Саяси сахна

Қазақстанға 2-3 жыл қатты қиналуға тура келеді – сарапшы

  • ©Алаш айнасы иллюстрациясы

    ©Алаш айнасы иллюстрациясы

Мұнайдың осы арзандағаны арзандаған. Мұндай пессимистік болжам халықаралық сарапшылар тарапынан жасалып жатыр. Бұл хабар табысы мұнай бағасына байланған біздің ел үшін маңдайға тиген таспен тең. Жағдай қиын-ақ. Осы негізде «Алаш айнасы» сарапшылар көзқарасымен алдағы 4-5 жылдағы ел ахуалын бейнелеп көруге тырысты...
Халықаралық мамандар келтіріп жатқан болжам бойынша, соңғы айларда үздіксіз төменге құлдыраған мұнай бағасы жуырда көтерілмейді: кем дегенде 4-5 жылға дейін. Себебі де белгілі.
Қазір мұнай нарығындағы баға саясатпен басқарылатыны баршаға аян. Бұл жолғы құлдырау әлем қауымдастығының Ресейді сілкілеп, Украинадағы жоспарынан бас тартуы үшін жасалып жатыр делінеді. Бірақ РФ президенті алған бетінен қайтпайтынын анық аңғартып отыр. Ендеше мұнайдың арзан бағасы әлі де біршама уақытқа сақталады дегенге негіз жоқ емес. Ал мұндайда ел табысы мұнай бағасына байланған Қазақстанға қиын болайын деп тұр.
Қолдағы ақшаның бір бөлігін юанда ұстаған жөн

Қаржыгер-маман Ілияс Исаев жуырдағы Жолдауында Елбасымыз ел басына сын сәт тууда деуінің астарында осы жағдай негізге алынған деп санайды.
– Осыған дейін біз мұнайдан түскен ақшаға сырттан тауар алып, елді асырап келдік. Ал өз ресурстарымызды, ішкі резервті, өндірісті дамытуға онша құлық танытпадық. Керісінше, жергілікті өндірушілердің толықтай потенциалымен жұмыс істеуіне мүмкіндік бермедік. Енді осы запастағы немесе аутсайдер боп келген экономикадағы нақты секторды жандандыруға шындап кірісетін сәт туды. Бұл үшін Ұлттық қордан ақша бөлініп те жатыр. Бастысы, меніңше, бұл арада бақылауды күшейтіп, сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға барынша күш жұмсалуы шарт. Ақшалы банк және мұнай секторындағы ақылға сыйымсыз жалақы көлемін қысқарту керек. Нарықта қолдан сұраныс тудырушы «бонуспен» баюшылардың көзін жою қажет. Ол үшін жалақы саясатын қайтадан жаңаша қабылдау керек. Ал осындай алмағайып заманда қолдағы бар жинағын сақтағысы келетіндерге оның бір бөлігін юанда ұстауларына кеңес берер ем.
Қазақстанда тауар тапшылығы болмайды
Өткенге оралсақ, кезінде әлемдегі «мен» деген державаның бірі болған КСРО-ның қазіргі Қазақстанға қарағанда жағдайы тым жақсы болатын: негізінен, индустриалдық, ғылыми потенциалы жағынан. Бірақ осы одақтың өзі мұнай бағасының төмендеуінен ыдырап тынғаны белгілі. Осыдан-ақ мұнайдың арзан болуы біз үшін қаншалықты қауіпті екенін анық аңғаруға болады.
Алайда саясаттанушы Нұрлан Сейдін кешегі мен бүгінді салыстыруға мүлде болмайды деп есептейді.
«Иә, КСРО-ны жыққан «жұдырық» мұнайдың төмен бағасы еді. Дегенмен КСРО жабық ел болғандықтан сырттан ресурс, тауарлар тарта алмады. Сондықтан ол кезде ақша да, дүние де дефицит боп шыға келді. Ал Қазақстан бүгінгі таңда әлемнің 100-ден аса мемлекетімен экономикалық байланыс орнатқан. Сол себепті біз қандай да бір тапшылыққа бой ұра қоймаймыз. Әрине, қазір Ұлттық қор ақшасы құйылған жобалар іске кірісем дегенше 2-3 жыл қиналуымыз мүмкін. Бірақ оның арты жақсы болады. 90-жылдарғы дағдарысты басынан кешірген қазақстандықтар үшін бұл жолғысы анау айтарлықтай әсер етпеуі тиіс» дейді ол.
Жанар-жағармай қымбаттауы мүмкін
Саясаттанушы Кеңес Сманов мұндайда жанар-жағармай бағасы қымбаттайтынын болжайды.
– Қазір Ресей мұнайдың төмен бағасына ғана емес, тіпті мұнай экспортына тыйым салынған жағдайда не істейтіндерін қарастырып жатыр. Демек, жағдай таяу күндері жақсармайды. Ал мұндайда мұнайын жеткілікті көлемде сыртқа шығара алмаған немесе азырақ табысқа қол жеткізген біздегі мұнай өндіруші компаниялар оны жергілікті нарық арқылы өтей бастайды, яғни жанар-жағармай бағасын қымбаттатады. Негізінде, халықаралық тәжірибе бойынша мұнай арзандағанда жанар-жағармай да арзандауы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай біздің жағдайымызда емес. Ал жанар-жағармайдың қымбаттауы экономикамыздағы көп теріс факторды аңғарта алады.
Мега жобалардан бас тартуымыз тиіс
Тимур Исаев, экономист:
– Иә, мұнайдың төмен бағасы дағдарысқа әкеліп тірейді. Оған қатты ұрынбас үшін бірнәрсе ойлап табудың қажеті жоқ. Оның жолдары бәз-баяғыдан белгілі: сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күрес, мега жобаларға жұмсалатын мега шығындардан бас тарту, экономикалық саясаттың орта тапты қолдауға бағытталуы, экономикалық тәуелсіздік ауанын қалыптастыру (шағын және орта бизнеске еркіндік беру, салықтан босату және т.б), мемлекет реттейтін тариф пен нарықтағы бағаларды алдағы бес жыл бойына өзгертпей ұстау. Өкінішке қарай, осы күнге дейін бізде барлығы керісінше боп келді.

Автор: Кәмшат Сатиева




Көрілген: 2064    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 17.11.2014, 16:03

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31