Спорт және денешынықтыру істері агенттігі Қазақстандағы лотерея нарығын қолға мықтап алмаққа ұмтылады. Сөйтіп, агенттік лотерея нарығы арқылы қазақтың құлқынын оятпақ. Дәп осыны көздейтін «Лотерея және лотерея қызметі туралы» арнайы заң жобасын кеше Спорт агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов мәжілісмендерге таныстырған болатын. Сиясы кеппеген құжатты ақтарып, төңкерген депутаттар біраз шикілікке тап болды. Тіпті біреулері мемлекеттің лотерея нарығын монополиялауына қарсылық танытты.
Лотерея туралы арнайы заң жобасы Парламенттің өткен сессиясында Мәжілістің есігінен қайтқан. Парламентке 2007 жылы келіп түскен құжатты депутаттар бірден Үкіметке қайтарып, біраз «пісірсін» деген еді. Соған орай Спорт және денешынықтыру агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов заң жобасының жаңартылған нұсқасын екінші мәрте арқалай келген екен. Агенттік басшысының айтуынша, жаңа құжат лотерея қызметтерін ұйымдастыру мен өткізуге қатысты құқықтық-экономикалық және әлеуметтік талаптарды нақтылау мақсатында әзірленген. Басты жаңалықтарға келсек, заң жобасында лотерея қызметіне Үкіметтің құзыреті мен уәкілетті орган белгіленеді. Лотерея бір сәттік, тираждық және бинго деп бөлінетін болады. «Заң жобасындағы маңызды элементтердің бірі – лотерея қызметін жүзеге асырудың әлеуметтік бағдарын айқындау. Осы үшін ұлттық лотерея операторы енгізіледі. Сонымен қатар, лотерея қызметінен түскен табыс еліміздегі бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын қолдауға, өңірлерде спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталады», – дейді агенттік төрағасы Ерлан Қожағапанов. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы арқылы ұсынылып отырған тетіктер еліміздегі лотерея қызметіне жұртшылықтың ынтасын арттырып, қызығушылығын көтере түспек.
Тоқтала кететін жайт, әлемде лотерея нарығы – жыл сайынғы он пайыздық көрсеткішпен өсіп келе жатқан ауқымды һәм қарқынды сала. Соның ішінде мемлекеттік тиімділік тұрғысынан мамандар алдымен Ұлыбританияның ұлттық лотерея жүйесін ауызға алады. Ұлыбританияда лотерея қызметінен түсетін Үкімет пен қайырымдылық ұйымдарының табысы 5 млрд долларға жетеді-міс. Салыстырмалы түрде алғанда шетелдердегі жыл сайынғы лотерея айналымы АҚШ-та – 30 млрд доллар, Қытайда – 15 млрд долларды, Ұлыбританияда – 9,5 млрд долларды, Жапонияда – 8 млрд долларды, Германияда 6 млрд долларды құрайды. Ал адам басына шаққандағы сатулар жылдық есеппен Сингапурде – 1000 доллар, Грекияда – 600 доллар, АҚШ-та – 200 доллар, Ресейде 10 долларды құрап отыр.
Ал Қазақстанға келсек, нарық өзгеріссіз, бір қалыпты. Дегенмен мұндағы қаражат айналымынан мемлекеттік органдардың еш хабары жоққа ұқсайды. Еліміздегі 70 ұйым лотерея қызметіне лицензия алса, соның 15-ке тартасы ғана нақты жұмыспен айналысып отырса керек. Ал заң жобасын әзірлеген спорт агенттігі лотерея нарығының ел игілігіне жұмыс істеуіне барынша мән бермекпіз деп отыр. Ал ол үшін нарыққа мемлекеттік монополия керек-дүр.
«Лотерея ұйымдастырудан түскен қаржыларды басқара отырып, оны әлеуметтің қажетіне жұмсаудың жолдары әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесінде айқындалған. Мәселен, бұл нарықтан түскен қаражат ең алдымен әлеуметтік саланы дамытуға, оның ішінде спорт пен денешынықтыруды, білім мен ғылымды дамытуға жұмсалады. Осының өзі лотереяның мемлекеттің әлеуметтік мәнге ие міндеттерін шешуде айрықша орын алып отырғанын көрсетсе керек», – дейді Спорт агенттігінің басшысы Ерлан Қожағапанов. Оның айтуынша, лотерея әлеуметтік шығыстардың, спорттық шараларды жүзеге асырудың қосымша көзі болғандықтан, бұл нарық бірқатар дамыған елдерде мемлекеттің монополиясында тұр. Мысалы, Финляндияда спорттық ұйымдарға бюджеттен жұмсалатын шығынның айтарлықтай бөлігі бір жүйеге біріктірілген мемлекеттік лотерея ойындарын ұйымдастырудан құралады. Ал Ұлыбританияның заңнамасы бойынша ұлттық лотерея дирекциясы қызмет етеді, осы ұйым лотерея нарығына мемлекеттік бақылау функциясын да жүзеге асырады екен. Аталмыш елдегі лотерея ойынымен айналысатын компания түскен қаржының 40 пайызын мемлекеттік бюджетке аударса, 50 пайызы сыйақы қоры, ал 20 пайызы оператор-компанияның шығындарын жабуға жұмсалады. Лотерея нарығынан бюджетке аударылған қаражат арқасында британдықтар мәдениет пен спорттың айқын қолдауына ие болған. Мәселен, Лондонда Олимпиада ойындарын өткізуге жұмсалған шығындардың ауқымды бөлігін лотерея ойындарын ұйымдастырудан түскен қаражат құрапты. Бұдан бөлек, Ұлыбританияның футбол қауымдастығы ұлттық лотереядан аударылған 100 млн фунтқа әйгілі «Уэмбли» стадионын жөндеуден өткізген көрінеді.
