Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Мемлекет басшысы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады

28 желтоқсан 2022, 18:02

Президентке биыл 11 айда қаржы нарығын дамыту және қаржы ұйымдарын реттеу жөнінде атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына биылғы күрделі макроэкономикалық жағдайларға қарамастан банк секторының тұрақтылығы мен орнықтылығы қамтамасыз етілгені жөнінде баяндалды. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктердің активтері жыл басынан бері 14,4 пайызға өсіп, 43,1 триллион теңгеге жеткен. Халықтың салымдары 16,8 пайызға немесе 15,7 триллион теңгеге дейін көбейген.

 

Сонымен қатар экономиканы кредиттеу ісін ынталандыру мақсатында  Агенттік капитал босатуға және өтімділікке қатысты реттеу шараларын қабылдап, кепілзат саясатына қойылатын талаптарды жеңілдетті.  Нәтижесінде экономиканы кредиттеу көрсеткіші жыл басынан бері 20,1 пайызға немесе 22,2 триллион теңгеге дейін артты. Оның ішінде бизнесті кредиттеу көлемі 7,3 пайызға немесе 8,3 триллион теңгеге дейін өскен, сондай-ақ шағын және орта бизнесті кредиттеу көрсеткіші 8,6 пайызға немесе 4,9 триллион теңгеге дейін ұлғайған.

 

Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу шаралары туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, микрокредиттердің сыйақы мөлшерлемесі төмендетіліп, борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу тәсілі қатаңдатылды. Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚО) проблемалық кредиттермен жұмыс істеу жөніндегі жеке жоспарлары қабылданды. Жалпы микроқаржы және коллекторлық ұйымдардың қызметіне қойылатын талап күшейді. Биыл 23 микроқаржы ұйымы мен 35 коллекторлық агенттіктің қызметі тоқтатылды.

 

Агенттік төрағасының мәліметінше, сақтандыру нарығында жаңа әлеуметтік сақтандыру өнімдері енгізіліп, сақтандыру қызметтерін цифрландыру үшін жағдай жасалған. Қор нарығында жеке санаттағы инвесторларды қорғау шаралары күшейтілді. Олардың саны екі жылда 4 есе артып, 526 мыңға жеткен.

 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу ісін одан әрі дамытуға және осы салада тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар міндет  жүктеді.