Кеден одағы аясындағы әйелдер биік өкше төпли кимейтін бола ма?
Көптеген айтыс пен тартыстан соң әупірімдеп бас қосқан үш мемлекеттің Еуразиялық экономикалық одағы алғашқы қадамын тыйымнан бастап жатыр. Алдында Кеден одағына мүше-мемлекеттер синтетикалық іш киім тұтынысынан бас тартуы тиіс болса, енді жайпақ табанды аяқ-киімдердің, атап айтқанда кеда мен балеткалардың, сол секілді өкшесі тым биік төплидің өндірісіне, сатылымына және импортына шектеу қоюы ықтимал. Жалпы, бұл хабар қазақстандықтарды қуанта қоймады. «Алаш айнасы» басылымы ғаламтордағы жазбаларды сүзе отырып, жерлестеріміздің тыйым салынған заттан гөрі, жалпы шектеу дегеннің өзіне ерекше алаңдаулы екенін аңғарды.
Аяқ-киімдерге сонша жауыққан РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Олег Михеев деген екен. Әрине, оның ұсынысы негізсіз емес. Тым биік өкше де, сол секілді тым жайпақ табан да адам денсаулығына зиян екені ақиқат. Мұны барша жұрт жақсы біледі. Бірақ аяқ-киім таңдау құқығы барлық елде осыған дейін жеке тұлғаның өз еншісіне қалдырылып келген. Міне, бар мәселе осы арадан шығуда. Жеке тұлға құқығына қол сұғылған жерде дау-дамай басталары сөзсіз. Ал кеше КСРО кезінде цензурадан әбден жүрегі шайлығып, бүгіндері «осы тектес ұйымға қайтадан кіріп кеткен жоқпыз ба» деген үрейдегі жандарға жалпы тыйым атаулының қалай әсер ететіндігін айтпаса да түсінуге болар. Ғаламторда жарияланған осы ақпарат астына жазылған пікірлерден ұққанымыз, Кеден одағы аясындағы тыйым қазақстандықтарға жаман ырым боп көрінуде. Жазбалардан бірер мысал келтіре кетелік: «Орыс депутаттары біз үшін неге шешім қабылдайды?» немесе «Көтеріліп отырған мәселе – өзекті. Бірақ тыйыммен, өктемдікпен ештеңе шеше алмайсың». Бұл пікірлерден қазақтың өзінің тәуелсіздігі үшін алаң екенін, бізге ешкім өктемдік жүргізбесе деген ойларын анық аңғаруға болады. Сол секілді: «Ешкім жалаң аяқ жүрмейді ғой, яки импорттан бас тартып, кеңес заманындағыдай олардың өнімін екі есе бағаға аламыз» немесе «Барахолкаға жауыққандар осылар деген қаңқу сөз естіп едім, сол шын секілді ғой, орыс пен беларустың аяқ-киімдерін өткізу керек» деген сөздер де негізсіз емес сынды. Мұны халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбекұлы өз пайымымен былайша растайды:
– Мәселен, Ресей Федерациясы 2009-2013 жылдар аралығында әлемнің 50 шақты мемлекетіне 15 млн 278 мың пар аяқ-киім экспорттаса, оның ішіндегі қомақты үлес Қазақстанға тиесілі: 3 млн 173 мың пар. Әрине, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Мәскеу бұл тауардың экспортын арттыруға мүдделі болары сөзсіз. Киім-кешек пен аяқ-киім жағынан қытай мен қырғыздың қатты бәсекелес боп тұрғаны да рас. Сондықтан Алматыдағы арзан тауар нысанын жан-жаққа ыдыратып жіберу бәсекелестікпен күрес амалының бір түрі болуы ды ықтимал. Қалай дегенмен де бірыңғай одақты құрудағы мақсат – емін-еркін сауда қарым-қатынасын құруда ортақ нарықты бірігіп игеру. Оған келіскен екенбіз, енді осы негіздегі қадамдарға таңқалудың немесе байбалам салудың қажеті жоқ. Осыған дейін түріктің, қытайдың, қырғыздың тауарын тұтындық, енді орыс пен беларустікін сатып алатын боламыз. Одан, меніңше, ештеңе өзгермейді. Әрине, баға қымбаттауы мүмкін. Жалпы, өз өндірісімізді бір жолға қоймайынша, осылайша баз біреулер біздің халықтың қалтасын қағып кете беретін болады. Осыны ұғынатын уақыт әлдеқашан жетті емес пе?.. Мүмкін аталған одақ аясында биліктегілерге ес кірер, бұл да өзінше бір сабақ қой.
