Саяси сахна

Кеден одағындағы Қазақстан мүддесін басқаға ұқтырудың жолы жоқ па?

  • Кеден одағындағы Қазақстан мүддесін басқаға ұқтырудың жолы жоқ па?

    Кеден одағындағы Қазақстан мүддесін басқаға ұқтырудың жолы жоқ па?

Заман ағымына орай бәсекелестікке қойылатын талап та қатайып тұр. Әлбетте, мұндай қатаң талапсыз ел межесі – озық 30-ға да іліге алмайсың. Қазір қазақстандық кәсіпкерлер Кеден одағы аясында бәсекеде шыңдалуда. Келесі сатыда Бірыңғай экономикалық кеңістікте көрік қыздыратын қазақстандық бизнестің көңіл күйі қандай? Әлбетте, бұл туралы түрлі пікір бар. Дегенмен депутаттар Кеден одағындағы қазақ бизнесі үшін тең жағдай жасалмағанын алға тартады.
Қазақстанда бәсекеге лайықты ортаны дамыту, кәсіпкерлікті қолдау мен бизнес қа­уымдастықтың құқығын қорғауға жа­уап­ты агенттік жұмыс істейді. Бұл – Бәсе­келестікті қорғау агенттігі. Мәжіліс алдын­дағы есебінде аталмыш агенттік төрағасы Болат Қуандықовтың баяндамасы, негі­зі­нен, Бірыңғай экономикалық кеңістік ел­де­рінің бәсекелестік туралы модельдік заңына еліміздің ұлттық заңнамасын үй­лес­тіру тұрғысында өрбіген болатын. Бұл бағытта біздің агенттік біраз шаруаның басын қайырыпты. Айталық, Ресей мен Беларусь нарықтарына қазақстандық биз­нестің қолжетімділігі үшін әкімшілік тос­қа­уылдарды жоюға күш салыпты. Сосын қа­зақ­стандық агенттік өңірлік деңгейде ин­теграциялық үрдістердің сапасына шы­найы әсер етуге қабілетті жаңа форматтағы Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынты­мақ­тастық алаңын құру туралы бастама жа­сапты. Төраға Болатбек Қуандықовтың ай­туынша, бұл басқа алаңдарды қайта­лау­шы орган емес, керісінше, оларды то­лықтыратын болады. «Еуразиялық бәсеке­лестік жөніндегі ынтымақтастық алаңының ерекшелігі – халықаралық ұйымдар қам­ты­ған бәсекелестікті қорғау саласындағы бағыттарды жақсартумен байланыстыры­лып, өзінің «елдік ерекшелігі» ескерілетін болады. Аталмыш алаң ынтымақтастығы өзара мүддені білдіретін елдердің ғана монополияға қарсы органдарын, оның ішінде көршілес елдермен, сонымен бірге тауар айналымының көлемі және Қазақ­стандағы инвестициялар көлемі үлкен бо­ла­тын елдермен біріктіретін болады», – дей­ді Болатбек Баянұлы. Ал Еуразиялық бәсекелестік жөніндегі ынтымақтастық алаңын құрудан бизнес не ұтады? Түсінге­німіз, басты артықшылықтардың бірі – біз­дің бизнес үшін тиімді ақпараттық орта құ­ры­лады. «Ақпарат кімнің қолында бол­са, бизнесте сол күшті» деген қағидаға сү­йен­сек, аса құптарлық екен дерсіз.
Бұдан бөлек, Болатбек Баянұлы басқа­ра­тын агенттік ел нарығындағы бәсекелес­тік­ке де талдау жасапты. Сол талдауға сү­йен­сек, еліміздегі цемент пен авиациялық керосин нарығында, интернетке қо­сылу желісінің бөлшек сауда нарығында бәсе­келестік жеткілікті деңгейде емес. Сол секілді талдау нәтижесі доминанттар ре­естрі­не енгізілген вагон операторлығымен айналысатын қазақстандық субъектілерге қолданылатын бағалық реттеу шарасы шетелдік операторлардың реттеу тетігіне қарағанда тиімсіз екенін көрсеткен. «Се­бебі Кеден одағына мүше өзге елдерде осы қызмет саласындағы жұмыс жасайтын операторларға бізде қолданылатын та­риф­тік реттеу шаралары қарастырылмаған. Осыған байланысты агенттік Қазақстанда «электрондық ақпарат алаңын», яғни ва­гон­дардың электрондық биржасын құру­ды ұсынады. Бұл қазақстандық жүк тасы­мал­даушылардың қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға және жүк вагон­да­рының пайдалану қызметінің құнын тө­мендетуге мүмкіндік берер еді», – дейді Болатбек Қуандықов. Бұдан өзге, Болатбек Баянұлы АИ-80, АИ-92-93 маркалы бен­зин және дизель отынын бөлшек саудада өткізу нарығында да бірқатар түйінді мә­се­лелерді алға тартады. Айтпақшы, өткен жолы Елбасы баспана бағасының тым ша­рықтап кеткеніне алаңдап, арнайы тексеру жүргізуді бұйырған. Осы баспана нары­ғын­дағы бағаның негізсіз өсуіне жол бер­меу және құрылыс нарығында бәсекелес­тікті дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзір­леу де агенттіктің құзыретінде екен. Әйтсе де «баспана бағасына қайтып бұғау сала­мыз?» дегенге агенттік басшысы ләм-мим демеді. Айтуынша, тұрғын үй нарығындағы бағаға қатысты арнайы қорытынды қара­ша айында жарыққа шығады. Солай бол­ғанымен, Болатбек Қуандықов мырза елі­міз­дің құрылыс нарығында күрделі мәсе­лелер бар екендігін мойындайды. «Құры­лыс материалдары нарығында белгілі бір бағытта тұрақтылық болғанымен, жеке­ле­ген түрлерінде баға «секіріп» тұрады. Мә­селен, статистика бойынша кірпіш бағасы – 13,9 пайыз, цемент – 8,7 пайыз, темір­бетон бұйымдары 8,3 пайызға өскені бай­қалады. Дегенмен қиыршық тасқа, металл құбырларға, жылу ұстағыш материалдарға баға төмендегені белгіленген. Жалпы, бұл нарық бақылауда. Біз жақында ғана це­мент өнімдерінің нарығына сараптама жа­са­дық. Қазақстанда 10 цемент зауыты бол­са, жалпы жүктеме жылына 65-70 па­йыз­ды құрайды. Сосын осы зауыттар құ­ры­лыс үдеген маусымда бағаны да «секір­тіп» алатын көрінеді. Ондай фактілер тір­кел­ген», – дейді Болатбек Қуандықов.
Ал интеграция мәселесіне келсек, аг­ент­тік ТМД елдерінің монополияға қар­сы органдарымен бірлесіп, әуетасы­малдау, телекоммуникация қызметі, азық-түлік тауарлары нарықтарына зерттеулер жүргі­зуде. Сондай-ақ Еуразиялық экономика­лық комиссиямен бірлесіп, электр энер­гия­сы, роуминг қызметінің трансшекара­лық нарықтарына да талдаулар жасаған. ТМД елдерінің монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің жұ­мысы шеңберінде астық нарығына талдау жүргізуді жоспарлап отыр екен.

