Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жолдау ойға жетелейді

15 желтоқсан 2012, 13:17


Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясы болашаққа, яғни жастарға арналып отыр. Біздің жас­тар мемлекет бізге не жа­сап береді деп отыр­­май, өз өмірі мен тағдырын өздері шешетін жағдайға жетуі тиіс. Әрине, Қазақ елі­нің, қазақ жерінің мәңгілігін қамтамасыз ету жолында жас ұрпақ біраз ең­бектенуі ке­рек. Прези­дент осы мәсе­лені көтеріп отыр. Бұл Жол­дау қазақ жас­тарының мүм­кіндігін ашу­ды көздей­ді. Ол әрбір жас­тың сана­сына жетіп, оған әсер етсе, болғаны. 


Серік ӘБДЕНОВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Мемлекет басшысы өз Жол­дауында әлеуметтік сала бойынша жеке жауапкершілік мәселесін ерек­ше атап өтті. Президент оны талап ретінде қойып отыр. Неге? Себебі елдің өсуі мен экономиканың дамуы кез келген азаматтың жеке жауап­кершілігіне байланысты. Соны түсіне білген азамат жеке жетістіктері арқы­лы мемлекетке нендей үлес қоса алатындығын анықтап алуы шарт. Бұл – өте маңызды мәселе. Әрине, он­дай­да, ең бастысы – дұрыс білім алу, екіншісі – лайықты жұмыс табу. Білім­ге лайық жұмыс болса, тиісті табыс та келеді. Әрбір азамат алға ұмтылып, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, мемлекеттің де шаңырағы биіктеп, іргесі беки түседі. 


Әділбек НИЯЗЫМБЕТОВ, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері:
 – Шынымен де, Президенттің биылғы Жолдауы жастарға арналып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ жастарын бірлікке шақырды. Неге? Мәселен, мен спортта екі қазақтың төбелесіп жатқанын жиі көремін. Ашығын айту керек, оның барлығы – ыңғайсыздау жағдай. Өз басым соған қатты ызаланамын. Біз спортта жоғары жетістіктерге жетуге тырысамыз. Оның арқасын­да мемлекеттің де мерейі үстем болатындығын жақсы түсінеміз. Биыл Лондон Олимпиадасы өтті. Алда Рио-де-Жанейрода өтетін 2016 жылғы Олимпиада бар. Осы жолы Қазақстан 12 үздік елдің қа­та­рынан көрінсе, келесі жарыстарда біз ондыққа ілігуіміз қажет.


Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, ҚР Қорғаныс министрі:
– Осы уақытқа дейін бізде кәсіби әскер қалыптасып үлгерді. Қазіргі кезде ол Еуразиялық аймақ бойынша шұғыл әрі дайындығы жоғары әскерлердің бірі болып саналады. Әрине, Президент пен мемлекеттің тарапынан біраз жұмыстар атқарылды. Оның бәрі не үшін керек? Ұлттық қауіпсіздік пен шекара тұтастығы үшін қажет. Біздің сыртқы саясатымыз да соны көздейді. Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық келісімшарт ұйымы сияқты халықаралық маңызы бар бірлестіктер аясында нақты коалициялық күштер қалыптасып, біздің тұрақты әріптестеріміз пайда болды. Олар кез келген уақытта көмек беруге әзір. Әлбетте, Президенттің осы жолғы жолдауы аясында қолға алынған жұмыс жалғасатын болады.


Салидат ҚАЙЫРБЕКОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы ел өмірінің барлық салаларын қамтиды. Осындай бағдарламалар бізге нақты бағдар беріп тұрады. Бұл құжатта денсаулық саласына үлкен міндет жүктеліп отыр. Біз медициналық қызмет сапасының бірыңғай стандарттарын даярлап шығуымыз қажет. Ол тапсырма кезең-кезеңімен орындалатын болады. Өйткені оның астарында үлкен жұмыс жатыр. Бұл бір ғана медициналық қызметтің сапасы емес. Материалдық-техникалық базаны жетілдіру, мамандарды кәсіби жағынан даярлау және тағы сол сияқты мәселелер отандық медицина қызметінің сапасын арттыруы шарт. Бұған дейін біз жоспарларды «Қазақстанның – 2030» стратегиясы аясында құрдық. Енді, оның барлығы 2050 жылға дейінгі бағдарламаға сай даярланатын болады.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Үкімет басшысының орынбасары:
– Биылғы жолдаудың жөні бөлек. Онда ел егемендігі ғана емес, қазақ халқының бірлігі мәселесі де көтерілген. Бүгінде 2030 жылға дейінгі міндеттердің біразы орындалды. Енді, 2050 жылға дейін үздік 30 мемлекеттің қатарына енуді мақсат тұтып отырмыз. Бұл – өте батыл бастама. Меніңше, ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Біз жиналып, бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас шығара білсек, осы тапсырманы да орындап шығамыз деп ойлаймын.


Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург:
– Президенттің латын әліпбиіне көшу мәселесі өте орынды болды. Дегенмен, 2025 жылға дейін біздің көптеген қай­рат­кер­леріміз кетіп қалып, латын қар­пі қажеті жоқ болып қалатын жас­тар келе ме, деп қауіптеніп отыр­мын мен. Бірақ мақсатты қой­ма­ғ­аннан гөрі нақты міндеттің бол­ға­ны жақсы. Со­ған жетеміз деп ұмтылғаны дұрыс.


Ерлан ҚАРИН, саясаттанушы:
– Бұл Жолдаудың басты ерек­ше­лігі Президент болашақ бастама­ла­рымен қазақ аудиториясымен біліс­кен­дей болды. Қазақтың арманы, қа­зақтың идеясы, жиырмасыншы ғасыр – қазақ халқының алтын ға­сыры деген ойлар арқылы Нұрсұл­тан Әбішұлы 2050 жылға дейінгі стра­тегияның, ең алдымен, қазақ ұлтына үлкен жа­уапкершілік жүктейтіндігін жеткізді. Сондықтан қазақ жастары аталған бағ­дарламада көрсетілген не­гізгі мақ­сат-міндеттерді жете тү­сінуі тиіс. Ол ба­с­тамалардың сәт­ті жүзеге асуы соған тікелей байланысты.  


Бауыржан БАЙБЕК, Президент Әкімшілігі басшысының орынба­сары, «Болашақ» халық­аралық стипен­дия­сы түлектері қауым­дастығының кеңес төрағасы:
– Бас кезінде Қазақстанның 2030 жылға даму стратегиясында көрсетілген міндеттер биік асулар, қол жетпес белестер ретінде көрінген. Бүгінде біз оның барлығын мерзімінен бұрын орындап отырмыз. Сондықтан 2050 жылға дейінгі бағдарламаны құру аса маңызды. Президент ол құжаттың негізгі тетіктерін жастарға ерекше ілтипатпен жеткізді. Себебі олар болашақта қандай мемлекетті құру қажеттігін білуі тиіс. Ол үшін жастар мектептен бастап қай бағытта өз білімдерін шыңдайтынын анықтап, тек алға ғана ұмтылуы шарт. Соның арқасында мемлекет дамиды, халықтың әл-ауқаты өседі.