Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ

16 мамыр 2022, 12:00

Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол биылғы 22 ақпаннан бері қамауда отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылдың 19 ақпанынан бастап аталған адамға қатысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіп келеді, күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша қарастырылуда. 

Осы бапқа сәйкес әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бас прокуратура тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейтінін айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрдің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған болатын. 

"Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық", – деді Президент.

Ақпан айында Мұрат Бектанов қылмыс жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.