Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Кәсіпкерге қамқорлық жетіспейді

27 сәуір 2011, 14:32

Былтыр Екібастұз қаласының кәсіпкерлері биліктің келісімге шақыруымен әлеуметтік мәндегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы меморандумға қол қойған болатын. Халыққа аз да болса пайдасын тигізген осынау шараны биыл да жалғастыру қажеттілігі туып отыр.
Жергілікті базарлар мен дүкендердің иелері мұндай келісімді құптайды. Бірақ олардың жұмыстарына кедергі болып жүрген мәселелер аз емес көрінеді. Мәсе­лен, «Богатырьский» универсамының иесі Галина Маас осы уақытқа дейін жергілікті кәсіпкерлерді ақпараттандыру мәселесі ақсап келгенін айтады.
– Жаңадан заң шықса, оны қайдан іздерімізді, жұмысты қалай жалғастыру керектігін білмей дал боламыз. Мұндағы кәсіпкерлік бөлімінен бірдеңе сұрасақ, ештеңе білмей отырады. Ақыры барлық кәсіпкерлер жиылып керегімізді Интернет­тен әрең таптық, – дейді ол. Кәсіпкерлер, сонымен қатар, сауда орындарына көр­сетілетін коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттығына да наразы. «Онымен қой­май, коммуналдық қызмет иелері төлем­ақыны үш ай, тіпті одан да ерте төлеуімізді талап етеді. Төлемесек, ағытпақ болып қо­қаңдайды. Әлі көрсетілмеген қызмет үшін ақы төлеп қою ақылға сыйымсыз емес пе?» – дейді кәсіпкерлер.
«Біз сауда нүктесін жалға беру бағасын да өсіріп отырған жоқпыз. Бірақ мұны кім бағалап жатыр? Банктен несие алайық десек, пайыздары өте жоғары. Неге банк­тердің пайыздары қадағаланбайды? Бізге жасалатын бағаны тұрақтандыру туралы ұсыныс оларға неге жасалмайды?» – деп налыған кәсіпкерлер, сондай-ақ «әй дейтін ажа, қой дейтін қожасы» жоқ жабдық­тау­шылардың да өз білгенін істеп келе жатқанын алға тартуда.
Кәсіпкерлерді тыңдасақ, бағаны тұрақ­тандыру үшін базар немесе дүкен иелерімен ғана мәміле жасау аздық ететіндей. Себебі бағаның өсуіне несие пайызын төмен­детпейтін банктер де, қызметіне ақыны шектен тыс көп сұрайтын коммуналдық қызметтер де, тауар бағасын айлап емес, апталап өсіре беретін жабдықтаушылар да әсер етіп отыр. Осыған қарамастан кәсіп­керлер бағаны шекті мөлшерде ұстау ту­ралы меморандумға биыл да қол қойды.