Қытай Украина мен Ресей арасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді

22 ақпан 2022, 16:15

Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Қытай Украинадағы жағдайдың "нашарлауына" алаңдайтынын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайдың мемлекеттік кеңесшісі Ван И АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлескен кезде барлық тарапты сабырлық танытып, келіспеушілікті диалог арқылы шешуге шақырғанын қайталады.

 
Қытай Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, кез келген елдің заңды қауіпсіздік мәселелеріне құрметпен қарау керек екенін айтты.

"Украина мәселесіне қатысты Қытай тарапының ұстанымы дәйекті, кез келген елдің заңды қауіпсіздік алаңдаушылығы құрметтеліп, БҰҰ жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттары қорғалуы керек", - деді Ван И.
Ол Пекиннің Украинадағы жағдайдың дамуын мұқият қадағалап отырғанын және барлық тараппен байланысын жалғастыратынын айтты.

Бұған қоса, Қытай халық республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Чжан Цзюньдің айтуынша, Бейжіңде Украина төңірегіндегі дағдарысты реттеу барлық мүдделі тараптың алаңдаушылығын ескере отырып, диалог пен консультацияға сай өтуі тиіс деп санайды.

"Украинадағы жағдайға көптеген күрделі фактор әсер етті. Біздің ойымызша, барлық халықаралық даулар мен келіспеушіліктер бейбіт жолмен шешілуі керек", - деді дипломат БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында.
Чжан Цзюнь Қытайдың бар алаңдаушылықтарды ескере отырып, Украина мәселесін дипломатиялық жолмен шешуге бағытталған барлық күш-жігерін құптайтынын және барлық тарапты жағдайдың шиеленісуіне әкелетін әрекеттерден бас тартуға шақыратынын айтты.