Заман ағымына орай бәсекелестікке қойылатын талап та қатайып тұр. Әлбетте, мұндай қатаң талапсыз ел межесі – озық 30-ға да іліге алмайсың. Қазір қазақстандық кәсіпкерлер Кеден одағы аясында бәсекеде шыңдалуда. Келесі сатыда Бірыңғай экономикалық кеңістікте көрік қыздыратын қазақстандық бизнестің көңіл күйі қандай? Әлбетте, бұл туралы түрлі пікір бар. Дегенмен депутаттар Кеден одағындағы қазақ бизнесі үшін тең жағдай жасалмағанын алға тартады.
Қазақстанда бәсекеге лайықты ортаны дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мен бизнес қауымдастықтың құқығын қорғауға жауапты агенттік жұмыс істейді. Бұл – Бәсекелестікті қорғау агенттігі. Мәжіліс алдындағы есебінде аталмыш агенттік төрағасы Болат Қуандықовтың баяндамасы, негізінен, Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің бәсекелестік туралы модельдік заңына еліміздің ұлттық заңнамасын үйлестіру тұрғысында өрбіген болатын. Бұл бағытта біздің агенттік біраз шаруаның басын қайырыпты. Айталық, Ресей мен Беларусь нарықтарына қазақстандық бизнестің қолжетімділігі үшін әкімшілік тосқауылдарды жоюға күш салыпты. Сосын қазақстандық агенттік өңірлік деңгейде интеграциялық үрдістердің сапасына шынайы әсер етуге қабілетті жаңа форматтағы Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңын құру туралы бастама жасапты. Төраға Болатбек Қуандықовтың айтуынша, бұл басқа алаңдарды қайталаушы орган емес, керісінше, оларды толықтыратын болады. «Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңының ерекшелігі – халықаралық ұйымдар қамтыған бәсекелестікті қорғау саласындағы бағыттарды жақсартумен байланыстырылып, өзінің «елдік ерекшелігі» ескерілетін болады. Аталмыш алаң ынтымақтастығы өзара мүддені білдіретін елдердің ғана монополияға қарсы органдарын, оның ішінде көршілес елдермен, сонымен бірге тауар айналымының көлемі және Қазақстандағы инвестициялар көлемі үлкен болатын елдермен біріктіретін болады», – дейді Болатбек Баянұлы. Ал Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңын құрудан бизнес не ұтады? Түсінгеніміз, басты артықшылықтардың бірі – біздің бизнес үшін тиімді ақпараттық орта құрылады. «Ақпарат кімнің қолында болса, бизнесте сол күшті» деген қағидаға сүйенсек, аса құптарлық екен дерсіз.
Бұдан бөлек, Болатбек Баянұлы басқаратын агенттік ел нарығындағы бәсекелестікке де талдау жасапты. Сол талдауға сүйенсек, еліміздегі цемент пен авиациялық керосин нарығында, интернетке қосылу желісінің бөлшек сауда нарығында бәсекелестік жеткілікті деңгейде емес. Сол секілді талдау нәтижесі доминанттар реестріне енгізілген вагон операторлығымен айналысатын қазақстандық субъектілерге қолданылатын бағалық реттеу шарасы шетелдік операторлардың реттеу тетігіне қарағанда тиімсіз екенін көрсеткен. «Себебі Кеден одағына мүше өзге елдерде осы қызмет саласындағы жұмыс жасайтын операторларға бізде қолданылатын тарифтік реттеу шаралары қарастырылмаған. Осыған байланысты агенттік Қазақстанда «электрондық ақпарат алаңын», яғни вагондардың электрондық биржасын құруды ұсынады. Бұл қазақстандық жүк тасымалдаушылардың қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және жүк вагондарының пайдалану қызметінің құнын төмендетуге мүмкіндік берер еді», – дейді Болатбек Қуандықов. Бұдан өзге, Болатбек Баянұлы АИ-80, АИ-92-93 маркалы бензин және дизель отынын бөлшек саудада өткізу нарығында да бірқатар түйінді мәселелерді алға тартады. Айтпақшы, өткен жолы Елбасы баспана бағасының тым шарықтап кеткеніне алаңдап, арнайы тексеру жүргізуді бұйырған. Осы баспана нарығындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және құрылыс нарығында бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу де агенттіктің құзыретінде екен. Әйтсе де «баспана бағасына қайтып бұғау саламыз?» дегенге агенттік басшысы ләм-мим демеді. Айтуынша, тұрғын үй нарығындағы бағаға қатысты арнайы қорытынды қараша айында жарыққа шығады. Солай