Мәжіліс депутаты ұшақ бортында адам өмірін сақтап қалды

13 маусым 2022, 19:54

Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов Алматыдан Сеулге ұшқан ұшақ бортында адам өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Парламент палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Air Astana әуе компаниясы Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовке 30 сәуірде Алматыдан Сеулге ұшқан ұшақтағы жолаушының өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс білдірді. Осыған орай бүгін Мәжілісте Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостердің атынан компания өкілдері оған алғыс хат пен арнайы сыйлық табыс етті", - делінген хабарламада.

 
Оқыс оқиға 2022 жылғы 30 сәуірде Алматы - Сеул бағытында ұшқан ұшақта болған. Авиатасымалдаушы компания мәліметінше, ұшақ бортында жолаушылардың бірінің қысымы төмендеп, есінен танып қалған. Бортсеріктер салондағы жолаушылар арасынан медицина қызметкерлерін іздеген. Оған ер адам көмекке келген. Ол кейін шетелге іссапармен бара жатқан Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов екені белгілі болды. Оның негізгі мамандығы - дәрігер. 

Ғалымжан Елеуовтың айтуынша, адам ес-түссіз күйде, клиникалық өлім жағдайында болған. Оның қысымы төмендеп, тамыр соғысы сиреген, соған орай жедел түрде жансақтау шаралары жүргізілген.

Мәжіліс депутаты жолаушының жүрек қызметін қалпына келтіріп, жағдайы жақсаруына көмектескен. Осылайша, ұшақ жақын маңдағы қалаға шұғыл қонуы қажет болған, дегенмен 37 жастағы ер адамның жағдайы қалыпқа келіп, ұшақ әрі қарай бағытын жалғастырған.

Ғалымжан Елеуов 1978 жылы 10 қазанда Ақтөбеде дүниеге келген. Жоғары медициналық және жоғары заңгерлік білімі бар. Ол - медицина ғылымдарының кандидаты. 2001 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясын "хирургия" мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта аспирантурада оқыған. 2008 жылы елордадағы Қазақ мемлекеттік заң академиясын "Құқықтану" мамандығы бойынша бітірген.

2021 жылы Мәжіліс депутаты болды.