Смайыловты ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Nur-Otan" мен "Ақ жол", "Халық" партиялары Әлихан Смайыловтың үміткерлігін қолдады.

49 жастағы Әлихан Асханұлы мемлекеттің қызметте ұзақ жүрген азаматтың бірі. Бұған дейін 2 жылдан астам уақыт Үкіметтің бірінші орынбасары міндетін атқарған.

Әлихан Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

1993–1999 жылдары — "А-Инвест" инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

1999–2003 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2003–2006 жж. — ҚР сыртқы істер вице-министрі, "Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы.

2006–2009 жж. — ҚР қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ҰХ президенті.

2009–2014 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014–2015 жж. — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

2018 жылы ҚР Қаржы министрі болып тағайындалды. 

2019 жылы 25 ақпанда президент жарлығымен премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі болып тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда президент жарлығымен осы лауазымға қайта тағайындалды.

2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап уақытша премьер-министр міндетін атқарады.

Марапаттары

"Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін", "Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл", "Қазақстан Конституциясына 10 жыл", "Астанаға 10 жыл" медальдері.

"1 рангты кеңесші" дипломатиялық рангы бар.