Кенжехан МАТЫЖАНОВ: Отандық тарихты адамзат тарихымен ұластырудың жаңа ұстанымдары

22 қараша 2018, 10:06

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа еңбегі жалпы адамзат тарихына, соның ішінде біздің Отандық тарихымызға тосын, тың серпіліс әкелетін, болашақ ұрпақты өзінің тарихымен, ұлы мәдениетімен мақтана алатын асқаралы, биікке бастайтын іргелі бастама.
Бұл мақаланың алтын өзегі – Отандық тарихқты адамзат тарихына ұластырудың жаңа ұстанымдары деп тұжырымдауымызға болады. Өйткені тарих мәселесіне, ел тарихына, біздің ежелгі дәуірлерімізге қатысты “ақтаңдақтар” өте көп. Сол шежірелі тарихымыздың адамзат өркениетімен қалай ұштасатынына осы уақытқа дейін толық жауап берілген жоқ. Бұл мәселені Елбасы көптен бері қозғап келеді. «Ғасырлар тоғысы», «Тарих толқынында» атты кітаптарында тарихты әр қырынан баяндап келгені белгілі. Аталмыш еңбекте сол ойларды жинақтап, жүйелеп, жаңа бір кезеңдік биікке көтеріп, адамзат тарихындағы біздің Ұлы дала орнын қайта қарау жөнінде тың тұжырым ұсынып отыр. Тұтастай алғанда «Ұлы даланың жеті қыры» дер кезінде, орайлы сәтінде шыққан бағдарламалық кешенді еңбек. Біз Француз, неміс, грек, италиян, испан елдерінің тарихын жақсы білеміз. Олардың адамзат тарихына алып келген өркениеттерінен де хабардармыз. Бірақ адамзаттың тарихы дегеніміз – бір ұлттың, бір халықтың тарихы емес. Ол –бір бітімнен тұратын жалпы жер бетінің тұтас тарихы. Осы тұрғыдан келгенде, қазіргі италияндықтар өздеріне Рим империясын, гректер өздеріне грек өркениетін иемденеді. Ал сол кезде біздің Ұлы даламызда қандай жағдайлар болды? Қазіргі дүние тарихынан бұл сауалға жарытымды жауап таба алмаймыз. Елбасы планетамыздың әр түкпірінде қазіргі бізге мәлім өркениеттер дәуірлеп тұрған кезеңде біздің Ұлы даламызда да сол дәуірлерге лайық өркениеттер бастамасы болғандығын ғылыми ашылымдарға сүйене отырып жүйелеп баяндайды. Мақаланың алғашқы тарауы – «Атқа міну мәдениетінен» басталады. Атқа міну мәдениеті дегеніміз – оның түп-тарихында “жүйрік баптап, жорға міну” ғана емес, адамзат баласына қосылған ұлы дала мәдениеті жатыр. Археологтарымыз «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары арқылы жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Осы арқылы алғашқы жылқыны қолға үйрету мәдениеті біздің Ұлы далада басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Жылқыны қолға үйрету арқылы көшпенділер жаңа өркениетке қол жеткізді. Сол арқылы дүниеге атқа міну үшін ауыздық, үзеңгі, шалбар киу сияқты мәдениет қоса келді. Ол сол дәуір үшін революцияға теңдес құбылыс еді. Не болмаса, металлды ойлап табу. Алтайдың, Алатау, Қаратаудың, Сарыарқаның қойнауынан табылып жатқан ежелгі кен орындарының арғы тарихына үңілер болсақ, оның негізі темір, қола дәуіріне тартатыны белгілі. Мұның бәрі Ұлы дала төсінің адамзат өркениетіне толассыз үлес қосып отырғандығының белгісі. Біздің елімізден осы кезге дейін төрт «Алтын адам» табылды. Ол – “алтынмен аптап, күміспен күптелген” дүние ғана емес, сол дәуірдің өзінде ерекше өнер мен шеберлік технологияның болғандығының айғағы. Мәселен, «Алтын адамдардағы» әшекейлерді алып қарайтын болсақ, зергерлік өнер туындысы қандай ғажап! Оның көркем өрнектері қазіргі өнердің өзіне өнеге бере алады. «Берел» қорғанынан табылған ескерткіштердегі әшекейлер жоғары мәдениетпен жасалған. Әшекей бұйымдарын тіккен айрықша нәзік, жіңішке жібі бүгінгілердің өзін таң қалдыруда. Ата-бабаларымыздың адамзаттық өркениетке үлкен үлес қосқандығын, өнерге, мәдениетке, жалпы адамның өмір сүру салтына қосқан үлесінің қомақты екенін көруге болады. Оның астарында сол дәуірдегі біздің ата-бабаларымыздың кең де, терең дүниетанымы көрініс береді...
«Аң стилі» деген тіркесті ғылыми айналысқа тұңғыш рет Алтайдағы Минусин ойпатына археологиялық қазба жұмысын жүргізген ғалым В.В. Радлов енгізген. Осы бір тамаша жәдігерлердің біздің тарихымызға етене байланысты екендігі көп айтылмайды. Біздің көне тарихымыздың түбі – тұңғиық, тамырымыз – терең. Фольклорымыз бен музыкамыздың өзі ешбір халықтың мәдениетіне ұқсамайтын ерекше құбылыс. Тіпті, басқаны айтпағанның өзінде туысқан өзбек халқының өзінен ерекшеленіп тұрады. Осыдан-ақ, төлтума қазақ музыка өнерінің тамыры тереңде, шалқары кең жатқанын көруге болады. Мәселен, әлемде 100 томдық «Бабалар сөзін» шығарған халық кемде-кем. Одан бөлек, тағы да осыған жуық фольклорлық мұраларымыз бар екенін айтуымызға болады. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында 500 мыңнан астам қолжазба бар. Біздің бүкіл фольклорлық мұрамыз сол қолжазбаларда тұр. Әлі де хатқа түскен, жинақталмаған мәдени мұрамыз қаншама! Елімізде жүздеген ежелгі дәуір әдеби ескерткіштер бар. Мұның бәрін жинақтап үлгерген жоқпыз. Әлемдік қорларда жатқан тарихи мұраны жинақтап, елге жеткізуіміз керек. «Архив – 2025» бағдарламасы осы тұрғыдан келгенде, дер кезінде қолға алынып отыр. Мәселен, Дрезден кітапханасында, Лувр музейінде, Лондон кітапханаларында, мына жақта Қытай, Иран, Египетте жатқан жәдігерлеріміз қаншама!? Осының бәрін жинақтап, жарыққа шығарып, ғылыми айналысқа салу – үлкен еңбекті қажет ететіні белгілі. Сондықтан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі – тарихқа жаңа көзқарас, тарихи сананы жаңғыртудың мүлде тың көрінісі.
Енді осы тұжырымдамалық ойды тарата баяндап, тереңдей зерттеу бүгінгі зиялы қауымның азаматтық парызы болуы керек. Бұл еңбектің келешекке үлкен бағдар түзген кешенді жоба екендігі даусыз.