Қазақстаннан жылыстап жатқан шетелдік инвестицияны тоқтата аламыз ба?
Шетелдік инвестиция тек Ресейден ғана емес, соңғы кездері Қазақстаннан да көптеп кете бастады. Мысалы, былтыр елімізге 728,1 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тартқан Нидерланды биыл оның түгін қалдырмай, яғни 900 млн долларды Қазақстаннан әкеткен. Сол секілді Қазақстаннан тікелей инвестицияларын бүтіндей кері қайырушылар қатарында голландықтармен қатар Ұлыбритания (12,3 млн$) Үндістан (6,9 млн$), Ресей (6,1 млн$) және Біріккен Араб әмірлігі (5 млн$) де бар екен. Капиталдардың сыртқа ағылуы ел экономикасы өсімін тежеуге ықпал ететін фактордың бірі екенін білетін «Алаш айнасы» басылымы бұл мәселені сарапшылар талқысына ұсынды...
Негізінен, алдында – 2009 жылы бүкіләлемдік қаржылық дағдарыс аяғымыздан шалса, бұл жолы оған Украинадағы тұрақсыздық пен Ресейге қарсы жарияланған экономикалық дағдарыс себеп боп жатқандығы анық. Шетелдік капиталдардың кетуі Ресейдегі бизнестің тұралауына ықпал етіп, жұмыссыздықты көбейтіп, рублді құнсыздандырып жатқандығы белгілі. Ал сырттан келген инвестиция Қазақстаннан кете бастаса, не боламыз?..
Бұл ретте біз сұрастырған мамандардың пікірі жағымды және жағымсыз боп екіге жарылды. «Жақсы сөз - жарым ырыс» демекші, біз жақсы жағын ұсынудан бастасақ дейміз.
Экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов Қазақстаннан шетелдік инвестицияның кететіндігі алдын ала болжанғанын, ал кетіп жатқан капиталдың барлығы бірдей шетелдікі емес екендігін айтады.
Қалай дегенмен де соңғы кездері шетелдік шотта ақша ұстау қауіпті екендігін Ресей тәжірибесі дәлелдеп берді. Сол секілді еліміз заңсыз капиталдарды заңдастыру сынды акция ұйымдастырып жатыр. Осы жағынан алғанда, бұл екі нәрсенің бір-бірімен байланысы бар болуы мүмкін.
Ал жалпы шетелдік инвестицияның дамушы нарықтан дамыған елдердің нарығына жаппай ағылу процесі жүріп жатқан тұста оның Қазақстанда да көрініс табуы заңдылық. Мұны Елбасымыз биыл мамырда Астанада өткен халықаралық экономикалық форумда да ескерткен болатын. Елбасы осындай әлемдік жағымсыз факторға байланысты ел экономикасының даму қарқыны бәсеңситінін де айтты. Бұл - тек Қазақстанға ғана емес, жалпы дамушы мемлекеттердің барлығына тән уақытша құбылыс, - дейді ғалым.
Ал саясаттанушы Досым Сәтбаев ұзақ жылдар бойына шетелдік инвесторлар үшін посткеңестік мемлекеттер ішінде тек үш мемлекет қана тартымды болғанын еске ала отырып, бүгінгі таңда Қазақстанның ғана мүмкіндігі артырақ екенін мәлімдейді.
- Ресей, Украина және Қазақстан. Біздің аймақтан осы үш мемлекет қана шетелдік инвесторлардың назарын бұра алған. Қазір Украинада инвестициялық және саяси тәуекелдер аса жоғары. Ресей болса, Батыс санкцияларына ұшырауда шатқаяқтап тұр. Қазақстан инвестициялық ауанын жақсарту үшін бүгіндері заңнамаларға өзгерістер мен түзетулер енгізіп жатыр. Мысалы, Елбасымыз таяуда Астанадағы халықаралық экономикалық форумда шетелдік инвесторларды корпоративтік салықтан 10 жыл бойына босату, инвестицияны субсидиялау туралы ұсыныстарды қарастырып жатқанын мәлімдеген. Осы жағынан алғанда, Орталық Азия аймағында капитал құюға ең ыңғайлысы Қазақстан ғана боп тұр. Сондықтан осы мүмкіндікті біз жібермеуіміз керек. Дегенмен алдындағы әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде де, биыл девальвацияның орын алуына да біздің экономикаға кері ықпал еткен, ең бірінші, Ресейдегі жағдай екенін де ұмытпалық.
ADM Capital-дың инвестициялық директоры Әділ Өсжігіт Батыс санкциялары салдарынан Ресейден кеткен инвестицияның белгілі бір бөлігі Қазақстанға келетіндігіне сенімді.
– Біздің мемлекет тұрақты экономикалық өсімімен, саясат емес, ең алдымен экономикаға маңыз беретіндігімен, инвесторларға ең жайлы жағдай жасауымен шетелдік инвесторларға өте таныс. Сондықтан олардың таңдауында біздің де мемлекет назарға алатындығына сенімдімін, - дейді ол.
Ал экономист Кеңес Сманов шетелдік инвестцияның Қазақстаннан кетуі биыл ғана көрініс тауып отырмағанын, ол 2010 жылдан басталғанын, бұл процесс ЕАЭО-ға бас қосқалы болашақта үдемесе кемімейтінін айтады.
– 90-жылдардың ортасында елімізге келген British Petroleum, ConocoPhillips сынды ірі әрі салмақты батыс компанияларынан 2009 жылы айырылдық. Одан кейін 7 жыл бойына келіссөз жүргізген Statoil сол күйі біз жаққа бас бұра алмады. Қашаған жобасынан да шығып қалған ірі компаниялар бар. Сондықтан Қазақстандағы шетелдік инвестицияның сыртқа ағылуы ол бүгіннен басталған жоқ. Ресейден кеткен инвестицияны белгілі бір деңгейде тартуымызға мүмкіндік бар еді, қазір одан да айырылып қалдық. Өйткені Еуразиялық экономикалық одаққа еніп кеттік. Ал Ресейден кетіп, Ресеймен бір одақта бас қосқан мемлекетпен шетелдік инвесторлардың байланыс жасайтындығына күмәнім көп. Осы бір шешім экономикалық жағынан тартымды көптеген келісімшарттың жолын жапты деп ойлаймын. Әрине, биыл Қазақстанның экономикалық өсімі төмендейді, - дейді маман.
Автор: Кәмшат Сатиева
Жұлдыз
Радиосы