«Құпия 1 млрд теңге қайда жұмсалды?» - министр жауап берді

13 наурыз 2022, 23:54

Қаржы тиісті мақсатта игерілді.

Биыл мемлекеттік ақпараттық тапсырысты іске асыруға қазынадан 50 млрд теңгеден астам қаражат жоспарланған.

Бұл соманың 1 миллиард теңгесінің қайда жұмсалғаны белгісіз. Өйткені, бұл шығын "құпия" дерекке жататын көрінеді. 

Ulysmedia.kz тілшісі Махамбет Абжан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтан 1 млрд теңге қандай "құпия" мақсатқа жұмсалғанын сұрады. 

"Біле білсеңіз, әрбір қаржының игерілу санаттары болады. Соның ішінде мақсаты жария етілмейтін санат та бар. Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат саласынан басқа, дін, азаматтық қоғам, этносаралық қатынастар сияқты салалардағы уәкілетті органдар қатарына жатады. Тиісінше, әлгі "құпия" санат осы салалардың кез келгеніне қатысты болуы мүмкін. Бірақ біздің оны жариялауға құқығымыз жоқ. Мен айта алатын жалғыз нәрсе - ол қаржы тиісті мақсатта игерілді. Оны тек ақпарат саласымен байланыстыру дұрыс емес", - деп түсіндірді Омаров.

Журналист министрден аталған салалардың қайсысына қанша қаражат жоспарланғанын да сұрады. Омаров, өкінішке қарай, бұл ақпаратты да айта алмайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, 16 ақпан күні  Ulysmedia.kz тілшісі бұл мәселені Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Болат Тілеповпен талқылаған болатын. Ол кезде де шенеунік бұл ақпараттың өзінде жоқ екенін айтқан. Себебі, ол азаматтық қоғам саласына жетекшілік етеді.

Демек, ведомство жетекшілік ететін ақпарат пен азаматтық қоғам салаларын айтпағанда, құпияланған 1 млрд теңге дін мен этносаралық қатынастар бағытында мемлекеттік тапсырысты орындауға жұмсалуы мүмкін. Яғни, Қазақстандағы деструктивті діни ұйымдармен күресумен байланысты деп те болжауға болады.