Қазақтың санасын "боз тәрелкелер" билеп барады
Көгілдір экран қазір әр үйдің төріндегі асыл қазына екені рас. Кешкілік жұмыстан кейін кім де болмасын ең алдымен қара жәшікті іске қосып, ермек ететіні бар. Әсіресе, ауылдағы ағайынның екі көзінің майын тауысып қарайтыны да осы... Бірақ, өтпелі дәуірден бері қарай қазақтың ақпарат айдынын иеленіп алған шетелдік теле операторлардың заңды белшесінен басып, «көсегемізді көгертіп» жүргені әлі басылмай тұр.
Елдің қай аймағында болмасын жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жерсеріктік антенна (тәрелкелер) қазір қара базарда қаптап тұр. Көбісі әрине, қай заттың болмасын көшірмесін бірден істеп бере салатын – Қытайдың қарабайыр өнімдері. Жақсысының құны әрине әлдеқайда жоғары тұрады. Жә, бұл жағы әрине басқа әңгіме... Ал, отандық арналарды ақпарат кеңістігінен ығыстырып шығарып, қазақ көрерменіне идеологиялық тұрғыдан ықпал етіп жатқанын ойлар емеспіз. Бұл өз кезегінде шетелдік бейсауат дәстүрлер мен ғұрыптардың, атыс-шабысқа толы түрлі фильмдер арқылы еніп жатқаны айта-айта жауыр болғаны белгілі. Алайда, сан-салалы экономиканы сансыратқан жағдай бұдан басқа да мәселелердің шетін шығарыпты.
Шектен шыққан шетелдік теле операторлар Қазақ елінің «Лицензиялау туралы» Заңының 24 бабын қыстырмай тұрған сияқты. Оған сәйкес теле және радио хабарлар елімізде тек лицензия арқылы ғана таралуы тиіс. Яғни, тек рұқсат құжаттарға ие болғанда ғана өнімдерін ұсынуға мүмкіншілікке ие бола алады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылып, ел бюджетінің бүйіріне өз үлестерін қосады. Бұл отандық телевизияның да дамуы үшін де аса маңызды. Дәл қазір қазақ елінде осы лицензиялау туралы заңының көмегімен 300-ден аса облыстық және республикалық мәнге ие телеоператорлар жұмыс істеуде.
Алайда, бұл заңды айналып өтіп, еш кедергісіз-ақ өнімдерін тықпалап жатқандар да баршылық болып тұр. Олар ешқандай тіркеуге де тұрмай, тіпті жарнама туралы заң талаптарына да мойынсұнбайтындығы анықталған. Қызмет көрсету туралы ережелер мен техникалық теле-радио өнімдер тарату туралы заң талаптары да өрескел бұзу оқиғалары да тіркеліпті. Салық төлеуді де олар естен шығарған. Ең бастысы қазақтың тіл туралы заңы қырсыққанда аяқ асты қалыпты.
Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы мәлім етті. Еліміздің барлық аймағында еркін таралып жатқан шетелдік өнім жер серіктері арқылы таралады. Яғни, оның тамырына балта шауып еліміздің аумағына өткізбей тастау мүмкін емес. Осы жағын оңтайлы пайдаланған шетелдік операторлар телеөнімдерін еркін тықпалаудан жалтарар емес. Ал заңға сәйкес мұндай кәсіпкерлік те өз бизнесіңді сол елдің құқықтық кеңістігіне қарай жүргізілуі тиіс.
Тәуелсіз сарапшылардың сөзіне сенсек заңсыз кәсіпкерлікпен жүгенсіз айналысқан мұндай операторлар миллиардтаған теңгелерді өңештеріне өткізіп жатыр. Ал бәсекеге түскен отандық және тіркелген шетелдік операторлар олармен тепе-тең жағдайда емес.
Өз елінде тұрып өзгенің көбіне-көп Ресейдің, тіпті түрікменнің арналарын тамашалайтын қазақ өз жаңалығынан ада қалады. Өйткені, әр үйдің босағасында мықтап бекітілген «боз тәрелкелер» қазақ арналарын мүлдем көрсетпейді. Ал еліміз бойынша қанша үйде мұндай тәрелкелер барын бір құдай біледі. Яғни, ақпарат кеңістігінде идеологиясы мықты елдердің жаңалығын қалт жібермей тұрмыз. Бұл келешек ұрпақтың тамырына балта шаппасына кім кепілдік бермек? Өзгенің қаңсығын таңсық еткен, ұрпақтың рухани азуы осыдан да шығар бәлкім. Өйткені, қазіргі таңдағы статистикалық деректерге сәйкес ақпараттың басым бөлігін қазақ елі де ғаламтор мен теледидардан алады. Ал газет пен кітап одан бірнеше есе төменге құлдилап кеткелі қашан? Сондықтан, келешек ұрпақтың өз тілін игеруіне де бұл мәселенің тигізер кедергісі орасан екені айтпаса да түсінікті.
Тағы бір айта кетерлік жайт қара базарда еркін саудаланып жатқан «боз тәрелкелерді» кепілдендірілмеген. Яғни, істен шыққан немесе сынған жағдайда ресейлік заңсыз теле операторлардың Қазақстандағы өкілдіктері де жоқ. Ал сынған тәрелкесін Ресейге апарып оңдатуға ешкімнің мойны жар бермейтіні белгілі.
Мемлекеттік тізімге тіркелмей заңсыз өнім тарату еліміздің заңына қайшы келеді. Бұл еліміздің «Телерадиохабар тарату туралы» Заңында тайға таңба басқандай болып көрсетілген. Ал, өнімдерін заңсыз таратып ақпарат кеңістігімізде ойқастап жүрген шетелдік операторлардың онымен шаруасы жоқ. Сонда қайтпек керек? Бәлкім, Парламент пен Үкімет тарапынан бұл мәселенің түйінін тартқатып жөнге салатын жаңа жүйе жасау қажет шығар. Олай етпесе, экономикамыз бен қоса идеологиялық қауіпсіздігімізге де зор қауіп төнуі мүмкін. Ал оның салдары ауыр болатыны бесенеден белгілі ғой...
Автор: Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы
Жұлдыз
Радиосы