болғанымен, Болатбек Қуандықов мырза еліміздің құрылыс нарығында күрделі мәселелер бар екендігін мойындайды. «Құрылыс материалдары нарығында белгілі бір бағытта тұрақтылық болғанымен, жекелеген түрлерінде баға «секіріп» тұрады. Мәселен, статистика бойынша кірпіш бағасы – 13,9 пайыз, цемент – 8,7 пайыз, темірбетон бұйымдары 8,3 пайызға өскені байқалады. Дегенмен қиыршық тасқа, металл құбырларға, жылу ұстағыш материалдарға баға төмендегені белгіленген. Жалпы, бұл нарық бақылауда. Біз жақында ғана цемент өнімдерінің нарығына сараптама жасадық. Қазақстанда 10 цемент зауыты болса, жалпы жүктеме жылына 65-70 пайызды құрайды. Сосын осы зауыттар құрылыс үдеген маусымда бағаны да «секіртіп» алатын көрінеді. Ондай фактілер тіркелген», – дейді Болатбек Қуандықов.
Ал интеграция мәселесіне келсек, агенттік ТМД елдерінің монополияға қарсы органдарымен бірлесіп, әуетасымалдау, телекоммуникация қызметі, азық-түлік тауарлары нарықтарына зерттеулер жүргізуде. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, электр энергиясы, роуминг қызметінің трансшекаралық нарықтарына да талдаулар жасаған. ТМД елдерінің монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің жұмысы шеңберінде астық нарығына талдау жүргізуді жоспарлап отыр екен.
Кеден одағы елдерімен салыстырғанда қазақстандық кәсіпкерлер жағдайы тең емес
Агенттік басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған депутаттар Кеден одағы секілді ортақ кеңістікте әрекет ететін елдер арасындағы бәсекелестікке мейлінше назар аударды. Белгілісі, бұл – қазақстандық бизнес қауымдастықты бұрыннан мазалап жүрген жайт. Айтпағымыз, көпшілік жағдайда, қазақ кәсіпкерлерінің Кеден одағы нарығында тең жағдайда әрекет ете алмайтыны еді. Ал мәжіліс депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов бұндай теңсіздікті бірқатар себептермен байланыстырады. «Біріншіден, бәсекелестікті шектейтін және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілер әлі бар. Бұларға – тауарларды Ресей аумағында транзиттеу мерзімінің ұзақтығы, шикізатты Ресей ауыл шаруашылығы министрлігінің тізілімінде тіркеуге орай ветеринариялық-санитариялық нормаларды қолдану тұрғысынан сертификаттау да жатады. Бұған қоса, қазақстандық өндірушілер Кеден одағының техникалық регламенттерін бекіткен кезде Ресей регламенттері негізге алынатынын айтып, наразылық білдіруде», – дейді депутат. Сосын Кеден одағы аясында қазақстандық кондитерлер де кемсітуге ұшырайды. Оның үстіне кондитер болсын, басқа болсын Кедендік одақта қойылған ортақ талапты тек қазақ тарапы ғана іске асырып жатқанға ұқсайды. Мысалы, импорттаушылар маркалау тіліне қойылатын бірыңғай талаптарды сақтамайды. «Қабылданған бірыңғай техникалық регламентке сәйкес, қазақстандық кондитерлердің өнімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде маркалануға тиіс. Қазақстандық өндірушілер мұндай талапты орындап жүр. Бірақ, негізінен, ресейлік, беларустық кәмпиттер қазақ тілінде маркаланбайды. Өкінішке қарай, осының бәрі біздің кәсіпкерлеріміздің құқықтарын қысымға ұшыратады. «Соның салдарынан Кеден одағының негізге алынған қағидаттары мен мақсаттары бұрмаланып, дұрыс түсінбеушілікке әкеп соғады», – дейді Сейітсұлтан Әйімбетов. Сөз арасында қазақстандық кәсіпкерлерді серпілту үшін депутат Әйімбетов «бизнес қызметіне мемлекеттің негізсіз араласуын тыю керек» деген ұсынысын да айтып қалды. «Біздің ойымызша, қазір жүргізіліп жатқан экономика салаларын монополиялық сипаттан арылту ісі нарық субъектілерін шығындарды азайтуға, бәсекелестік артықшылықтарды арттырып, өндірісті жаңғырту үшін инвестиция салуға ынталандырар еді», – дейді С.Әйімбетов. Оның айтуынша, осыған байланысты кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің негізсіз араласуын қысқарту жөнінде шаралар қабылдануы тиіс. Ал өз кезегінде кәсіпкерлер де тауарларын алға жылжыту жұмысын күшейтіп, бәсекелестік күреске мейлінше араласуы қажет.