Кеден одағы елдерімен салыстырғанда қазақстандық кәсіпкерлер жағдайы тең емес
Агенттік басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған депутаттар Кеден одағы секілді ортақ кеңістікте әрекет ететін елдер арасындағы бәсекелестікке мейлінше на­зар аударды. Белгілісі, бұл – қазақ­стандық бизнес қауымдастықты бұрыннан мазалап жүрген жайт. Айтпағымыз, көпшілік жағ­дай­да, қазақ кәсіпкерлерінің Кеден одағы нарығында тең жағдайда әрекет ете ал­май­тыны еді. Ал мәжіліс депутаты Сейіт­сұл­тан Әйімбетов бұндай теңсіздікті бір­қатар себептермен байланыстырады. «Бі­ріншіден, бәсекелестікті шектейтін және биз­нестің дамуына кедергі келтіретін әкім­шілік кедергілер әлі бар. Бұларға – тауар­ларды Ресей аумағында транзиттеу мерзі­мі­нің ұзақтығы, шикізатты Ресей ауыл шар­уашылығы министрлігінің тізілімінде тіркеуге орай ветеринариялық-санитария­лық нормаларды қолдану тұрғысынан сер­тификаттау да жатады. Бұған қоса, қа­зақ­стандық өндірушілер Кеден одағының техникалық регламенттерін бекіткен кезде Ресей регламенттері негізге алынатынын айтып, наразылық білдіруде», – дейді де­путат. Сосын Кеден одағы аясында қазақ­стандық кондитерлер де кемсітуге ұшы­райды. Оның үстіне кондитер болсын, бас­қа болсын Кедендік одақта қойылған ортақ талапты тек қазақ тарапы ғана іске асырып жатқанға ұқсайды. Мысалы, им­порт­таушылар маркалау тіліне қойылатын бірыңғай талаптарды сақтамайды. «Қа­был­данған бірыңғай техникалық регла­мент­ке сәйкес, қазақстандық кондитер­лер­дің өнімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде маркалануға тиіс. Қазақстандық өндірушілер мұндай талапты орындап жүр. Бірақ, негізінен, ресейлік, беларустық кәмпиттер қазақ тілінде маркаланбайды. Өкінішке қарай, осының бәрі біздің кәсіп­керлеріміздің құқықтарын қысымға ұшы­ратады. «Соның салдарынан Кеден одағы­ның негізге алынған қағидаттары мен мақ­саттары бұрмаланып, дұрыс түсінбеу­ші­лік­ке әкеп соғады», – дейді Сейітсұлтан Әйімбетов. Сөз арасында қазақстандық кә­сіпкерлерді серпілту үшін депутат Әйім­бетов «бизнес қызметіне мемлекеттің не­гізсіз араласуын тыю керек» деген ұсы­ны­сын да айтып қалды. «Біздің ойымызша, қазір жүргізіліп жатқан экономика салала­рын монополиялық сипаттан арылту ісі нарық субъектілерін шығындарды азай­ту­ға, бәсекелестік артықшылықтарды артты­рып, өндірісті жаңғырту үшін инвестиция са­луға ынталандырар еді», – дейді С.Әй­ім­бетов. Оның айтуынша, осыған бай­ла­нысты кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің негізсіз араласуын қысқарту жөнінде ша­ралар қабылдануы тиіс. Ал өз кезегінде кәсіпкерлер де тауарларын алға жылжыту жұмысын күшейтіп, бәсекелестік күреске мейлінше араласуы қажет.
Қазақстандық өнімге баға неге у-дай қымбатқа түседі?