Сөйтіп, заң жобасынан түсінгеніміз, Қазақстандағы лотерея нарығын ретке келтіру үшін Үкімет ұлттық оператор құруды көздейді. Оператор халықты ынталандыру арқылы жұртшылықтың қалтасынан қаржы көріп, оны сол халықтың мұқтажына, әлеуметтік, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға жұмсамақ. Бұл – құптарлық. Алайда Спорт агенттігінің төрағасы мәжілісмендерді сендіре алмады. Ұлттық оператор бәрін шешеді дегенге депутаттар да оңайлықпен келісе қоймайтын тәрізді. Мәселен, депутат Рауан Шаекин құжатта көрсетілген лотерея нарығына ұлттық оператор енгізумен тұжырымдамалы түрде келісуге болмайтынын алға тартады. «Ұлттық оператор не үшін керек? Ертеңгі күні бұл оператор нарықтағы басқа ойыншыларды «тұншықтырып», біз саланың ашықтығын бақылай алмай қаламыз. Дұрысы – заң арқылы бәріне бірдей жағдай жасау, бәрінің жұмысын ашық ету», – дейді депутат. Оның пайымынша, Қазақстанның лотерея нарығына ұлттық оператор енгізу халықтың осы салаға деген қызығушылығын арттыра алмайды. Сондықтан да депутат Рауан Шаекин лотереядан бұрын елдегі букмекерлік кеңселерді құрту керектігін алға тартады. «Букмекерлік кеңселер құмар ойындар алаңына айналып барады. Бұл ешкімге құпия емес. Бұл – азарт ойындарының бүркеншік көрінісі», – дейді ол.
Рауан ШАЕКИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақ халқының тумысынан лотерея ойнайтындай менталитеті болған жоқ. Қазақтар салмақты, жеңіл ақшаға жоқ, құмар ойынға да бара бермейді. Сондықтан да, лотерея нарығының дамымауын ұлттық оператордың жоқтығынан емес, біздің менталитетімізден көргеніміз көңілге қонымды. Егер шынымен спортқа жанымыз ашып, қоғамға игі іс жасағымыз келсе, онда бұл заңды қабылдамай-ақ, оның орнына елдегі қаптаған букмекерлік кеңселерді жою керек. Бұрын казино мен ойын автоматтарына уланғандар қазір осы кеңселерді төңіректеп шықпайтын болып жүр. Міне, осы кеңселерді құрту керек. Сонда ғана барып, лотереяға жол ашуға болады деп ойлаймын. Біз лотерея арқылы инвестиция салып, спортты дамытуды қолдаймыз. Алайда букмекерлік кеңселерді құртпай тұрып, лотереяны дамыту әсте мүмкін емес. Сосын идеология жағын да күшейтуге тиіспіз
Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ, ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің төрағасы:
– Қазақстандағы лотерея нарығы «ұйқыда» жатыр. Он жыл бұрын қалай болса, әлі де солай. Осыны реттегіміз келеді. Сосын халық әлгі лотерея арқылы өздерінің спортты дамытуға, жаңа нысандар салуға қаржысы жұмсалатынын білсе, онда белсенділікті де арттыра түсіруге болады. Бұдан бөлек, осы нарықтағы қаржы айналымы ауқымды болғанымен, айтарлықтай проблемалар баршылық. Өйткені саланы реттеудің нақты тетіктері қамтылған емес. Жекелеген жағдайларда алаяқтық та орын алуда. Осының өзі халықтың лотереяға сенімін төмендетіп отыр. Ал халық сенімін қалпына келтіру үшін бірқатар әкімшіліктік жүйелі шаралар қабылдауды қажет етеді. Құрылатын ұлттық оператор осыны діттейді. Халықтың лотереяға сенімін орнатқымыз келеді
Алаш анықтамалығы: Лотерея қызметінен мемлекетке түскен салық пен басқа да төлемдер мөлшері 2009 жылы 48 млн теңгені құраған болатын. 2010 жылы бұл көрсеткіш 150 млн теңгені құраса, 2011 жылы – 200 млн теңге, ал 2012 жылы 400 млн теңгеден асты. Сонымен қатар, Қазақстандағы лотерея нарығының жылдық айналымы 5 млрд теңге шамасында, оның 10 пайызы немесе 500 млн теңгесі салыққа кетеді. Тең жартысы яғни 2 млрд теңгесі сыйақы қорына жұмсалады. Қалған 2 млрд теңгесі ұйымдастырушылардың қалтасына түседі деген сөз. Ал Қазақстандағы лотерея тарихында ең жоғары ұтыс төлемі 150 млн теңгеден асады. Осыдан бір ай бұрын астаналық азамат та лотереядан 82 млн теңге ұтып алған.
Қазақты лотереяға қызықтыра аламыз ба?
29 қазан 2013, 15:25
