Саяси сахна

Қазақстан Украина жағдайынан сабақ алып, шекарасын қымтауға кірісті

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Қазақстанның Ресей Федерациясымен шектесетін шекарасын делимитациялау туралы келісім жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымына ұсынылмақшы. Дүйсенбіде Мәжілістегі үкімет сағатында сыртқы істер министрі бұл Украинадағы жағдайдан соң туындаған қабылдауымыз қажетті шара екенін жасырмады.

Саясаттанушы Рүстем Бурнашев аймақта геосаяси жағдай шиеленісіп жатқанда Қазақстан мен Ресей шекарасының сызығын БҰҰ институты арқылы айқындау өте дұрыс қабылданған шешім деп санайды.

Рүстем Бурнашев, саясаттанушы:
- Қазақстан мен Ресейдің шекарасы әлемдегі ең ұзыны боп саналады. Оны аймағымыздағы геосаяси жағдай шиеленісіп жатқан тұста БҰҰ институты арқылы айқындау өте дұрыс қабылданған шешім деп білемін. Әрине, Будапешт және Хельсинкий сынды халықаралық келісімдердің бұзылуы халықаралық келісімдер жүйесіне селкеу түсіріп, оған белгілі бір деңгейде сенімсіздік туғызуда. Дегенмен әлем елдерінің территориялық бүтіндігіне кепілдік беретін қазір халықаралық келісімдер жүйесінен басқа тетік жоқ. Сондықтан оны қанағат тұтып, қолда бар барлық мүмкіндікті қауіпсіздігімізді нығайтуымыз үшін жұмылдырып қалуымыз қажет.

Ал саясаттанушы Замир Қаражанов бүгіндері шекара мәселесінің қозғалып жатқандығы кездейсоқтық емес екенін баса айтады.

- Соңғы кездері Қазақстан шекара мәселесіне көп алаңдаушылық білдіре бастады. Мәселен, ШЫҰ-ның соңғы саммитінде осы ұйыммен қабылданған шекара туралы Шанхай және Мәскеу келісімдерін сақтау туралы мәселені, әсіресе шекарадан әскерилерді кері шегіндіру жайын Астана көтерген болатын. Осы жағынан алғанда, қанша жерден Ресеймен мызғымас доспыз дегенмен жағдайдың күрт өзгеріп кету ықтималдылығы бар. Оны біздің билік байқап, жақсы түсініп отырған секілді. Будапешт меморандумында Ресей Украинамен қатар Қазақстанға да, Белоруссияға да территориялық бүтіндігіне кепілдік берген. Ал бұл халықаралық құжат бұзылды. Сондықтан осы бұзылған келісімде қарастырылған біздің мүддемізді БҰҰ секілді халықаралық ұйыммен қайтадан нақтылап алу өзектілік танытқан сынды.

Айта кетелік, кеше Мәжілісте өткен үкімет сағаты тыңдалымындағы сөзінде СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов: «Қазір біз мемлекеттік шекараны рәсімдеуді аяқ шеніне жеткізу бойынша жұмыс жасап жатқанымызды айтқым келеді. Украина дағдарысы жағдайында бұл аса маңызға ие іс. Біз Қазақстанның барлық шекарасын делимитациялау процесін аяғына жеткізе алдық. Бұл – 14 мың шақырымнан астам жер. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Қытаймен, Ресеймен, Орталық Азиядағы көршілерімізбен, Каспий бойынша. Бұл жұмыстың барлығы делимитациялау туралы келісімге қол қою арқылы сәтті аяқталған. Ал демаркация жұмысын жартылай жасадық. Делимитация – шекара картасының халықаралық келісімшарттарда заңмен бекітілуі. Демаркация – осы белгіленген шекараны бағандармен, басқа заттармен айшықтау. Біз бұл жұмысқа арнайы бел шешіп кірісіп отырмыз. Өйткені Украина дағдарысының ең осал тұсы – Ресей мен Украина арасында делимитация жөніндегі келісімнің болмауы екенін өздеріңіз жақсы білетін боларсыздар. Біз бұл жұмысты аяқтап қалдық. Ол арада белгілі бір мәселелер бар, себебі келісіммен бірге ұсынылатын көптеген карта көпшіліктен құпия сақталады», - деді.

Ал бір-екі күн бұрын Ресей тарапы Қазақстанға территориялармен алмасу туралы ұсыныс жасағандығы мәлім боп еді. Осы жағынан алғанда, Ресеймен шекараны нақтылау бойынша жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқандығы ақиқат.

Омскі облысына сапарлап барған солтүстік қазақстандық делегацияның кездесуінен кейінгі осы облыс басшысы мәлімдемесінде: «Омскі облысының губернаторы Виктор Назаров пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов территориялармен өзара алмасуға ниетті. Егер бұлай етпесек, Русская Поляна ауылы Омскі аумағынан және Ресейден ажырап қалатын түрі бар» делінеді деп хабарлайды «ҚазТАГ» ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ Омскі облысының билігі демаркация бойынша үкіметаралық комиссияға территориялармен өзара алмасқысы келетін ниеттерін жеткізбекші екен. «Біз Қазақстан учаскесінде пайдаланып отырған жердің орнына тура сондай көлемдегі территорияны беруге дайынбыз» дейді РФ тарапы.
Бұл ретте саясаттанушы Дос Көшім шекара мәселесінде өте сақ болу керектігін, сызық қай арадан өтеді сол арадан шекарамызды қымтап, бекітіп алуымыз қажеттігін айтады.

Дос Көшім, саясаттанушы:
- Сақтанғанды Құдай сақтайды! Бұл арада біздің құзырлы органның, мемлекеттің позициясы осындай. Әрине, оның артықтығы жоқ. Бірақ солтүстік көршінің халықаралық құжаттарға пысқырғаны барын естен шығармалық. Сондықтан шекараға қатысты мәселе қозғалғанда өте сақ болған жөн. Сызық қай арадан өтеді сол арадан шекарамызды қымтап, бекітіп алуымыз керек.

Бір дерек
ҚР шекарасының ұзындығы – 12,2 мың шақырым, оған қоса Каспий теңізінің батысында 600 шақырым жер бар. Еліміздің батысы мен солтүстігіндегі Ресеймен шектесетін шекаралық аумақ – 6 477 шақырым, шығыстағы Қытаймен тұтасатын жеріміз – 1 782 шақырым, Қырғызстанмен – 1 050 шақырым, Өзбекстанмен – 2 152 шақырым, Түркменстанмен – 426 шақырым. Қазақстанның жалпы жер көлемі – 2,7 млн шаршы шақырым. Әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы қатардағы елміз.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 3201    Пікірлер: 1

сәрсенбі, 18.02.2015, 09:28

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Қараша, 11:04
    Тоқаев Алматыға келді

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31