Алдыға келген агенттік басшысына қо­йыл­ған сауал барысында депутат Нұртай Сабильянов Қазақстанда шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілетсіздік мәселесін төтеден қойды. «Ауылшаруашылық өнімдерінің көпте­ген түрі – Ресейден, Қырғызстаннан, Қы­тай мен Беларусь елінен ағылып жатыр. Біздегі шаруа қожалықтары өз өнімін сырт тұрмақ ішке сата алмайды. Бағадағы бәсе­келестік тым төмен, қауқары жоқ. Айта­мыз, айта­мыз – бәрі сол қалпында қалып жатыр. Мойындайық, ауыл шаруашылығы өні­мінде басқа елдермен бәсекеге түсе ала­тын кәсіпорын жоқ, бізде. Құрып бара­ды деген Қырғыз елінің өзі бізден жақсы бұйым шығарады», – дейді ашынған де­пу­тат Нұртай Салихұлы. Сосын депутат қыз­ды-қыздымен қазіргі үкіметтік бағдар­ламамен ашылып жатқан инновациялық кәсіпорынның, әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порацияларының басшыларын да түйіп өтті. Оның айтуынша, мұндай ны­сан­дар­дың тізгіні, негізінен, қолынан іс кел­мейтін, бизнестің аужайы мұрнына бар­май­тындарда тұр.
Өз кезегінде Бәсекелестікті қорғау аг­ент­тігінің төрағасы да қазақстандық өнді­ру­шілердің бәсі төмендігін бірден мойын­дады. Сосын бір ғана қант нарығына жа­сал­ған талдауды алға тартты. «Қазақстанда бірнеше қант зауыты бар. Алайда елдегі қанттың 75 пайызы сырттан келеді. Неге? Өйткені елімізде өндірілетін қызылша да, оның тасымалы да, оның өңделген өнімі де қымбат, сосын сату бағасы шарықтап, у-дай болып бір-ақ шығады. Айналып келгенде, Қазақстанда өндіріліп, Қазақ­стан­да өңделген қанттың бағасы сонау айдаладағы Украинадан келген қанттың бағасынан әлдеқайда қымбат болып ке­теді», – дейді Болатбек Қуандықов. Оның айтуынша, бұған, негізінен, субсидия сая­са­ты барынша әсер етіп отырғанға ұқсай­ды. Екінші бір мәселе, қазақстандық сау­да­да делдал көп. Олар бағаны құбылтуға жақын тұрады. Үшіншіден, ауыл шаруашы­лы­ғы саласындағы әлгі қант өндіру секілді зауыттарда біздің көршілестердің бәрі дер­лік заманауи технологияға ауысып кет­кен. Ал қазақстандық кәсіпорын әлі көш соңында. «Мәселен, мұнайға бай Атырау­да­ғы зауыт пен мұнайдан мақұрым Бела­русь еліндегі мұнай зауытының өнім алып қараңыз, екеуінің шығару қабілеті әрқилы. Яғни өңдеу өнімділігі заттың бағасының бәсекелестігін тудырып отыр», – деп тү­йіндейді Болатбек Қуандықов.
Шындығын айтқанда, қазақстандық өнім үшін бәсекелестік деген дүниенің өзі бір жағынан ұятты мәселе секілді. Оның үстіне Кедендік одақта жағдайымыз мұн­дай болса, ертеңгі Дүниежүзілік сауда ұйы­мында не боламыз? Түптеп келгенде, ойланып, толғанатын уақыт баяғыда-ақ өт­кен, нәтиже шығаратын мезгілдің де сыр­ғып өтіп бара жатқанын айтқымыз-ақ келеді. Айтып та жүрміз.




Көрілген: 774    Пікірлер: 0

сейсенбі, 17.09.2013, 14:04

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31