Саяси сахна

Қазақстан шекарасында Ресей неге әскери жаттығу өткізе береді?

  • politsib.ru

    politsib.ru

Бүгіндері Қазақстан шекарасына жуық маңдағы Алтай өңірінде Ресей Федерациясы кең ауқымды әскери жаттығу өткізіп жатыр. Жалпы, бұл соңғы айларда біздің ел шекарасы жанында солтүстік көршінің өткізіп жатқан - үшінші әскери жаттығуы. Осыған байланысты "Алаш айнасы" Қазақстан шекарасынан Ресей Федерациясына қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін деген сауал төңірегінде мамандар арқылы жауап табуға тырысып көрді...
РФ Қорғаныс министрлігінің сайтындағы деректерге сүйенсек, қазір Алтай өңірінде өтіп жатқан әскери жаттығуға 4 мың әскери мен шамамен 400 техника жұмылдырылған. Негізінен, бұл арада зымырандардың күшін сынауға басымдық беріліпті. ҚР шекарасы маңындағы жаттығуға Миг-31 және Су-24МР атқылағыш, зымыран жойғыш ұшақтары алғаш рет қолданылып жатыр екен. Ресейдің арнайы сарбаздары шабуылдаушы жау рөлін атқаруда. 30 қыркүйекте басталған бұл жаттығу 4 қазанда аяқталды.
Соңғы айдағы бұл Ресей Федерациясының біздің еліміздің маңында өткізіп жатқан үшінші әскери жаттығуы екенін баса айта кетелік. Қыркүйекте жаттығу тағы осы Алтайда өткен болатын. Оған стратегиялық маңыздағы зымыран әскері, әскери авиация қатысқан. Одан кейін Астрахань облысындағы Ащыбұлақ пен Капустин Яр полигондарында зымыранға қарсы қорғаныс әскері және Каспий теңізінде Каспий флоты кемелері сап түзеп, жаттығу өткізді. Ол кезде сынаққа қатысушылар "Панцирь-С1" әуе күштеріне қарсы қорғанысы жүйесін, "Бук-М1" зениттік-зымыран кешенін және "Тор-М1", "Тунгуска" жүйесін қолдану мақсатын игерген. Ашыбұлақ пен Капустин Яр полигондары Қазақстан шекарасынан 30 шақырымда орналасқан.
Сондай-ақ тағы бір жаттығу тамыз айында өткен. Күздің алғашқы айында Псков облысында десантшылар жаттығу өткізсе, Хабаровск аймағында әскери тыңшылар тыл лагерінде өз күшін сынады. Сол секілді жуырда Қиыр Шығыстағы әскери бөлімшелерді аяқ-астынан аяғынан тік тұрғызған Путин жекелей басшылығымен олардың әскери шабуылға дайындығын тексерген болатын.

"Алаш айнасы" сұрастырған мамандардың бір бөлігі бұл әскери жаттығудың Еуразиялық экономикалық бірлестік туралы құқықтық құжатты ҚР Парламентінің қабылдау кезіне сай келуі кездейсоқтық емес деген ойда екен.
Саясаттанушы Айдос Сарым бұл әскери жаттығуды Ресейдің көрші мемлекетке жасаған саяси ықпалы деп санайды.
"Мәжілістің ЕурАзЭҚ құру туралы келісімшартты керемет жылдамдықпен мақұлдауын есепке алсақ, бұл жаттығуды еліміздің саяси басшылығына жасалған тікелей ықпалы деп айтуға болады. Ал Қазақстан мен Ресей достастық мақсатында көптеген құжат қабылдаған, ал бұл ісі сол құжаттағы шарттарды бұзады. Сондықтан сыртқы істер ведомствасы бұл жайтты назардан тыс қалдырмауы керек деп ойлаймын. Негізінен, еліміздің солтүстік өңірінде өз әскери жаттығуымызды өткізсек, тіптен жақсы болар еді. Сол секілді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өзінің шекарааралық территорияларда қандай іс-қимыл жасайтындығын алдын ала хабардар етіп отыруы керек. Бірақ Ресей Қазақстанға қатысты бұл ережені сақтап отырмағандығына кәміл сенімдімін. Сондықтан бұл мәселе қоғамдық қана емес, жоғары деңгейдегі талқыға айналуы керек деп санаймын", – дейді саясаттанушы.
Белгілі саясаттанушы Досым Сәтбаев тек әскери жаттығу ғана емес, соңғы кездері сонымен қатар әлеуметтік желідегі дүрбелең туғызушы топтардың жиі бой көтеруі Ресейдің Қазақстанды тырп еткізбей, уысында ұстау ишараты секілді деп ойлайды. "Соңғы кездері Ресейдің сыртқы саясаты әскери күш-қуатын көрсету арқылы геосаяси мақсатқа қол жеткізуге болатынын паш етіп келеді. Ресейді Қазақстанның бүгінгі емес, ертеңгі саяси элитасы алаңдатады. Егер билікке жаңадан келген адам ЭурАзЭҚ-тан, ҰҚШҰ-дан шығам деп жүрсе қайтеді деп мазаланады. Сондықтан олар үшін Қазақстанды осылайша үрей мен қорқынышта ұстау тиімді боп тұр", – дейді ол.
Ал саясаттанушы Кеңес Сманов бұл әскери жаттығудың Қазақстаннан гөрі халықаралық саясатқа тікелей қатысы барын жеткізеді.
"Қазір Қытайдың Гонконгында Украинадағы Майданға ұқсас жастардың бас көтеруі боп жатыр. Әрине, бұған сырттан ши жүгіртушілер баршылық. Пентагон да Ресей мен Қытайға әскери тұрғыда жауап қайыра алатын мәлімдеді. Сондықтан қайтадан қарастырылып жатқан халықаралық тәртіп кезеңінде әскери дайындық өте қажет нәрсе. Бұл жаттығудың мәнісі осында деп білемін. Сол секілді Ресей мен Қазақстанның бірыңғай зымыранға қарсы күш құрып отырғанын естен шығармаған жөн", – дейді маман.

 

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 2432    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 06.10.2014, 14:49

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31