Қазақстандық өнімге баға неге у-дай қымбатқа түседі?
Алдыға келген агенттік басшысына қойылған сауал барысында депутат Нұртай Сабильянов Қазақстанда шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілетсіздік мәселесін төтеден қойды. «Ауылшаруашылық өнімдерінің көптеген түрі – Ресейден, Қырғызстаннан, Қытай мен Беларусь елінен ағылып жатыр. Біздегі шаруа қожалықтары өз өнімін сырт тұрмақ ішке сата алмайды. Бағадағы бәсекелестік тым төмен, қауқары жоқ. Айтамыз, айтамыз – бәрі сол қалпында қалып жатыр. Мойындайық, ауыл шаруашылығы өнімінде басқа елдермен бәсекеге түсе алатын кәсіпорын жоқ, бізде. Құрып барады деген Қырғыз елінің өзі бізден жақсы бұйым шығарады», – дейді ашынған депутат Нұртай Салихұлы. Сосын депутат қызды-қыздымен қазіргі үкіметтік бағдарламамен ашылып жатқан инновациялық кәсіпорынның, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының басшыларын да түйіп өтті. Оның айтуынша, мұндай нысандардың тізгіні, негізінен, қолынан іс келмейтін, бизнестің аужайы мұрнына бармайтындарда тұр.
Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы да қазақстандық өндірушілердің бәсі төмендігін бірден мойындады. Сосын бір ғана қант нарығына жасалған талдауды алға тартты. «Қазақстанда бірнеше қант зауыты бар. Алайда елдегі қанттың 75 пайызы сырттан келеді. Неге? Өйткені елімізде өндірілетін қызылша да, оның тасымалы да, оның өңделген өнімі де қымбат, сосын сату бағасы шарықтап, у-дай болып бір-ақ шығады. Айналып келгенде, Қазақстанда өндіріліп, Қазақстанда өңделген қанттың бағасы сонау айдаладағы Украинадан келген қанттың бағасынан әлдеқайда қымбат болып кетеді», – дейді Болатбек Қуандықов. Оның айтуынша, бұған, негізінен, субсидия саясаты барынша әсер етіп отырғанға ұқсайды. Екінші бір мәселе, қазақстандық саудада делдал көп. Олар бағаны құбылтуға жақын тұрады. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы әлгі қант өндіру секілді зауыттарда біздің көршілестердің бәрі дерлік заманауи технологияға ауысып кеткен. Ал қазақстандық кәсіпорын әлі көш соңында. «Мәселен, мұнайға бай Атыраудағы зауыт пен мұнайдан мақұрым Беларусь еліндегі мұнай зауытының өнім алып қараңыз, екеуінің шығару қабілеті әрқилы. Яғни өңдеу өнімділігі заттың бағасының бәсекелестігін тудырып отыр», – деп түйіндейді Болатбек Қуандықов.
Шындығын айтқанда, қазақстандық өнім үшін бәсекелестік деген дүниенің өзі бір жағынан ұятты мәселе секілді. Оның үстіне Кедендік одақта жағдайымыз мұндай болса, ертеңгі Дүниежүзілік сауда ұйымында не боламыз? Түптеп келгенде, ойланып, толғанатын уақыт баяғыда-ақ өткен, нәтиже шығаратын мезгілдің де сырғып өтіп бара жатқанын айтқымыз-ақ келеді. Айтып та жүрміз.
Кеден одағындағы Қазақстан мүддесін басқаға ұқтырудың жолы жоқ па?
17 қыркүйек 2013, 14:04