Сондай-ақ маман мұндай тыйым түрлерінің басқа нарықтарда да қылаң беретіндігіне бек сенімді. «Келесі кезек – автокөлік нарығы болуы мүмкін», – дейді ол. Осы жағынан алғанда, Дүниежүзілік сауда ұйымына еніп үлгермесек, импорт жағынан отандастарымыздың таңдауы осылайша шектеле беруі ықтимал. Ал қаржыгер-маман Ілияс Исаев бұл тыйымдар жайбасар қазақты орнынан қозғауға ықпал ететін фактор болса жақсы болар еді деп ойлайды.
Негізінен, алдында «регламентке сәйкес келмейтін» өнім ретінде Кедендік одаққа кіретін елдерде шілтерлі іш киімді тігуге, сырттан әкелуге және сатуға тыйым салынғанда да қоғамда наразылық акциясы бұрқ етіп еді. Осы жылдың ақпан айының ортасында саяси астары бар «шілтерлі іш киім бүлігіне» қатысқан үш әйелге «ұсақ бұзақылығы» үшін Алматының әкімшілік соты олардың әрқайсысына 100 АҚШ долларына жуық көлемде айыппұл салған болатын.
Жалпы жұрттың назарылығынан қорықты ма, әлде оның өзіндік себептері болды ма бүгіндері Еуразиялық экономикалық комиссиядағылар Олег Михеевтің ұсынысы күлкі туғызарлық, ол туралы бірінші рет естіп отырмыз деп мәлімдеп жатыр. «Ол бұл ұсынысын тек журналистерге ғана айтқан болар, ал кейіннен өз ойынан айнып та қалуы ықтимал ғой. Қалай дегенмен де бізге Михеевтен ондай хат кеп түскен жоқ» дейді Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметіндегілер. Ал бірер күн бұрын, яғни 19 маусымда РИА Новости мүлде басқаша ақпарат таратқан еді. Сөзбе-сөз келтіре кетелік: «Еуразиялық экономикалық комиссия Кеден одағының техникалық регламентіне медициналық ортопедиялық талаптарды енгізу туралы жаңа ұсынысты қарастыратын болады, алайда оның оң нәтиже беретіндігіне күмәнді, өйткені бұл арада ДСҰ нормаларына қатысты қиындықтар туындауы мүмкін» деп хабарлады РИА Новости агенттігіне ЕЭК-тен ақпарат беруші.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
– Қазақстан жұртшылығы тек экономикалық бас қосуға келісті. Ал саяси жағына түбегейлі қарсы. Сондықтан бұл одақ келісімшартына өз еркімен шығу пункті де енгізілді. Бірақ қоғамда үрей жоқ емес. Оны Кеден одағы аясындағы кез келген қадамды қоғамның тез қабылдап, талқылауға даяр тұруы айғақтай алады. Демек, қазақстандықтар болашағы үшін қатты алаңдаулы. Әсіресе, барша әлем қарсы тұрып, санкция енгізіп жатқан Ресеймен бас қосқанымыз қалай деген ой кез келгеннің мазасын қашырары анық. Бірақ заман талабы бізді осы интеграциялық жолға алып келгенін дұрыс түсінуіміз шарт. Бұл одақ егемендік алғаннан кейін арқасын кеңге салған қазақстандықтардың бойын тез жинап алып, дамуға нық аяқ басуына серпін беретін фактор бола алады деп ойлаймын. Үш мемлекет ішіндегі бәсекеде өз-өзімізді көрсететін сындарлы сәт туды. Жақсы ой ғана алға жылжытады. Сондықтан бұл бас қосу одан кейінгі аяқ басар экономикалық бірлестіктер алдындағы жаттығу деп ойлау керек.
Автор: Медет Олжаев
Жұлдыз
Радиосы