Қазақстанның экс премьер-министрі Асқар Маминге қатысты қылмыстық іс қозғалды ма? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жауап берді

13 мамыр 2022, 16:22

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұлов Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Асқар Маминге және BI Group ірі құрылыс компаниясының басшылығына қатысты қылмыстық істер жүргізіліп жатқаны туралы қауесетті жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Орталық коммуникацилар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ұлан Сарқұловқа "Бұрынғы Премьер-Министр Асқар Маминге қатысты қылмыстық іс бар ма?" деген сұрақ қойылды.

"Бастапқыда барлық атышулы істерді айтып өткен едік. Бірден айтайын, Асқар Маминге қатысты қазіргі уақытта біздің агенттікте қылмыстық іс жүргізіліп жатқан жоқ", - деп жауап берді Ұ. Сарқұлов.

Сондай-ақ, ведомство Telegram желісінде таралған BI Group компаниясының басшыларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

"Өндірісте бізде ешқандай іс жоқ", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын Ұлан Сарқұлов Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қамауға алу мерзімін 2022 жылғы 13 маусымға дейін ұзарту туралы хабарлаған болатын. 

Ол Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның бұрынғы жұбайы Гүлмирадан басқа экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасында басқа мүшелеріне қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатпағанын айтты. 

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК басшысының бұрынғы орынбасары Самат Әбішке қатысты (Қайрат Сатыбалдының туған інісі) тергеу жүргізілмегенін айтқан болатын. 

Еске сала кетейік, елдегі қаңтар оқиғасынан кейін Асқар Мамин Үкімет басшысы лауазымынан босатылған еді. Оның орнына Әлихан Смайылов тағайындалды.