Саяси сахна

Қазақша заң шығару қажет пе өзі?

  • Қазақша заң шығару қажет пе өзі?

    Қазақша заң шығару қажет пе өзі?

«Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деуші еді. Алайда, біздің елдің заңдары бұл қағидаға бағынбай тұр. Яғни заңдарымыздың ұлттық ерекшеліктерімізге сай, еліміздің менталитетіне негізделген өз ерекшелігі байқала бермейді. Себебі заңымыз «жазылмайды» көбінесе «көшіріледі». Міне саған «заң басқа». Мұны жақында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов мырза да айтты. Үкімет тарапынан заң әзірлеушілер өзіміздің ұлттық заңнаманы ескермей, шетелдік заң нормаларын толық көшіре салатынынын сынға алған Мәжіліс Төрағасы «Дербес деректер туралы» заң жобасының көптеген нормалары ТМД-дағы бір елдің заң нормаларын тұтастай қайталап шыққаны туралы дерек те келтірді. Мұндай көшіру «ұлттық заңнамамызға, оның ішінде Қазақстанның 7 кодексі мен 27 заңына қайшы келген. Нәтижесінде депутаттарға заң жобасын толығымен қайта дайындауға тура келді» деді спикер. "Алаш айнасы" "қазақша білмейтін заң" туралы мамандар пікірін оқырманға ұсынып отыр
Мамандар заң ұлттың өз ерекшелігін ескеріп жазылмаса жұмыс істемейді дейді. Демек халықтың сұранысы мен қалауын ескерген заңның болашағы зор. Осындайда еске түседі. Біршама уақыт бұрын елімізде педофилдер күрт көбейіп кеткен кезде халықтың «педофильге өлім жазасын кесейік, ең құрығанда кастрация жасайық» деп шулағаны есте. Сондай-ақ жемқорлыққа ие бола алмай, ұрлық күрт дендеп кеткен кезде де заңдарымызға өзгеріс енгізе қоймадық. Ал басқа елдер көшеде шемішкенің қабығы күрт көбейіп кетсе де заңмен шегелеп, көпшілікті тәртіпке шақыра қояды. Ендеше заң жазарда ұлттық менталитетті ескеруге не кедергі?
Ғабиден Жайлин, заңгер:
– Заңдарымыз көбіне орыс тілінде жазылады немесе алдымен орыс тілінде жазылып алып, сосын барып қазақ тіліне аударылады. Алдымен орыс тілінде жазылғаннан кейін қазақ тілді аудармасының тілі жатық бола бермейді. Мәселен Азаматтық кодекстің орыс тіліндегі нұсқасы түсінікті. Ал қазақ тіліндегі нұсқасының тілі өте түсініксіз. Грамматикалық қате өріп жүр, баяндауышы басында, бастауышы аяғында. Тілі түсініксіз болғаннан кейін Азаматтық кодекстің қазақ тіліндегі нұсқасын ешкім қолына да алмайды. Сондықтан заңдарымыздың сапасы дұрысталсын десек олардың ең алдымен, нағыз қазақ тілді мамандар қолымен қазақ тілінде жазылуын талап етуіміз керек. Жасыратыны жоқ заңдарымызға қатысты кемшіліктер жетерлік. Олар қоғамымызда ашықтан ашық айтылып та жүр. Бірақ заңдарымызға қатысты айтылып жүрген сындардан қорытынды шығарылып, олқылықтың орны толтырылар емес. Естуім бойынша заңдарымыз іске қосылғанға дейін 4000-нан астам маман жұмыс істейді екен. Ендеше сол 4000 маман жан жақты талдап, олқылықтардың орнын толтырып, талапқа сай етіп жазып шығуы керек емес пе?! Сондықтан бұл жерде заңдармен жұмыс істейтін мамандарға қояр талапты күшейтуіміз керек секілді. Негізі заң мықты болса, қоғамда заңсыздықтар аз болады. Сондай-ақ бізде заңдар ұлттық ерекшеліктерімізді, қоғамның сұранысын ескере бермейді. Әрине басқа елдерден көшіріп алына салған заң халықтың қалауына сай жұмыс істемейді. Сондықтан жемқорлыққа қатысты қылмыстардың көбеюіне орай бізде де жемқорлыққа қатысты жазаны ауырлатса, жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік туар еді. Көп жағдайда ұлттың ұлттық ерекшеліктерін ескермегеннен кейін, заң жұмыс істемей жатады. Ең болмаса басқа елден көшіріп алынған заң, өз еліміздің сұранысына сай қайта бейімделіп жазылса екен.

«Әр елдің заңы басқа» демекші заңгер Ерлан Жұрынбаев фейсбук әлеуметтік желісінде өзге елдердің заңдарын жариялапты. Заң қоғамды тәртіпке шақырушы күш екенін ескерсек, көптеген қызықты деректерге кездескенмен олардың барлығы қоғам талабынан туындағанын түсінгенде еш олқылық байқамайсың. Бізге де өзге елдерден осы тұрғыда үлгі алу артықтық етпейтін секілді.
Ерлан Жұрынбаев, заңгер:
– Әрине, заңның қоғам сұранысын ескере отырып жазылғаны дұрыс. Мәселен Сингапурде көшенің тап-тазалығы соншама, егер біреу көшеде сағыз шайнап жүргенін көрсе, 400 доллар айыппұл салады. Бізде сағыз шайнап жүргенімен қоймай, оны қоқыс салатын жәшікке де тастамайды.
Жаны бар сөз әрине. Айта кетер жайт заңгер келтірген мәліметтердің ішінде маған Канадада маңдайшалардағы барлық жазулар француз тілінде жазылуы керектігі ұнады. Заң бойынша егер фирманың иесі ағылшынша жазғысы келсе, ағылшын әріпі француз әріпінен екі есе кіші болуы тиіс екен. Басқа тілде жазуға заң қайшы. Үлгі аларлық дүние. Біздің елімізде тіпті кейбір сауда орындарынан қазақ тіліндегі нұсқасын таба алмайтынымызды ескерсек, еріксіз оларды заңнан басқа қандай жолмен тәртіпке шақыруға болады деп бас қатырасың. Әрине тек қатаң заң керек. Сондай-ақ Таиландта Ұлттық ақшаны, тиынды басуға болмайтыны туралы заң шыққан екен. Өйткені олардың ақшаларында патшаларының суреті басылған. Біздің елімізде де елтаңбамыз басылған 1-2 теңгеліктердің автобустардың кіре берісінде, көшенің қалтарыстарында шашылып жататынын ескерсек, біздің елімізге де керек заң екен екенін түсінесің. Мәселе 1-2 теңгеліктердің керексіз болғандықтан шашылып жатқанында емес, сол ұлттық теңгенің бір бетіндегі елтаңбаға деген құрметте болуы керек екенін көпшілікке ұғындыру үшін тиынды таптағанды неге заңға сай тәртіпке шақырмасқа?! Халық заңға бағынып, заң жұмыс істесін десек, бәлкім біздің елімізге де қоғамның сұранысына құлақ түру керек шығар.
Ал, егер заңды қазақша жаза алмасақ, өзге тілден дұрыстап аудара алмасақ, қазақ тіліндегі нұсқасы еш жерде қолданылмайтын болса, онда қазақ тілінде заң шығарудың қажеті бар ма?

Автор: Қуаныш Әбілдәқызы




Көрілген: 2384    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 16.07.2014, 11:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31