Қазақстан мен Ресей вице-премьерлері жол саласындағы бірлескен жобаларды талқылады

01 қазан 2021, 08:25

Жол саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өткізу пункттерін қайта жаңарту, екі елдің құрылыс нормаларын біріздендіру мәселелері қаралды. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Ресей үкімет басшысының орынбасары Марат Хуснуллиннің басшылығымен екі күндік жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтанға келген РФ үкіметтік делегациясымен жол саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өткізу пункттерін қайта жаңарту, екі елдің құрылыс нормаларын біріздендіру мәселелерін талқылады.


"Тараптар жол инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылап, олардың өткізу қабілеттілігін, жүк тасымалы көлемі мен әлеуметтік-экономикалық әсерін болжауға мүмкіндік беретін автомобиль жолдарының құрылысы бойынша жұмыстарды синхрондауға дайын екендіктерін білдірді", - деп хабарлады Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ хабарламада шекаралық өткізу бекеттерін бірлесіп қайта құру жоспарлары олардың жүктемесінің ұлғаюымен және екі ел арасындағы туристік ағынның көлемін ұлғайту мүмкіндіктерімен байланысты екені аталып өткен.
"Қабылданған шешімдер мүдделі мемлекеттік органдардың жедел және үйлестірілген жұмысына, екі мемлекет азаматтарының мүдделеріне бағытталған практикалық нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етеді", - деп толықтырды баспасөз қызметі.

Кездесуге қатысушылар өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық принциптерін ұстанатындықтарын растады және үкіметаралық байланыстардың жоғары динамикасын сақтауға келісті.