Қазақстан Президенті Мажарстанның Сыртқы істер министрін қабылдады

03 мамыр 2022, 18:07

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне жұмыс сапары аясында елордаға келген Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийартоны қабылдады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстанның саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық ынтымақтастығын дамытудың перспективалары талқыланды.

 

Мемлекет басшысы мажарстандық дипломатқа ілтипат білдіріп, Премьер-министр Виктор Орбан жетекшілік ететін басқарушы «ФИДЕС» альянсын жуырда өткен парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық салада  мүмкіндік мол екенін ерекше атап өтіп, Будапештпен арадағы ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.

 

Мемлекет басшысы министрге елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар, Жаңа Қазақстан құру туралы, сондай-ақ Конституцияға түзетулер енгізу үшін референдум өткізуге дайындық жөнінде мәлімет берді.

 

Петер Сийарто өз елінің басшылығын құттықтағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. Министрдің айтуынша, басқарушы партияның жеңісі Мажарстанның дербес әрі тәуелсіз сыртқы саясатын одан әрі жүзеге асыру тұрғысынан маңызды.

 

Мажарстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы өз елінің Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті нығайта  түсуге бейілді екенін жеткізді. Петер Сийарто Мажарстан басшылығының Қазақстан Президентін Будапештке сапармен келуге шақырғанын еске салды.

 

Петер Сийарто Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Жаңа Қазақстанды құру үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды Виктор Орбанның қолдайтынын жеткізді.

 

Екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін Мемлекет басшысы Премьер-министр Виктор Орбанның шақыруы бойынша Мажарстанға қарымта сапармен баруға дайын екенін мәлімдеді.

 

Сонымен қатар кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Петер Сийарто халықаралық және аймақтық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

 

Кездесу соңында Қазақстан Президенті жаңадан сайланған Мажарстан Президенті Каталин Новакка және Премьер-министр Виктор Орбанға жүрекжарды сәлемін жолдады.